Алтыншы шақырылған Ақмола облыстық мәсли-хатының кезекті бесінші сессиясы болып өтті. Сессияда Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің «Ақмола облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндетін орындау туралы» есебі тыңдалды. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары мен аппаратының басшысы, қалалар мен аудандардың әкімдері, облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшылары, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, облыстық, аудандық және қалалық Қоғамдық кеңестердің мүшелері, қоғамдық, үкіметтік емес, жастар ұйымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияны облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Дулат Нұрмолдин ашып, жүргізіп отырды. Сессияда күн тәртібіндегі мәселе бо-йынша облыс әкімі Сергей Кулагин баяндама жасады.
Өңір басшысы өз есебінде бүгінгі таңда қоғам мен мемлекеттің күш-жігері Қазақстанның даму беталысын анықтайтын стратегиялық құжаттарды ойдағыдай жүзеге асыруға бағытталғанын және әлемнің ең дамыған елдерінің әлемдік рейтингісінде оның орнын анықтау керектігін атап өтті. Бүгінгі таңда өңірлерде азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың экономикалық, қоғамдық, мәдени және рухани өмірге қатысуы үшін қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары белсенді қатысуда. Облыс әкімінің есебінде 22 шілде мен 26 тамыз аралығында өткен қала мен аудан әкімдері есептерінің қорытындысы шығарылды.
– Есеп беру кездесулерін өткізу кезінде депутаттардан әртүрлі сала бойынша 23 ұсыныс түсіп, оны орындау бойынша жасалған шаралар жоспары негізіне енгізілді. Есеп беретін мемлекетті құру жауапкершілігі Қоғамдық кеңестерге жүктелді. Оның құрамына барлық деңгейдегі мәслихаттар, қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кірді. Біз тек қана қоғамдық кеңестер мүшелерінің пікірін есепке алып, азаматтар мүддесі мен тұрғындардың әлеуметтік жағдайына әсер ететін шешім қабылдаудамыз,– деді облыс әкімі. Сондай-ақ, ол қалың тұрғындар арасында жер мәселесін түсіндіру бойынша бірлесе атқарылып жатқан маңызды жұмысқа назар аударды. Елбасы Жер кодексінің бірқатар нормаларының енгізілуіне 2021 жылға дейін мораторий жариялануына байланысты облыста жер реформасы бойынша комиссия жұмыс істейді. Маусым айында республикалық комиссияның көшпелі кеңесі болып өтті. Облыста 60 мыңнан астам адамды қамтыған жер мәселесін талқылау және түсіндіру бойынша мыңға жуық кездесу өткізілді. Түскен сауалдар мен пікірлер базасында бірқатар белсенді ұсыныстар қорытылды. Оның ішіне ауыл шаруашылығы жерлерін жалға және жеке меншікке беру тетігін сақтау кіреді. Ұсыныстар жер реформасы бойынша республикалық комиссияның қарауына енгізілді. Облыс әкімі жер мәселесінің әлеуметтік маңыздылығын есепке алып, атқарушы органдарға қоғамдық кеңестермен бірге облыс тұрғындары арасында Жер реформасы жөнінде түсіндіру жұмысын жалғастыруды тапсырды.
2014 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жұмысының аяқталғаны белгілі. Пайданылмайтын және тиімсіз пайданылатын 1,1 миллион гектар жердің 642 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына енгізілсе, 265 мың гектары мемлекеттің қарамағына қайтарылды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмысты тиісті мекемелердің жандандыруын тапсырды. Целиноград ауданының Қоянды ауылында жерді басып алу мәселесі шешілген. Мұндай 195 фактінің 17 жер учаскесі қалды. Бұлардың сатып алу-сату келісім-шарты жасалды. Бүгінгі таңда аталмыш ауданның Қосшы, Қараөткел, Тайтөбе және Қаражар ауылдарында заң бұзушылықты жою жұмысы жүргізілуде. Облыс басшысы одан әрі әлеуметтік маңызды көкейкесті мәселелерге назар аударып, Калачи селосы мен Красногорск кентінің тұрғындарын қоныстандыру жұмысы аяқталып келе жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдардың алдында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген басты міндеттер тұр. Президенттің бес инс-
титуционалды реформасын жүзеге асыру бойынша «Есеп беретін мемлекет құрудың» бесінші бағытының аясында шешуші әрі мақсатты индикаторларға қол жеткізу міндеті қойылған.
– Елбасы алдымызға қойған міндеттерді орындау барысында Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық мерейтойының маңыздылығы дем береді. Ақмола өңірі бұл мерекеге нақты істерімен және нәтижелерімен келетініне сенімім мол, – деді облыс әкімі. Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асыру есебінен өнеркәсіп жедел дамып келеді. Мал шаруашылығын дамыту шаралары жүзеге асырылуда. Биыл мол астық алынады деп күтілуде. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасалынған. Сапалы білім мен медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін әлеуметтік инфрақұрылымдардың жағдайын жақсарту бойынша шаралар қолданылуда. Бүгінгі таңда облыстағы әлеуметтік және өндірістік саланың, шағын және орта бизнестің елуге жуық нысаны ашылды.
Өңір басшысы одан әрі мемлекеттік қолдаудың өңірдегі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң серпінімен қамтамасыз ету мүмкіндігін туғызғанына назар аударды. Биылғы жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлем индексі 104,2 па-
йыз, ауыл шаруашылығы 114,5 пайызды және құрылыс жұмысы 107,1 пайызды құраған. Еңбек нарығын тұрақты қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда жұмыс орындары сақталған. Сондай-ақ, облыста 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 4,9 пайызға кеміді. Тұтынушылық баға индексі 104,1 пайызды құрады. Орташа айлық еңбекақы 15 пайызға өсті.
– Биылғы жылы индустриялық секторда өндірістің өсімі қамтамасыз етілді. Нақты көлем индексіне сай облыс республика бойынша екінші орыннан көрінді. Жалпы өсіммен қатар машина жасау, химия өнеркәсібі мен құрылыс индустриясының көрсеткіші төмендеді. Қосымша көлемдер «Астана Ойл» мұнай үйі» және «Астана Нан» серіктестіктері есебінен алу көзделуде. Еңбекшілдер ауданындағы цемент зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Биылғы жылы алғашқы өнімі шығарылады деп жоспарлануда. Қол жеткізілген өсім қарқыны жыл соңына дейін сақталады. Оның қорытындысы бойынша 350 миллиардтан астам теңгенің тауарлық өнімдерін алу жоспарлануда,– деді облыс басшысы өз есебін одан әрі жалғастырып. Индустрияландыру картасы бойынша 77 миллиард теңгенің 20 жаңа өндірісі енгізіледі. Бұл жобалардың барлығы өнеркәсіп әлеуетін одан әрі өсірудің негізін қалайды. 2010 жылдан бері Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша барлығы 65 жоба жүзеге асырылды. Оның 83 пайызы толыққанды және 6 кәсіпорын жарты қуатымен жұмыс істейді. Облыс әкімі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына, қала мен аудан әкімдеріне кәсіпорындарды толыққанды жұмыс істетуді, дайын өнімдерді сатудың жаңа рыногын табуды қамтамасыз етуді міндеттеді. Жұмыс кестесінің орындалу мәселесі мен әр жобаның іске қосылу мәселесі тұрақты бақылауда болады.
Ағымдағы жылы аграрлық салаға бөлінген мемлекеттік қолдау көлемі 25 миллиард теңгеге немесе 1,5 есеге артты. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің өсуіне мүмкіндік берді. Бір мыңнан астам агроқұрылымдар субсидияға қол жеткізді. Осы күні барлық егістік алқаптардағы егіннің 2,7 миллион гектары орылып, 3,5 миллион тонна астық бастырылды. Егін шығымы орташа әр гектардан 13 центнерден айналуда. Жалпы, облыс бойынша 5,5 миллион тонна астық жинау көзделген. Алынған астықты сақтау мәселесі де оң шешіліп отыр. Осы мақсатта қосымша 28 мың тонна дизель отынын бөлу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар, өңірде мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы соңғы екі жылда 20 мың бас мал сатып алынды. Осының арқасында мал өнімінің көлемі артуда. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту саланың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Өсімдік шаруашылығы саласында 220 фермерлік шаруашылықтың басын біріктіретін 2 ірі кооператив-біріңғай астық холдингі жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту бойынша да тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың сегіз айында азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 16 пайызға артып, Астана қаласына жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдердің көлемі ұлғайып отыр.
«100 нақты қадам» ұлт жоспары бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асыру аясында бәскелестікке сай жаңа кәсіпорындарды ашу жүзеге асырылуда. Бүгін бұл бағытта жылдық қуаты 60 мың тонна құс етін өндіретін Макинск құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны шамамен 50 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Оған қоса, желтоқсан айында Целиноград ауданында асыл тұқымды ешкі фермасын іске қосу көзделген. Сонымен қатар, Астрахан ауданында қазіргі заманғы мал шаруашылығы кешенінің құрылысы қолға алынған. «Бавария Продакт» серіктестігі аталатын бұл жобаның құны 3 миллиард теңгені құрайды.
Одан әрі облыс басшысы шағын және орта бизнестің дамуына қысқаша тоқталып өтті. Бұл ретте, Елбасының ұдайы бақылауында тұрған кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағытына көңіл бөлінуде. Шағын және орта бизнестің ел экономикасының дамуына үлкен әсер ететінін ескерсек, ағымдағы жылы кәсіпкерлік субъектілеріне 16 миллиард теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді. Мемлекеттік көмектің тиімді құралы ретінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламалары ойдағыдай жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылдың ішінде 1360 өтініш қанағаттандырылып,
несие алушылармен 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Біздің бүгінгі мақсатымыз кәсіпкерлік әлеуетті арттыру болып табылады. Әсіресе, шағын және орта бизнесте бәсекелестікке сай өндірістерді ашу маңызды. Бұған облыстың резервтері жетерлік. Тек жергілікті атқарушы органдар, «Даму» қорының филиалы, өңірлік кәсіпкерлік палатасы және қаржы институттары бірлесе жұмыс істегені тиімді. Қазіргі кезде, шағын және орта бизнесті несиелендіру бойынша «Даму» қоры, «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы және ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге қаржының қолжетімді болуын қамтамасыз ететіні сөзсіз. Бұдан кейін облыс әкімі инвестициялық саясатқа назар аударды. Бұл тұрғыда қосымша инвестиция көздерін табу маңызды. Осы мақсатта ағымдағы жылдың шілде айында өткен кеңейтілген инвестициялық форумда әріптестік аясында құны 1,2 триллион теңгеден астам 10 меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, облыста мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға да зор көңіл бөлінген. Облысты дамыту бағдарламасына сай дағдарысқа қарсы шаралар аясында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы кем дегенде 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 2016-2018 жылдарға арналған мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында құны 16,8 миллиард теңгені құрайтын 52 жобаның тізімі жасалды. Қазіргі кезде, оның ішінде 6 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның бірі – Целиноград ауданындағы Ақмол
ауылында 280 орындық балабақшаның құрылысын жүргізу үшін жекеменшік әріптес анықталды.
Ал, тұрғын үй құрылысына келетін болса, облыс әкімінің айтуына қарағанда, тұрғын үй құрылысына тартылған инвестиция көлемі 21 миллиард теңгені құрады. Баспана салуда жылдық жоспар ағымдағы жылдың сегіз айында 22 пайызға асыра орындалды. Көкшетау қаласында Ұлттық қордың қаражаты есебінен несиеге берілетін 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы 524 отбасы жалдамалы пәтер, 165 отбасы несиеге пәтер алатын болады. Инженерлік инфрақұрылымдарды тарту үшін 260 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Әсіресе, жетім балаларды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі кезде, облыстың алты ауданында тұратын 40 жетім бала мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен баспаналы болды.Биылғы жылы 159 ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Онан әрі облыс әкімі атқарушы органдардың қызметінің маңызды саласы болып табылатын коммуналдық қызмет бағытындағы атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Биылғы жылы бұл салаға 9,4 миллиард теңге қаржы бағытталған. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде үш коммуналдық шаруашылық жобасын жүзеге асыруға 2,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Құрылысы өткен жылы басталған Краснояр селосындағы қазандықтың блок-модулі тамыз айында пайдалануға берілді. Есіл қаласында 7 миллиард теңгенің жаңа қазандығы салынып жатыр. Шучинск-Бурабай курортты аймағындағы Бурабай кентінде экологиялық таза газ-мазутпен жұмыс істейтін қазандық пайдалануға берілді. Құрылысы 2011 жылы басталған Ақмол ауылындағы қазандық та таяуда іске қосылды.
Облыс басшысы алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы да айтып кетті. Биылғы жылы жылу маусымын өткізуге 4,8 миллиард теңге қарастырылса, оның 3,3 миллиард теңгесі облыс бюджетінен бөлінді. Қазіргі күні екі айға жететін қатты отын қоры жасалған. Осы орайда, облыс әкімі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен аудан, қала әкімдері жылу беру маусымына қажетті отын қорын толық көлемде дайындау қажеттігіне назар аударулары керектігін атап өтті.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 600 миллион теңге қарастырылған. Биылғы жылы 7 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жақсартылған. Сөйтіп, бүгінгі таңда орталықтанған су жүйесімен облыс тұрғындарының 88 пайызы қамтылып отыр.Ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында 42 елді мекеннің аумағындағы жер асты суы қорын анықтау жұмыстары жүргізілген. Облыс басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізуге бюджет қаржысының жетімсіздігін айта келе, инвестиция тартуға көңіл бөлу қажеттігін атап көрсетті. Қазіргі күні Еуропаның қайта жаңғырту және даму банкімен әріптестік байланыс шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық саласы бойынша үш ірі жобаны жүзеге асыру қолға алынуда. Биылғы жылдың сәуірінде аталмыш банкпен қуаттылығы тәулігіне 30 мың текше метр болатын су тазартқыш құрылғы құрылысын салу жобасына қол қойылған. Оның құны 2,4 миллиард теңге. Осы орайда, облыс әкімі облыстың салалық басқармалары мен аудан, қала әкімдері халықаралық қаржы институттарынан займ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әлеуетті инвесторларды тартуға көңіл бөлулері қажеттігін атап өтті.
Жергілікті автокөлік жолдарының жағдайын жақсарту мақсатында биылғы жылы 5,9 миллиард теңге қарастырылса, оның 3,2 миллиарды жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Ұлттық қордан бөлінген қосымша қаржы есебінен 76 елді мекенге баратын жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі күні жоспарланған 300 шақырым автокөлік жолдарының 170 шақырымы жөнделіп, қайта жаңғыртылды. Бөлінген қаржы әлі де игерілуде. Облыс басшысы жергілікті әкімдердің назарын жол құрылысына бөлінген қаржының толық көлемінде игерілуін қамтамасыз етуге аударды. Автокөлік жолдары белгіленген уақыт ішінде жөндеуден өткізілуі қажет.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде биылғы жылдың қаңтарынан бастап жергілікті атқарушы органға есепті полиция қызметі жұмысқа кірісті. Өткен сегіз айдың қорытындысы көрсеткендей, қылмыс пен құқық бұзушылық көрсеткіші біршама төмендегені байқалуда. Облыс әкімі жергілікті полицияның жұмыс сапасын жақсартуға техникалық жағынан қамтамасыз етудің тигізетін әсеріне тоқталды. Осы мақсатта облыстық бюджеттен қосымша 500 миллион теңге қаржы бөлінген. Сөйтіп, жергілікті учаскелік инспекторларға 63 автокөлік сатып алып берілген. Жергілікті әкімдердің учаскелік инспекторлармен қоғамдық тәртіпті нығайтып, заңсыздыққа жол бермеуде бірлесе жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында шілде айында секциялық семинар сабақтар өткізілді. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар нақтыланып, міндеттер айқындалды, ендігі мақсат сол белгіленген жұмыстарды атқару деп атап өтті облыс басшысы.
Білім беру саласына облыста әдеттегідей айрықша көңіл бөлінеді. Облыс әкімі мектепке дейінгі оқу-тәрбие желісін кеңейту бағытында біраз шаруалар атқарылғанын атап өтті. Қазіргі күні әрбір үшінші балабақша жекеменшіктің қолында. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша шаруашылық субъектілерін қоса есептегенде үш мың орын ашылады деп күтілуде. Мұның өзі мектепке дейінгі бүлдіршіндердің 95 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Жекеменшік иелерінің ынталылығын арттыру мақсатында мемлекеттік тапсырыстың ширек бөлігі жекеменшік мекемелердің еншісіне бөлінді.
Мемлекет басшысының 2019 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелермен 100 пайыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері қолданылуда. Бүгінгі күні мемлекеттік- жекеменшік әріптестік шеңберінде облысымыздың 4 өңірінде жоба дайындалып, әлеуетті инвесторлар айқындалды. Осы арада облыс басшысы білім басқармасы мен аудан, қала әкімдерінің алдына балаларды мектепке дейінгі тәрбие мекемелерімен қамту көлемін арттыруға ерекше назар аудару міндетін қойды. Бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті, шағын кешенді мектептер мен шағын орталықтарды дамытуға көңіл бөлінуі қажет.
Білім беру саласында биылғы жылы 1,5 мың орындық 4 жаңа мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, қазан айына дейін №96 разъездегі 300 орындық мектеп іске қосылмақ. Сондай-ақ, 15 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілді. Осы мақсат үшін 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Облыста техникалық және кәсіби білім беру жүйесі белсенді қолдау табуда. Жыл са-йын 7 мыңнан астам жасөспірім колледждерге түседі. Олардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тапсырыспен түсетіндер. Орта буынды мамандар даярлауда еңбек нарығындағы сұраныстар мен индустрияландыру, Астананың азық-түлік белдеуін жасау сияқты мемлекеттік бағдарламалардағы қажеттіліктер ескеріледі. 2017 жылдан бастап «Баршаға бірдей тегін кәсіби білім» жаңа жобасын жүзеге асыру басталмақ. Техникалық білім беру сапасын арттыру және заман талабына сай жаңғырту – Елбасымыз алға қойған маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Осы орайда, облыс басшысы дуальдық білім беру және колледж түлектерін еңбекке орналастыру бағытында аймақтық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс жүргізу қажеттігін атап көрсетті.
Онан әрі облыс басшысы денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Салада қолға алынған 9 жобаның 5-еуі іске қосылды. Атап айтқанда, Жарқайың ауданындағы аурухана, Бурабай ауданындағы екі дәрігерлік амбулатория мен Ақкөл, Зеренді аудандарындағы емхана пайдалануға берілді. Биылғы жылдың соңына дейін үш дәрігерлік амбулатория мен бір фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылмақ. Сондай-ақ, 33 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде. Осы арада облыс әкімі салынып жатқан және күрделі жөндеу жүргізілетін денсаулық сақтау нысандарының сапасы мен іске қосылу кестесінің сақталуына қатты назар аудару қажеттігін айтты.
Мамандармен қамтамасыз ету бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Мектеп бітірушілердің медициналық оқу орындарына түсіп, мамандық алып елге оралуына жағдай жасауға көңіл бөлінуде. Биылғы жылы медициналық жоғары оқу орындарына 100 грант бөлінді. Медициналық мекемелердің дәрігер мамандармен толық қамтылуына жете назар аударылады. Биылғы жылы облысқа 279 медицина қызметкерлері жұмысқа келсе, олардың 46-сы жоғары білімді дәрігерлер.
Облыс басшысы спорт және мәдениет саласындағы қол жеткен жетістіктерге тоқталды. Биылғы жылы облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жүлдегер атанып, 492 медальді жеңіп алған. Әйелдер арасындағы бокстан Дина Жоламан әлем чемпионы болды. Бұл соңғы 17 жылдың ішіндегі олимпиадалық спорт түрінен жеңіп алған алғашқы алтын медаль. Биылғы жылғы спорт және мәдениет саласындағы ұйымдастырылған шаралардың бәрі еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде өткізілуде.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға аймағымызда 5,2 миллиард теңге қаржы бағытталғандығын атап көрсетті облыс басшысы. Аталмыш бағдарлама төрт мыңдай адамды қамтыған. Сонымен бірге, Ұлттық қордан бір жарым миллиард теңге қосымша қаржы бөлініп, 600-дей адам елді мекендерді абаттандырумен айналысқан. Адамдарды еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстар барлық ауылдық округтерде жүргізілуде. Осы орайда, облыс әкімі еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен аудан, қала әкімдері бөлінген қаржының толық көлемде игерілуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуы қажеттігін атап өтті. Әлеуметтік шиеленіске жол бермеудің басты негізі саналатын адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесіне барлық мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктер айрықша көңіл бөлуі тиіс. Оның ішінде жалақы қарызына жол берілмеуі керек.
Облыс басшысы биылғы жылдың өткен сегіз айындағы қол жеткен жетістіктердің атқарушы билік пен өкілетті органдардың арасындағы түсіністікпен жұмыс істеудің нәтижесінде келгендігіне назар аударды. Бүгінгі күнгі басты мақсат, экономика саласындағы өсімді сақтау болып табылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға осындай міндет қойып отыр деп атап көрсетті облыс басшысы. 2016 жылғы барлық шаралар еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізіледі дей келе, облыс әкімі бұл атаулы мерейтойға облыстың әрбір тұрғыны өз үлесін қосуы қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы атқарылатын шараларға орай жасалған тұжырымдама бойынша 144 қоғамдық-саяси шаралар, сонымен бірге, барлық өңірлерді қамтитын 5 мыңнан астам шаралар өткізілмек. Осы орайда, облыс басшысы жергілікті жерлерде «Нұр Отан» партиясы бас болып, қоғамдық шиеленіс туғызатын жағдайларға жол бермеу қажеттігіне назар аударды. Адамдарды жұмыстан негізсіз шығаруға, жалақыны уақытында төлемеуге жол берілмеуі тиіс.
Облыс әкімі облыстық мәслихаттың депутаттарына маңызды істерде әрдайым түсіністік танытып, қолдау көрсеткендері үшін алғысын айтып, алдағы уақытта да Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындауда түсіністікпен жұмыс істей беретіндігіне сенетінін атап көрсетті. Сессия қаралған мәселе бойынша тиісті шешім қабылдады.
Қалкөз ЖҮСІП,
Рамазан ТІЛЕУОВ,
Аслан ОСПАНОВ,
Жанат СӘБИТОВ,
Берік ЕСКЕНОВ (фото),
арнаулы тілшілеріміз.