Әдеп кодексі – судьялар үшін бұлжымас қағида

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында  азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын сот арқылы қорғау жайына жете көңіл бөлінген. Құқықтық демократиялық қоғамда барлық даулы мәселелер сот арқылы шешімін табуы тиіс. Осы орайда, адам тағдырын таразылайтын судьяларға жүктелер міндет пен жауапкершілік жүгі ауыр. Судья өз жұмысын жақсы білетін білікті және білімді ғана емес, адамдармен жылы қарым-қатынас жасайтын әдепті, инабатты да болуы қажет. Осы орайда, алдағы уақытта өтетін Қазақстан Судьялар одағының VII съезінде судьялардың жаңа Әдеп кодексі талқылауға ұсынылатындығы бұл мәселеге қаншалықты зор көңіл бөлініп отырғандығын білдірсе керек.  Осы орайда, жаңа кодексте қандай өзгерістер бар, ол нені қамтиды және оның мән-маңызы неде  деген мәселе төңірегінде Ақмола облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Алма Есенеевамен газет тілшісінің сұхбатын жариялап отырмыз.

– Судьялардың  жаңа Әдеп кодексін қабылдаудың қандай қажеттілігі болды? Осы жайында не айтасыз?
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында еліміздің әлеуметтік, экономикалық және құқықтық жағынан дамуы, соның ішінде құқық қорғау және сот жүйесіне  қатысты негізгі міндеттерді түгел айқындап берді. Бұл ретте, Қазақстан Судьялар одағының кезектен тыс VII съезіне талқылануға ұсынылатын судьялардың жаңа Әдеп кодексі сот қызметін заман талабына сай жоғары деңгейге көтеруге игі ықпалын тигізетіндігі даусыз. Жаңа Әдеп кодексі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету барысында сот саласында қызмет істейтін судьялардың өздеріне жүктелген осындай ауыр да жауапты міндетті әрдайым терең сезініп, үнемі биік талап деңгейіне сай болуға ұмтылуына жағдай жасайтын болады.
Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырған Қазақстан әлемнің өзге де елдері сияқты құқықтық демократиялық зайырлы қоғам орнату жолына түсті. Құқықтық қоғамда барлық даулы мәселелер сот арқылы шешілетіні белгілі. Осыған байланысты сотқа жүктелер міндет ауыр және өте жауапты болмақ. Сол себептен, адам тағдырын таразыға салар судьялар білімді, білікті ғана емес, бойына барлық ізгі адами қасиеттерді жинақтаған, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білетін әдепті де болуы шарт. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қазақтар ежелден-ақ дауға әділ билік айтпай, туғанына тартушылықтың имансыздық, адами тілмен айтқанда әдепсіздік екендігін меңзеп отырған. Қара қылды қақ жарардай әділ билік айту үшін де бұрынғы билер мен бүгінгі судьялардың бойында турашылдық, әділдік, байыптылық сияқты адами жақсы қасиеттер болуы қажет. Міне, сондай судьяны  ғана халық сыйлап, сот билігіне риза болмақ.
– Судьялардың жаңа Әдеп кодексінде нендей өзгерістер болады және оның жетістігі неде деп ойлайсыз?
– Судьялар одағының съезінде талқыланатын судьялардың жаңа Әдеп кодексі әлемнің барлық озық үлгідегі осындай құжаттарының жетістіктерін жинақтаған. Осыған орай, аталмыш кодексте судья әдебіне қатысты барлық жайлар жан-жақты және нақты қамтылған. Әдеп кодексінің талабына сай судья тек қызмет бабында ғана емес, бос уақытында да қоғамдық орындарда, басқа да жерлерде жүрген кезінде өзінің кісілік бет-бейнесін әрдайым жоғары ұстап, адами биік деңгейден көрінуі тиіс. Судья өзінің адам тағдырын таразылайтын лауазымды тұлға екендігін ешқашан естен шығармауы керек.
Қазақта «жақсы болмақ мың күнде, жаман болмақ бір күнде» деген нақыл бар. Судья да адам баласы ғой, бос уақытында аздап көңіл көтергеннің несі сөкет деп, бедел-абыройына нұқсан келтірер теріс әрекеттер жасап жатса, бұл оның жеке басына ғана емес, жалпы сот жүйесіне дақ түсірері анық. Жаңа кодекс талаптарында міне, дәл осы жайлар ескерілген. Судья әдебі жөніндегі комиссиялар сот жүйесінде бұрыннан бар және тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұндай комиссиялар судьялардың әдепке жат іс-әрекеттері мен қылықтарын талқылап, ұсыныс түрінде шаралар қолданады. Яғни, сот саласында әдеп мәселесіне ерекше мән беріліп, жете назар аударылады. Өйткені, сотқа деген қарапайым халықтың сеніміне судьялардың кісілік келбетіне деген жұртшылықтың көзқарасы да көп ықпал етпек. Жаңа Әдеп кодексінде бұл мәселелер онан әрі тереңдетіліп, жан-жақты қамтыла түспек. Осыған орай, жаңа Әдеп кодексі судьялардың бойына ізгі қасиеттердің орнығып, дамуына елеулі ықпалын тигізеді деген ойдамыз.
– Өзіңіз айтып кеткендей, бір судьяның келеңсіз әрекеті бүкіл сот жүйесіне нұқсан келтірмек. Яғни, соттың беделі, халықтың оған деген сенімі жеке судьялардың кісілік келбетіне байланысты болатыны анық.  Солай емес пе?
– Бүгінде биліктің тәуелсіз жеке тармағы болып қалыптасқан сотқа деген халықтың сенімі – сот жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі десек, артық айтқандық емес. Сот қарайтын істер санының жыл санап өсе түсуі халықтың сотқа деген сенімінің артып отырғанын көрсетсе керек. Ал, сенім өзара сыйластыққа қатысты туындайтыны мәлім. Осы орайда, судьялардың кісілік келбеті мен өздерін барлық жағдайда дұрыс ұстай білуі халықтың судьяға деген сенімі мен құрметін арттырмай қоймайды.  
Жаңа кодекс талаптары судьялардың ар-намысы мен мәртебесін, қоғамдағы биік орнын айқындап, оларды өз мамандығына құрметпен қарауға ынталандырады және әлеуметтік жағынан дұрыс қорғалып, өздерін қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа кодексте судьяның бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен байланысы, сыбайлас жемқорлықпен күрес және жұртшылық алдында ресми  сөйлеуі сияқты жайлар да қамтылып, нақтыланған. Мемлекеттік органдарда қызмет істейтін қызметшілер арасында қызмет бабын жеке басының мүддесіне пайдаланатын жемқорлық сипаттағы заң бұзушылықтар өкінішке орай, аз кездеспейді. Судьялардың арасында да жемқорлыққа қатысты заң бұзу жағдайлары сирек те болса орын алып тұрады. Сондықтан, судьяны заң бұзушылық қана емес, жалпы адами теріс қылықтарға барудан сақтандыратын Әдеп кодексінің  талаптары жемқорлық сияқты жаман әдеттен аулақ жүруге үндейтіні сөзсіз. Жалпы алғанда, Әдеп кодексінде судьялардың өміріне қатысты барлық жайлар мен жағдаяттар толыққанды қамтылған.  Осыған орай, бұл кодекс судьялардың кәсіби қызметінде ғана емес, барлық жағдайларда өзінің адами бет-бейнесін заман талабына сай қалыптастыруына игі ықпалын тигізетініне сөз жоқ.  

Сұхбатты жазып алған  Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар