Мақпалдың жаңа мектебі

Мақпал ауылының оқушылары мен ата-аналары үшін биылғы жаңа оқу жылы шат-шадыман шаттықпен, қуанышты жаңалықпен басталды. Ауылда білім саясатын жүзеге асыру мақсатында екі қабатты жаңа мектеп ғимараты бой көтеріп, шәкірттерге есігін айқара ашты.

Сәулеті мен келбеті келіскен жаңа ғимарат 80 орынға шақталған. Оның құрылысы мен толық жабдықталуына мемлекеттен 365 миллион теңге қаржы жұмсалды. Мектепте асхана, кітапхана, спорт залы, қажетінше жабдықталған химия, физика, биология, мультимедия, лингофон, қыз балалар мен ер балаларға арналған технология кабинеттері жұмыс істейді. Балаларының жаңа ғимаратта білім алатынына Мақпал ауылының тұрғындары дән риза.  «Ауылдың ажарын ашып тұрған жаңа мектеп балаларымызды білімнің кәусар бұлағымен сусындатады деген үлкен сенімдеміз. Немерелеріміз жаңа мектепте білім алатын болды. Мектепті  салып берген облыс, аудан басшыларына және басқа да  азаматтарға  айтар алғысымыз шексіз», – дейді ауылдың ақсақалдары.  
Аудан әкімі Асқар Қиықов жаңа мектептің ашылу салтанатында «Мемлекеттің қолдауымен сапалы және қолжетімді білім алуға қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Жыл сайын білім саласына бөлінетін қаражат көлемі артып келеді, соның арқасында мектептердің материалдық-техникалық базалары нығаюда, оқу үдерісіне заманға сай жаңа технологиялар енгізілуде. Биылғы жылы біздің облыста  жаңадан салынған төрт мектеп қолданысқа берілсе, соның бірі міне, біздің ауданымызда», – деп атап өтті. Соңғы бірнеше жылдың ішінде ауданда жаңадан үш мектеп салынып, пайдалануға берілді. Оның біріншісі Қоғам, ал екіншісі Сәуле ауылында.  
Білім ордасының ашылу салтанатында 8-сыныпта оқитын оқу озаттары Е.Қожантаев пен А.Тоқсанбаева жаңа мектептің лентасын қиды. Кейін «Таир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, бас мердігер Ермек Қуандықұлы мектеп директоры Жадыра Тайшықоваға білім ошағының кілтін салтанатты түрде тарту етті. Бұдан соң, алғашқы қоңыраудың сыңғыры естіліп, кеуделері қуанышқа толы оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар және қонақтар жаңа мектептің ішін аралауға кірісті.     
Ауыл тұрғындары мектептің ашылу салтанатына өте тиянақты дайындалыпты. Көшелер қалыпқа келтіріліп, Құдықағаш ауылынан Мақпал ауылына дейінгі жол жөнделіпті. Жаңа мектептің ашылуына орай, ауылда бұл күні қазақтың ұлттық спорт ойындарынан түрлі сайыс-тар өткізіліп, ат жарыс ұйымдастырылды. Жүлдегерлер кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша ауылдағы жаңа мектепте жаңа оқу жылы ойдағыдай басталып кетті.

Василий Устьянцев.

Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар