Облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова таяуда Астанада өткен WorldSkills конкурсының қорытындысына байланысты БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.
Жұмысшы мамандарын даярлайтын колледж оқушыларының арасында өткізілетін мұндай конкурстың тарихы өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бастау алады. Тәуелсіз Қазақстан аталмыш халықаралық конкурсқа он төрт жылдан бері қатысып келеді. Десек те, орта буынды мамандар даярлайтын оқу орындарының бұл шараға белсене қатысуы тек соңғы жылдарда ғана байқалуда. Өткен жылы республикалық конкурста Степногорск қаласындағы техникалық колледждің оқушысы Әділет Тәкежанов бірінші орынды жеңіп алып, Бразилияда өткен халықаралық жарысқа қатысқан еді. Биыл Астанада өткен республикалық байқауға облысымыздан барлық он бес номинация бойынша 16 колледж оқушысы қатысып, бақ сынапты. Олардың арасынан бір оқушы жүлделі бірінші орынды жеңіп алса, тағы бір оқушы екінші, ал, бес колледж оқушысы үшінші орынды иеленген. Осылайша, биылғы жылы ақмолалық колледж оқушылары республикалық конкурста жеті жүлделі орынды жеңіп алып, айтарлықтай табысқа жеткен.
Брифинг барысында конкурстың жеңімпазы Тимур Бажыраев пен екінші жүлде иесі Алексей Партинович шараның өту барысы мен қалай жеңіске жеткендері жөнінде баяндап берді. Осы шараға шақырылған қаладағы мектептердің оқушыларына колледжде оқып, білім алып жүрген аға-апаларының әңгімесін тыңдау болашақ мамандық алу бағдарын жасауға көмектескені анық. Шара соңында облыстық білім басқармасының басшысы конкурсқа қатысқан оқушыларға бағалы сыйлықтар тапсырды.
Қалкөз келдіғұлұлы.