Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елім деп өткен әкімжан аға - АРҚА АЖАРЫ

Елім деп өткен әкімжан аға

Ақмола өңіріне, қала берді, бүкіл елімізге танымал болған тұлға, ауыл шаруашылығы саласын ұйымдастыру ісінің білгірі  Әкімжан Назаровтың туғанына биыл 125 жыл толып отыр.

 

Еңбегімен ел алғысына бөленген жанның өткен өмір жолының қай-қайсысы болсын, біз үшін ғибрат.  Әкімжан аға тек өзінің қарақан басының қамын  күйттемей, тұтас бір елдің мүддесін ойлады.  Басшылық қызметі сұрапыл соғыс кезеңімен тұспа-тұс келген  айтулы азамат  сол бір  ел басына күн туған  қиыншылық  кезеңде елінің, жұртының қамын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей күн қатып, түн қатып жұмыс істеді.  Осыған орай, еңбегі де еленіп, елдің қошемет-алғысын арқалап дүниеден  өтті.  Алайда, өкінішке орай, Әкімжан  Назаровтың ауыртпалықты қайыспай көтерген нар тұлғасы бүгінде көзден көмескіленіп, ерен еңбегі лайықты бағасын ала алмай отырған жайы бар.  
Бұл кісіні біздің көзіміз көрген жоқ, дегенмен, әкесінің аруағын асқақтату жолында шыр-пыры шығып жүгіріп жүрген перзенті Сәуле Әкімжанқызының айтқандарынан, баспасөзде  жарияланған дүниелерден абзал ағаның  өнегелі өмір  жолы, ерен істерінен толық хабардар болдық. Алайда, толық деп айтуға әлі ертерек секілді. Сонда да қолдағы бар мәліметтерімізді тарқата айтып көрейік.  
Өзі туып-өскен Оразақ ауылында жиырмаға толар-толмас шағында атқа мініп, кедейлердің артелін құрып, айналасы 7-8 жылдың ішінде оны  іргелі шаруашылыққа айналдыра білген  азаматтың алғырлығы мен іскерлігі сол кездің өзінен-ақ байқалғандай еді.
Әкімжан Назарұлының  адамгершілік, ізгілік  пен қайырымдылық  қасиеттерінің  жарқырай көрінген тұсы  Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Адамның бойындағы қасиеттері қиыншылық кезде сыналмай ма?  Сондықтан, Әкімжан ағаның елі үшін жасаған жанқиярлық еңбегін атаусыз, ескерусіз қалдырсақ, ұрпаққа сын болар.  Соғыс басталысымен-ақ ол өз еркімен майданға аттануға ниет қылған.  Бірақ, сол кездегі басшылықтағы тұлғалар ірі колхозға басшылық жасап келе жатқан іскер азаматты «Сіз тылға қажетсіз» деп арнайы броньмен алып қалған. Олар да осы бір адамның бойындағы  қажыр-қайрат пен іскерлік қарым-қабілетті байқаған болар, бәлкім?!.
Екінші майдан – тылдағы еңбекті ұйымдастыруға Әкімжан аға зор құлшыныспен кірісті. Еңбегінің жанғаны сол, аз жылда «Қызылту» колхозы мемлекетке тапсырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін еселеп арттырды. Ақмола өңіріндегі алғашқы суармалы егістік  алқабы дәл осы «Қызылтуда» дүниеге келді.
 Ол кісінің бастамасымен  «Екпінді бригада» атты колхозшылар тобы құрылды.  Шаруашылықтың сан саласында жұмысшы күші жетіспей жатқанда бұл да ойластырылып, қолға алынған шара еді. Сол кездері жастары  шау тартып қалған қариялар  күш біріктіріп, арық пен құдық қазды. Кейіннен осы құдықтар мен арықтардың пайда болуы нәтижесінде егістік алқабына су жіберіліп, тыңғылықты суарылды. Мол судың арқасында кеберсіген далаға жан бітіп, егінжай да жайқалып өсті.
 Әкімжан аға қарамағындағы елді  ашықтырмай, майданға да көмек берудің ниетімен көршілес Қорғалжын өңіріндегі елсіз жатқан  Асаубалық  көлінен балық аулап, жүздеген тонна балық өндіріп, оны майданға, Қорғаныс қорына жөнелтті. Бір айта кетерлігі, тұқымдыққа түйесі жоқ ауылда түйе түлігі күш-көлік ретінде пайда болды. Оны да сонау  Жезқазған өңірінен  барып, ат пен сиырға айырбастап әкелген-ді.
1942 жылы соғыстың нағыз қызып тұрған шағында  еліміздің барлық колхозшылары «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасын жасақтауға қаржы жинау ісіне жұмыла кіріскен-ді. Дәл осы кезде Ақмола облысында да «Ақмола осавиахимшылары» атты танк колоннасы жасақтала бастады. Ел үшін зор мәні бар бұл шарадан  «Қызылту» колхозының еңбеккерлері де шет қалмады. Осының нәтижесінде қызылтулық колхозшылар бірігіп, Әкімжан аға бас болып, танк колоннасын құру ісіне 230 мың сом қаржы жинап берді.
Әкімжан Назаровтың бұл өнегелі бастамасы көп ұзамай-ақ, байтақ елімізге жайылып, одан Мемлекеттік қорғаныс комитеті де құлағдар болды. Бұл орайда, Әкімжан ағаның атына Сталиннің қолы қойылған Алғыс хаттың келуін айтсақ та болады.
«Қазақ ССР-і, Ақмола облысы, Ақмола ауданы,  «Қызылту» колхозы, колхоз төрағасы Назаров Әкімжан жолдасқа.  Қызыл Армияның бронетанкті күштеріне қамқорлық жасағандықтарыңыз үшін  «Қызылту» колхозының колхозшылары мен колхозшы әйелдеріне және Назаров жолдас, Өзіңізге,  алғыс айтамын. Менің сәлемім мен Қызыл Армияның сәлемін қабыл алыңыз!
                                                                                                         И.СТАЛИН.
 Майдан үшін бар күш-жігерін сарп етіп, Жеңісті жақындатуға   қосқан үлесі үшін айтулы азамат 1943 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне қадаса, кейін «Ленин» орденімен марапатталды. Бұл абзал ағаның еңбегіне берілген лайықты баға еді. Бірақ, ол кісі үшін елінің алғысын арқалағаннан артық марапат болған жоқ.
Бар ғұмырын туған ауылын өркендету ісіне арнаған Әкімжан аға «Қызыл ту» колхозын табаны күректей 41 жыл басқарып, 1961 жылы зейнеткерлікке шықты. Бірақ, үйінде тыныш жатуды жазбапты.  Бұл  КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Никита Хрущевтің Қамбар ата түлігін жойып жіберуге бағытталған солақай саясатының дәуірлеп тұрған тұсы болатын.  Жылқы малына қауіп төнгенін байқаған Әкімжан аға тағы бір ерлікке бел буып,  өзімен серіктес біраз қариялардың басын қосып, алыстағы  Мыңжылқы аралында мыңнан астам жылқыны бағып,  иен даланы жайлау етті.
Судан тапшылық көріп, шөліркеген өлкені суландырып, жайқалтып егін өсіру бұл адамның басты мұраты еді. Сондықтан, Оразақты былай қойғанда, Қорғалжын өңірінен де бөгет салу жұмыстарын қолға алды.  Сол бөгеттердің біріне осы күні Әкімжан атауы берілген.  Сонау жетпісінші жылдары  Әкімжан ағаның бір немересі Краснознамен ауданына (қазіргі Егіндікөл ауданы)  мұғалімдік қызметке барғанда, сол елдің байырғы тумасы, орыс азаматы оны Әкімжан бөгетіне ертіп барып, «Қарағым, мынау сенің атаңның салдырған бөгеті» деп ыстық ықылас білдіруі  абзал тұлғаның еңбегіне берілген лайықты баға десек болады.   
«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»  деп  дана Абай айтқандай, адам бойынан табылуға тиіс осы үш қасиеттің үшеуі де айтулы азаматтың бойында бар болатын. Ол үлкен жүректі, қайырымды жан еді. Алдына келген адамдардан көмегін еш аямады. Оның қамқорлығын сезінгендер қаншама. «Жақсылармен тең едім, жамандарға көп едім» демекші, ол көпке  қамқор бола білді. Сонау батыс өңірінен жер аударылып келген орта жастағы бір адам мен ұлты өзбек бір азаматты көшеде қайыр сұрап отырған жерінен алып келіп, адам қатарына қосқан да осы Әкімжан аға болатын. Солардың біреуі шопан болып, енді бірі ауыл молдасы болып елмен етене араласып кетті. Кейін естерін жиып, елдеріне қайтып кетсе де,  кейін Оразаққа, қамқоршы ағасына  қайтып оралған екен.
Ал, 1937 жылғы зобалаңда дәл іргедегі «АЛЖИР» лагерінде азап шеккен  әйел-аналардың зар-мұңын, қасіретін жеңілдету мақсатында оларға да қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей  қамқорлық жасағаны неге тұрады?!.
Былайғы жұртқа көз қылып,   «халық жауларының» әйелдерін  жұмысқа саламын деп алып кетіп, киіндіріп, тойындырып, ес жинатып әкеліп тастайтын ерлігін қалай бағаламасқа. Оның мұнысы расында, көзсіз ерлік болатын.  Жоғарғы жақтағылар сезіп қалса, маңдайынан сипамайтындығын біле-тұра, осындай батыл қадамға барғанын айтсаңызшы.  
Бара-бара Қазақстанның шалғай ауданында жатқан осы бір Оразақ ауылының, Әкімжан Назаров басқарған «Қызылту» колхозының атақ-даңқы бүкіл Одаққа жайылды.  Ұжымның еңбегі, оның  іскер басшысы туралы сол кездегі еліміздің басты басылымдары –  «Правда» мен «Советский воин»  газеттері мақала   басып, ерен еңбек иесіне алғыстарын   жариялады.
Арқаның арда азаматы  Рақымжан Қошқарбаев, Талғат   Бигелдинов сияқты ұлтымыздың мақтаныштарымен де араласып-құраласып тұрыпты. Ақмола өңіріне ат басын бұрған елімізге танымал тау тұлғалардың барлығы да Әкімжан ағамен жүздесіп, дидарласпай қайтпаған. Олардың арасында Оразақ ауылына табаны тимегендер кемде-кем. Қаныш Сәтпаев тәрізді  тау тұлғалармен хат жазысып та тұрған. Тіпті, Қаныш Имантайұлының көмегімен өзінің ауыл шаруашылығын жүргізудегі көп жылдық тәжірибесін жинақтап, шағын кітап жазуды да ойластырған екен. Оның ұлы ғалымға осы тұрғыда өтініш білдіріп, сонау 1956 жылы жазған хатының көшірмесі әлі сақтаулы. Осы сөзіміздің  тағы бір дәлелі – Әкімжан ағаның шаруашылық жүргізудегі озық іс-тәжірибесін сол кездегі Ақмола ауыл шаруашылығы институтының  ұстаздары мен профессорлары студенттеріне дәріс ретінде оқытыпты.
Осынау мысалдардан-ақ, шарапаты мол жанның жақсыларға жақын жүргендігін байқаймыз. Сонау алпысыншы жылдардың басында   ұлы суреткер Мұхтар Әуезов Бурабайда демалысын өткізіп жатқанда жанындағылардан Ақмола өңірінің айтулы азаматтары жайлы сұрағанда, Әкімжан Назаровтың ерен еңбегі мен адамгершілік қасиеттерінен құлағдар болып, арнайы келмекші де болыпты. Бұл туралы естіген Әкімжан аға қатты қуанып, ұлы адамды қарсы алуға дайындықты бастап та кеткен екен.  Алайда, қатал тағдыр екі арыстың кездесуіне  бөгет жасады. Көп ұзамай  көркемсөз алыбының   көз жұмғандығы белгілі.
Төрт жылға созылған алапат соғыс аяқталған соң халқымыздың алдында соғыстан тұралаған шаруашылықты қайта қалпына келтіру міндеті тұрды. Қанша жерден күш салғанымен ат арбамен, өгізбен алысқа бара алмасын сезген Әкімжан Назаров Ақмола қаласындағы  «Казахсельмаш» зауытымен келісім-шарт жасайды. Атап айтқанда, олардан техника мен қосалқы бөлшектер алып, адам күшін пайдаланды. Ал, олар науқан аяқталғанда еңбеккүндеріне қарай азық-түлік алып тұрды. Бұл екі жаққа да тиімді болатын. Міне, осы айтылғаннан-ақ Әкімжан Назаровтың істің көзін таба білген іскерлік қабілетін айқын аңғаруға болады.
Әрине, асыл азаматтың ардақ тұтар қасиеттері,  өнеге аларлық тәлімі  мол. Бұл турасында кезінде баспасөз беттерінде талай рет айтылды да, жазылды да.  Сөздің нақтылы түйіні  – елі үшін еңбек еткен ердің  аруағын  ардақтап, рухын асқақтатып,  есімін мәңгі есте қалдыру. Өзі  тұрып  еңбек еткен, өзі өрге сүйреген Оразақ ауылына Әкімжан Назаровтың атын берудің уақыты келді ғой деп ойлаймыз. Оны кезінде көнекөздердің өзі «Әкімжан ауылы» деп атаған. Алайда, басылым беттерінде жарияланған ойлы мақалалар мен ұсыныс-тілектер биліктегілердің құлағына жетер емес. Сондықтан, ғибратты ғұмыр иесінің алдағы мерейтойы қарсаңында осы бір талап-тілек жерде қалмаса екен дейміз. Арыстарды ардақтау бүгінгі ұрпақтың басты парызы емес пе?!.
Біз бұл мақаламызда  абзал азаматтың бойындағы ізгі қасиеттері мен қайраткерлік қабілет-қарымының бізге белгілі жақтарын ғана тізіп жаздық, ал белгісізі қаншама. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында тынымсыз тірлік кешкен, береке мен бірлікті басты орынға қойған ел ағасының басқа да қырлары жөнінде тың   деректер шығып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.                                                                     

Талғат САНСЫЗБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар