Абыржымай, нәтижесін күте тұрайық…

Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бірінші сынып оқушылары білім беру жүйесінің өзгеруіне байланысты 5 күндік оқыту стандартымен сабақты бастап кетті. Бұл жаңа жүйе бойынша бастауыш сыныптарға енгізілген оқыту бағдарламасы Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесінен алынып отыр. Алайда, мектеп партасына енді ғана отырған алты жасар оқушыға 5 күн ішінде сауат ашуды былай қойғанда, ағылшын және орыс тілдерін оқыту қиынға соқпайды ма?! Осы мәселенің қыр-сырына бойлап, оқытушы ұстаздар мен ата-аналардың ой-пікірлерін сұрап білген едік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында білім беру жүйесінің ұлттық моделін қалыптастырып, білім берудің мазмұнын өзгерту туралы тапсырма берілген болатын. Соның нәтижесінде оқытудың жаңа стандарттары жасалып, бүгінде жалпы білім беретін мектептер кезең-кезеңмен 12 жылдық білім берудің жаңа бағдарламасына ауысып жатыр.
Елбасының биылғы жылғы 1 наурыздағы «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Жарлығында 2016-2019 жылдар аралығында барлық сыныптар бес күндік оқыту жүйесіне көшеді деп атап көрсетілген. Биылғы оқу жылында өзіміз көріп отырғандай, бұл өзгеріс бірінші сыныптардан басталып кетті. Келесі 2017 жылы екінші, бесінші және жетінші сыныптар, 2018 жылы төрт сынып, 2019 жылы  қалған үш сынып жаңа оқу бағдарламасына көшіріледі деп жоспарланған. Бірінші сыныптың оқу бағдарламасының тағы бір ерекшелігі, олар биыл үш тілде оқиды, яғни, өзінің таңдап алған тілінде сабақтар күнделікті жүргізілсе, оған қоса, орыс және ағылшын тілдері екі сағаттан өтіп жатыр. Жалпы алғанда, бірінші сыныптар аптасына 22 сағат оқиды екен. Осы орайда, жалпы бағдарлама туралы мамандар пікіріне жүгінген едік.
– Биыл бірінші сыныптар жаңа оқу стандартына көшті. Жалпы білім алатын оқушылардың барлығын, яғни, он бір сыныпты жаңа бағдарламаға бірден
ауыстыру мүмкін емес, қаражат тұрғысынан алғанда тиімсіз. Екіншіден, оқу құралдарымен барлық оқушыларды бірден қамту да қиынға соғары сөзсіз, өйткені, оған да қыруар қаржы қажет. Сондықтан, кезең-кезеңмен көшірілген дұрыс. Сол себепті, биыл бірінші сыныптар ғана жаңа бағдарлама бойынша оқытылады. Енді еліміздің барлық аймағында оқу бағдарламасы бірдей, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен базалық бір оқулықпен оқитын болады. Бұған дейін еліміздің әр жерінде, әр қаласында оқытылатын оқулықтардың баспасы әртүрлі болса, енді тек қана базалық бір оқулықпен оқиды, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Ковалева.
Оқулықты бір ғана базадан шығару өте дұрыс әрі тиімді. Өйткені, жыл сайын оқу жылының басында ата-аналар шарқ ұрып, кітап дүкендерінде ұзын-сонар кезекте тұрып, «Алматы кітап», «Атамұра», «Білім» баспаларының оқулықтарын іздеп, табандарынан таусылғанын талай көрдік. Балаларына қажетті оқулықтарды алу үшін біраз қаражат кетсе, бір жағынан жүйкелерін де тоздыратын. Енді түрлі жағдайларға байланысты оқушы басқа аймаққа көшіп кетсе немесе мектебін ауыстыратын болса, оқулығы мен оқу бағдарламасы сол өзі оқып келген мектеппен бірдей болады.
Дамыған мемлекеттер қатарына қосыламыз деп шет елдердің қай саладағы болсын бағдарламалары мен жобаларын құптап, өзімізге қажеттісін алып жатырмыз. Мәселен, әлемнің бірқатар мемлекеттерінде бес күндік оқу стандарты бұрыннан бар. Бірақ, оларда біздің елдегідей екі не үш ауысыммен оқыту мүлде кездеспейді. Тіпті, кейбіреуінде білім беру түске дейін ғана жүргізіледі екен. Мысалы, америкалық және фин балалары бес күндік оқу жүйесі бойынша білім алады. Барлық фин мектептері тек бір ауысымда жұмыс істейді. Экономикасы дамыған, білім саласы жақсы жолға қойылған Италия мен Норвегия да осы жүйе бо-йынша білім береді. Бірнеше жыл бұрын ТМД елдері де бес күндік жүйеге көше бастады. Осы орайда, жаңашылдыққа деген халықтың көзқарасын білгіміз келіп, бірқатар ұстаздармен де, ата-аналармен де, бұрын білім саласында қызмет еткен зейнеткерлермен де сұхбаттасып, ой-пікірлеріне құлақ түрдік.
Барлық мектепте 34-36 сағаттық білім беру процесі мемлекеттік стандарт бойынша алты күнге есептелген. Бес күндік оқу жүйесінде бір күн демалғанымен, басқа күндерге жүктеме көп түседі. Күніне 6 сабақ оқитын оқушылар, үстемелеп 7 сабақтан оқуына тура келеді. Ал, алтыншы сабақтан соң, бірінші ауысымның сабағы 13:15-те бітеді. Екінші ауысымға кабинетті дайындау үшін біраз уақыт қажет болады. Екінші ауысымның сабағы 14:00-де басталады. Сондықтан, 5 күндік оқу жүйесі тиімсіз, – деп, жаңа бағдарламаны құптамайтын ұстаздар да бар. Алайда, бұл пікірді айтқаннан кейін, мемлекеттің саясатына қарсы келе алмаймыз, мүмкін дұрыс та шығар, –  деп, екіұшты ойларын ортаға салғандар да болғанын жасырмаймыз.  
– Балаларымның бәрі әзірше бастауыш сыныптарда оқиды. Сенбі күні сабаққа бару оларға ауыр. Өйткені, бір күндік демалыстарында ешнәрсеге үлгере алмаймыз. Балаларым қосымша әдеби кітаптар оқып, шығармашылық үйірмелерге қатысса деймін. Бірақ уақыт тапшы. Оның үстіне қазір оқу бағдарламасы да күрделі. Тақырыптары да ауырлау. Ал, бес күндік оқу жүйесі баланың білім алуын жеңілдетеді, әрі миының тынығуына оң әсерін тигізер еді. Сондықтан, мен бұл бағдарламаны ата-ана ретінде қолдаймын. Үш тілде оқыту аса қиындық туғыза қоймас. Өйткені, бұл заман талабы. Ағылшын және орыс тілдерін балаларым теледидар бағдарламаларымен қатар, балабақшаларда да ауызекі тілде сөйлеу сабақтарынан үйренді, – дейді көкшетаулық Гүлмира Сәлімова.  
– Үш тілді қатар оқытудан еш қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, ұрпағымыз ғылым мен техниканы қай тілде болса да еркін игеретін болады. Шетелдік мемлекеттердің оқыту стандарты да соған құрылған. Қалалық оқушылар орыс тілін кішкентайынан ауладағы қатарластарынан ойнап жүріп-ақ үйреніп алған. Ал, ағылшын тілі балабақша бағдарламасында бұрыннан бар. Балаға тілді кішкентайынан үйреткен көп тиімді, – дейді Көкшетау қаласындағы №6 орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Назгүл Құдабаева. Бұл пікірден кейін қала балалары шынында да ауладағы достарынан орыс тілін үйренеді, ал ауылдағы қара домалақтар не істейді екен? Олар үшін үш тілде оқыту қиынға соқпай ма деген сауалға жауап іздеп, ауылды аймақтардың мектептеріне хабарластық.
– Әр баланың ынта-жігері мен білім алуға деген талабы әрқалай. Ауыл балалары да үш тілді еркін меңгере алады. Тек оны үйрететін мұғалімдердің өздерінде оқытуға деген құлшыныс болса және баланы қызықтыра алса болғаны. Ертеде ата-бабаларымыз екі тіл былай тұрсын, төрт-бес тілді еркін меңгерген ғой. Әл-Фараби бабамыздың өзі көп тіл білген жоқ па?! Меніңше, жаңашылдыққа күмәнмен қарап, үрейлене бермеу керек, – дейді Еңбекшілдер ауданы Аңғал батыр ауылының тұрғыны, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Аян Қалиев.
Бәлкім, шынында да біз бекерге күмәнданатын шығармыз. Кезінде елімізге компьютерлер мен ұялы телефондар жаңа әкеліне бастаған тұста жағдай қалай болып еді? Бүгінгі оқу бағдарламасы да осындай күмән тудырып тұрған сияқты. Оның үстіне көптеген ата-ана алты күндік оқыту жүйесінің балалары үшін тиімсіз екендігін айтып жүр. Өйткені, сенбі күні қосымша сабақтар мен үйірмелерге қатысуға уақыт жетпейтін көрінеді. Ал, ұстаздар сенбіні шығармашылыққа арнағанды құп көреді. Аталмыш жүйе оқу жүктемесін азайтып қана қоймай, баланың еркін әрі белсенді әрекет етуіне жағдай туғызады екен. Бұл –  педиатр мамандардың пікірі.
Бүгінгі таңда сонымен қатар, қазақ балаларының орыс тілді сыныптардың тобында көптеп оқитындығы да алаңдатып отырған жайы бар. Мәселен, 2014-2015 оқу жылында 12882 оқушы мектеп табалдырығын аттаса, оның 6297-сі қазақ сыныбына барған. 2015-2016 оқу жылында 13557 оқушы мектепке қабылданса, оның 6648-і, ал, биылғы оқу жылы 15328 оқушы бірінші сыныпқа барса, оның 7340-ы қазақ сыныптарына барды. Қарап отырсақ, қазақ сыныптарын таңдайтын балалар саны соншалықты көп емес. Алайда, орыс тілінде оқитын балалардың бұған еш кінәсі жоқ. Өйткені, балаларын орыс тілінде оқуға беріп жатқан олардың ата-аналары.  
– Балаларды бірінші сыныпқа оқуға қабылдап жатқанда, біз міндетті түрде қазақ балаларының қазақ топтарына баруына үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ, ата-аналар қазақша оқу өздеріне қиындық туғызатындарын айтып ақталады. Сөйтіп, көбіне баламен үй тапсырмасын орындау барысында кейбір қазақша терминдер мен берілген тапсырмаларды түсінбейтіндіктерін алға тартады, – дейді Көкшетау қаласындағы №19 орта мектептің бас-тауыш сынып мұғалімі Ақсәуле Мұхамеджанова. – Тіпті, бірінші сыныпқа қазақ тобына беріп, кейін орыс сыныбына ауыстырып жатқандарды да өз көзімізбен көрдік, – дейді ол.  

P.S. Қалай болғанда да жаңа оқу бағдарламасына шошына қарамай, керісінше, одан үміт күткен жөн болар. Өйткені, біз кез келген жаңалық пен жаңашылдықты тез қабылдап, игеріп алып кетуге әліміз жететін  халықпыз. Тек ұрпағымыз қай тілде, қалай оқыса да, өзінің ұлттық болмысы мен ділін, діні мен тілін санасына сіңіріп өссе болғаны.

Ырысалды ШАМШИЕВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар