Жүйкені жұқартып, дертке шалдығудың төрт себебі

Бүгінде адамзат үшін ең үлкен қатер болып отырған жүрек-қан тамыр ауруларының негізі – жүйке жүйесі қызметінің бұзылуынан екендігі белгілі. Жалпы, аурулардың 90 пайызы жүйке жүйесінің бұзылуынан орын алады екен. Стресс, депрессия деп аталатын дерт  жасты да, кәріні де темір құрсауына алып, шарықтап дамыған медицинаға бой бермейтін ауруға айналып барады.

Қорқыныш
Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қорқыныш атты құбыжықтан жапа шегеді. Қорқыныш адамның көлеңкесі сияқты өле өлгенше қыр соңынан қалмай, азапқа салады. Еш пенде қашып құтыла алмайтын кәріліктен, жалғыздықтан, аурудан қорқудан басқа да қорқыныштар жетерлік.
Жұмыссыз қаламын-ау, несиемді қалай жабамын, қожайын жалға алған пәтерден шық десе қайда барамын деген сияқты күнделікті кездесетін жайлар бізді үнемі қорқыныш пен үрейде ұстайды. Адамдардың көбі өкінішке орай, қыр соңынан қалмай ішкенін ірің, жегенін желім ететін қорқынышты ауру деп санамайды және психолог дәрігерге көрінуді ойламайды.
Ондайлар ақыл-ойын түгел билеп алып, жүйкесін жүндей түткен үрей мен қорқыныш өздігінен уақыты келгенде таңғажайыптың күшімен жоғалады деп үміттенеді. Осындай жалған үмітке алданған пенделер жүйкесінің жұқарып, депрессия деп аталатын дертке ұшырағанын сезбей қалады.

Ұрыс-жанжал
Біреумен ұрыспаса ішкен тамағы бойына дарымайтындай көретіндер бар. Ондайлар әдетте қабағынан қар жауып жүреді және сәл-пәл себеп табылса болды, ұрыса кетеді.  Автобуста бейтаныс адамның сәл ғана ұнамсыз әрекеті ашу-ызасына тиетіндерді талай көрдім.
Ашудан дірілдеп-қалшылдап не айтып, не қойғанын білмейтін күйге түсетіндер бар. Ашу-ызаға бой алдыру, жанжалдасу жүйкені жұқартып, стресс деп аталатын дертке ұрындыратын ең төте жол. Оның салдары: бас ауруы, әлсіздік, қан қысымының жоғарылауы. Мұның ақыры инсульт және инфарктқа әкеліп соғатыны анық.

Міндетсіну
Бала-шағасын, жұмысын, тіпті өмір сүріп жүргенін міндетсініп, үнемі басқалардың бағынып бойұсынуын, жанашырлығын талап етіп жүретіндер көп. Ондайлар әдетте өз талаптарын құзырлы органдарға ғана емес, айналасындағы өзі сияқты қарапайым жандарға да қойып жүреді.
Емханаға барғанда дәрігерлерге өзінің ауруы үшін бейне сол кінәлідей шүйлігіп, заңды құқығын алға тарта сөйлейтіндер, әлдене қажет болып банкке, болмаса басқа қызмет көрсету мекемесіне бара қалса, кезекке тұрмай, жұрттың алдын орап жүйкелерін жұқартып, ауру шақыратындар бар. Ондайлардың жүзінен күлкі табын сирек көресіз,  әзіл-қалжыңға да жоқ, керісінше әкіреңдеп сөйлеу, дөрекілік таныту, ашуға беріліп айқайға басуға дайын тұрады. Бұндай мінез-құлықтың салдарынан жүйке жұқарып, ұйқысы, тәбеті бұзылады, қан қысымы ауытқып, онан әрі жүрек-қан тамыр ауруына ұшыратады.

Демалыссыз жұмыс істеу
Бүгінде тәулігіне 10-12 сағат, тіпті онан да көп уақыт жұмыс істететін мекемелер мен кәсіпорындар көбейді. Күнкөріс үшін амалсыз сондай мекемелерде уақытпен санаспай жұмыс жасайтындар, демалыс дегенді білмейтіндер бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, депрессия деп аталатын дертке ұшырайтындар қалыпты 8 сағат немесе  бес күн жұмыс істейтіндермен салыстырғанда, 10-12 сағат, не 7 күн жұмыс істейтіндер арасында бес есеге дейін көп екен. Демалыссыз жұмыс істеу адамды шаршатып қана қоймай, ағзаның қалыпты табиғи биологиялық ырғақтылығын бұзады. Оның салдары: қан қысымы жоғарылап, ұйқының бұзылуына әкеліп соғады. Онан әрі жүрек-қан тамыр ауруына ұшыраған соң, инсульт, инфарктың ауылы да алыс емес.
Түйін: «Қарамаса әйел, бақпаса мал кетеді» дейді қазақ. Денсаулықты сақтап, өзін-өзі күтпесе, ауруға ұшырау оңай. Ал, дертке бір бой алдырған соң оған екіншісі қосылып, өрши бермек. Бүгінде жыл са-йын әлемде миллиондаған адамның өмірін жалмап жатқан ең қатерлі дерт саналатын жүрек-қан тамыр ауруы осылайша жүйке жүйесі қызметінің бұзылуынан пайда болады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жүйкеңізді артық салмақтан қорғап, дертке жол ашпайын десеңіз, өзіңізді күтіп, ашу-ызадан, ұрыс-жанжалдан аулақ болғаныңыз жөн. Ең дұрысы, айналаңыздағы барша адаммен жылы қарым-қатынас жасап, ертеңгі күннен жақсылық күтіңіз. Сонда стресс, депрессия деген дерттерден аулақ болып, өміріңіз де жеңілдейді, ең бастысы, денсаулығыңыз жақсарады.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар