Қазақ халқының салт-дәстүріне, тіліне және халық әндеріне өзге ұлтты оқушылардың ынта-ықыласын арттыруға Олеся Гафарованың қосып жүрген үлесі зор. Ол аудан орталығындағы №2 орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі әрі тәрбиелік шараларды ұйымдастырушы болып жұмыс істейді.
Оқушыларды әннің тереңіне бойлатып, олардың құлақ құрышын қандыратын өзіндік әуенімен таныстыратын біздің кейіпкеріміз Олеся Арқалық қаласындағы педагогикалық институтта білім алған. Оқу орнын тәмамдаған соң, алғашқы еңбек жолын Рентабельный ауылдық мектебінде бастапты. Өзінің өмірлік арманын ұстаздықпен байланыстыруы тегіннен тегін емес еді. Анасы ұзақ жылдар бойы педагогика саласында қызмет етіп келеді. Сол себепті, ол анасының жолын жалғап, қиын да қызықты мамандықты таңдауға бел буған.
Он сегіз жылдық тәжірибесі бар білікті ұстаз қазақ және орыс тілдерінде сабақ береді. Қазақ тілін арнайы курстарға барып, одан қалды үйде қосымша әдістемелік оқулықтарды оқу арқылы меңгеріп алыпты. Еңбекқор ұстаз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үштұғырлы тіл саясатын қолдап, бүгінде ағылшын тілін үйреніп жүр. Өз елінің патриоты ретінде мектепішілік шараларды өткізуде мемлекеттік тілге басымдық береді екен. Сабақтан тыс уақытта оқушыларымен қазақша сөйлесіп, тілдің қолданылу аясын кеңейтуге сүбелі үлесін қосып келеді. Осы ретте, біздің кейіпкеріміз тілді қазақтың халық әндері арқылы үйретеді. Олеся Фанильевна 11 этнос өкілінен тұратын 200-ден астам балаға жаныңды баурап алар ән құдыретінің сиқырын ұғындыруда. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі ретінде ұлтаралық қатынасты нығайтуға да баса көңіл бөледі. Айтар болсақ, өз сабақтарында әр ұлттың әндерін орындау арқылы оқушылардың бойында өзге халықтың мәдениетіне деген құрметін қалыптастыруда.
– Барлық оқушыларымның музыкаға деген қызығушылығы жоғары. Олар мектепішілік, аудандық байқауларға қатысып жүлделі орындарды иеленуде. Соның бірі, Зина Ақжанбаева бүгінде Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжде білім алады. Ол қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдеріндегі әндерді шебер орындап, түрлі сайыстарда ауданымыздың мерейін асқақтатып жүр, – деп мақтанышпен баян етті.
Олеся Гафарова өнегелі ұстаз болумен қатар аяулы жар, асыл ана. Оның Сәния, Аида және Равиль есімді балапандары бар. Балалары қазақ тілін меңгеруде. Оның шаңырағынан қонақ үзілмейді. Әрдайым қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, татар ұлтының тәттілерін пісіреді екен. Осындай, қазақ тілінің болашағы үшін талпынып жүрген ел азаматтарының қатары одан әрі толыға берсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жақсы ауданы.