Тұғыры биік тұлға

Қазақтың абызы, әдебиеттану ғылымының алыбы, аяулы да саялы Тұрсынбек Кәкішевтің қайтыс болғанына бір жыл толған күні Астана Ұлттық академиялық кітапханасына ғалымдар, мемлекет, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, жазушылар мен ақындар, Тұрсекеңнің шәкірттері, ол кісіні жоғары бағалап, сыйлайтын қалың қауым және туыстары бас қосты.

 

Жиынның тақырыбы «Мағжан – Сәкен» кітабының тұсаукесері және «Ғалым залының» ашылуы. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин «бүгінгі күн қасиетті де, қайғылы күн», – деп бастады. Қасиетті дейтініміз, осындай ұлы ғалымның зор еңбегі «Мағжан – Сәкен» кітабының тұсаукесері және ол кісіге арналған «Ғалым залының» ашылуы. Қайғылы деп отырғанымыз, Тұрсекеңнен айрылғанымызға бір жыл толып отыр. Біз ол кісіні сағындық, ол кісінің орны үңірейіп қалды. Былтыр ақтық сапарға шығарып салғанда замандасы, академик Серік Қирабаев ағамыз «жалғыз қалдым»,– деп солқылдап жылағаны бар еді деп сөзін жалғастырды. Жиында еліміздің белгілі азаматтары Мырзатай Жолдасбеков, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Талғат Мамашев, ақын Несіпбек Айтов, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов, Түркиядан келген Әбдуақап Қара және ғалымның зайыбы, филология ғылымдарының докторы Күләш Садыққызы Ахмет Тұрсынбек ағамыздың адамгершілігі, азаматтығы, ұстаздығы, ғылымға қосқан қомақты үлесі, шыншылдығы, турашылдығы, ер мінезділігі, ғылымға икемді жастарға қамқорлығы, тағы басқа жақсы қасиеттері туралы сыр шертті. Сөйлеушілердің сөздеріне қарағанда, Тұрсекең беделді ұстаз болған, жас ғалымдардың өсуіне, дамуына баса көңіл бөлген. Оларды тек қана мұрағаттық материалдармен жұмыс істеуге үйреткен. Ғылымға икемі бар студенттерді таңдағанда олардың географиясы мен биографиясына көңіл аудармаған, талантына қараған. Ол кісіден білім мен тәрбие алған жастардың көбі бүгінде белгілі ғалымдар мен әдебиетшілер көрінеді. Қазақ әдебиеті ғылымына бар көңілін бөлген, өмірі сонымен өткен. Сөйлеушілердің айтуынша, қазақ әдебиеті сынының негізін қалаушылардың бірі болған.
Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу мақсатында көптеген мемлекеттерді айлап аралап жүріп, мұрағаттарында ұзақ уақыттар жұмыс істепті. Бірде Уфа қаласына барғанда, кітапханадан шығып келе жатса, үйіліп жатқан ескі кітаптарды көреді. Алып қараса, ішінде Алаш қайраткерлерінің, тағы басқаларының шығармалары бар екен. Мұны не істейін деп жатырсыңдар деген сұрағына, жағып жіберейік деп жатырмыз, – депті. Сол кітаптарды сұрап алып, Алматыға алып келеді. «Садақ» журналының қолжазбасын да сол жақтан алып келіпті.
Тұрсынбек ағамыз шындықты жайып салып, тура айтатын болған. Осы жиын кезінде ол кісі туралы деректі фильм көрсетілді. Фильмде сұхбат беріп тұрғанда мынадай сөзі бар: театрда әртіс болу оңай, ал өмірде әртіс болу қиын. Соған қарамастан өмірде әртіс болып жүргендер баршылық. Олардың көбінің айтатыны жағынып мақтау, мадақтау.
Стамбулдан келген Әбдуақап Қара мырза Тұрсекеңнің шетел қазақтарының өмірі мен тұрмысын, ұлттық дәстүрді сақтаудағы ерекшеліктерін білуге құмартқанын айтты. Сонда бірге жүргенде шетел қазақтарының жанашыры екендігі байқалып тұратын. Үйіне қай уақытта келсең де шетелден бір игі жақсылар отыратын. Күләш жеңгеміз маған Алматыға келген сайын келіп тұр. Тұрсекең сізді көргісі келіп, сағынып тұрады, – дейтін. Бұл кісімен қоса, басқа сөйлеушілердің көпшілігі зайыбы Күләш Садыққызының ол кісіге сіңірген зор еңбегін ерекше атап өтті. Күләш Тұрсекеңнің өмірін ұзартуға себепші болыпты. Бірде Қазақстанның халық  жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыз былай депті: Күләш қарындасымыз Тұрсынбекке «М» деген витамин беретін көрінеді. Сонда дастарқан басында отырғандар ойланып қалыпты. Мұндай витаминді естігеміз жоқ еді, – деп. Әзекең ол витаминнің аты «Махаббат», – депті.
Күләш Садыққызы ғалымның ғұмырын ұзартумен бірге, екінші өмірінің басталуының да негізгі ұйытқысы болып отырған көрінеді. Еңбектері сол кісінің басшылығымен шығып жатыр. Оның бір айғағы, бүгін тұсауын кесіп жатқан «Мағжан – Сәкен» кітабы.
Жиынды осы Күләш жеңгей қорытындылады. Қатысушылар мен сөйлеушілерге ризалығын білдіре отырып, Тұрсекеңнің атаққа құмар болмағанын, халқына беріліп, қажырлы еңбек етіп, көп тер төккенін атап өтті. Тұрсынбек ағамыз ғұмырының соңғы сағатына дейін қаламын қолынан түсірмегенін айта келе, Тұрсынбек Кәкішев атындағы «Ғалым залының» жабдықталуына үлес қосқан қызметкерлерге алғысын жеткізді.
Әрі қарай кітапхананың төртінші қабатындағы залдың ашылу рәсіміне қатыстық. Залда ағамыздың еңбектері, әртүрлі суреттері орналастырылған. Онымен қоса, жеке  кітапханасынан 5 мың дана кітабы сыйға тартылыпты.
Міне, осылай Арқаның төсінде, Астананың төрінде Тұрсынбек Кәкішевтей жерлес ағамыздың екінші рухани өмірі басталып кетті. Тұрсекеңнің жатқан жері жайлы болып, еңбектері халқымыздың, еліміздің өсіп-өркендеуіне дәнекер бола беруіне шын тілектеспін. Күләш Садыққызының дені сау болып, тұғыры биік тұлға Тұрсынбек ағамыздың еңбектерін насихаттауда табыстан табысқа жете берсін демекпін.

Суретте: ғалымның зайыбы Күләш Ахмет және мақала авторы.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
«Құрмет» орденінің иегері.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар