«Әрбір атқарған ісіміз ел бірлігін көздейді»

Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық басшысы Марал Жақыпова:

 

– Марал Қажыкенқызы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлі, соның ішінде Ақмола ассамблеясының негізгі міндеттері жайлы айтып өтсеңіз?
– Ең алдымен, Ассамблеяның құқықтық негізіне тоқтала кетейін. Алғаш 1995 жылы
1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент жанындағы кеңестік орган ретінде құрылған болатын. 2007 жылы Ассамблеяға конституциялық мәртебе беріліп, Қазақстан этностарына Парламентте өкілеттік берілді және Қазақстан халқы Ассамблеясы атанды, яғни, қазақстандық біртұтастыққа, бірегейлікке сол тұста алғашқы қадам жасалды. Ал, 2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданып, Ассамблея мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін ұйым ретінде белгіленді. Сондықтан, Ассамблеяның түп мақсаты – қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады. Ал, Ассамблеяның негізгі міндеттері – этносаралық келісім мен толеранттықты нығайту арқылы ел бірлігін дамыту жолында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамдық институттардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету,  қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен азаматтардың құқықтары және бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу, Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады.
Ассамблеяның қоғамдағы рөлі 2010 жылы қабылданған Қазақстанның Ел бірлігі доктринасында және 2015 жылы Елбасы Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасында айқындалған. Ел бірлігі доктринасы – халықтың уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттілігін түсінуіне негіз болмақшы. Бұл – бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді – соны түсінудің тәсілі және  болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні. Өйткені, бірліксіз тірлік жоқ. Бірліксіз ұлт жоқ. Ұлтсыз мемлекет жоқ. Ал, мемлекетсіз болашақ жоқ. Сондықтан, Ассамблеяның қоғамдағы атқаратын рөлі өте маңызды.
Өзіңізге мәлім, Ассамблея – еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген де дана шешімі. Бүгінде этносаралық қатынасты реттеуде қазақстандық модель әлемде теңдесі жоқ жоба болып табылады және бұл жоба өзінің өміршеңдігін жылдан-жылға дәлелдеп келеді. Ал, енді облыс әкімі төрағалық ететін Ақмола  ассамблеясы өз қызметін 2014 жылы Елбасының Жарлығымен құрылған «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі арқылы іске асыруда. Осыдан екі жыл бұрын облыс басшылығының салып берген тамаша ғимараты бар. Сол ғимараттың ішінде этномәдени бірлестіктер, Ассамблея тарапынан құрылған ғылыми-сараптамалық орталық, журналистер клубы, Аналар кеңесі, мемлекеттік тілді насихаттау мен дамыту орталығы, балалар мен жастар қауымдастығы, қолөнер шеберлерінің қауымдастығы құрылған. Мұнымен қатар, қалалық білім беру орталығына қарасты «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығының филиалы – «Шаңырақ» жексенбілік мектебінде орыс, неміс, татар, поляк, кәріс, ингуш, чуваш, армян ұлттарының тілдері оқытылуда.  Осындай тілтаным сыныптарын ашу жұмысы жылдан-жылға жалғасын табуда.
– Ассамблея қызметіндегі жаңа бағыттар жайлы не айтасыз?
– Шілде айында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ХІХ сессиясы болып өтті. Сессияның күн тәртібі Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында Елбасымен белгіленген тапсырмаларды орындау туралы болғандықтан, Ассамблеяға жүктелген қызметтің жаңа бағыттары басты назарымызда ұсталуда. Біріншіден, Ассамблея «Қайырымдылық туралы» Заң негізінде осы бағытта атқарылатын жұмыстың үйлестірушісі болып табылады. Бүгінде облыс көлемінде қайырымдылық шараларын жүйелі түрде іске асыратын 300-ден астам тұлға бар. Қайырымдылық шараларының ұйымдастырылуын, халықтың ауқатты бөлігінің жоқ-жітікке қарасуын қадағалау Ассамблеяның жаңа міндеті.
Екінші ауқымды міндеттің бірі – қоғамдық келісім  кеңестерінің жұмысын үйлестіру. Мұндай кеңестер Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында берілген тапсырмаға орай, 2013 жылы облыс әкімінің шешімімен аудандар мен ауылдық округтерде және Көкшетау, Степногорск қалаларында құрылған болатын. Былтырғы жылы аталмыш кеңестердің қызметі туралы жаңа ереже бекітіліп, қазір жұмыстары жандандырылу үстінде. Бұл кеңестердің қызмет ауқымы мен мүмкіншілігі өте кең. Тек жергілікті басшылық соны дұрыс пайдалана білуі қажет. Қоғамдық келісім кеңесінің құрамына елге сыйлы, абыройлы азаматтар енгізіліп, жүйелі түрде жұмыс жасаған жағдайда ел ішіндегі түрлі әлеуметтік мәселелерді шешу мүмкіндігі бар. Осы жұмыс дұрыс жолға қойылған елді мекендерде мұндай  кеңестер билік пен халық арасындағы мықты тірекке айналып отыр. Бұлардың қатарында Астрахан, Бұланды, Есіл, Жарқайың, Зеренді, Сандықтау, Шортанды аудандарын атап өтуге болады. Қоғамдық келісім кеңестері әкімдерге үлкен көмек. Әйткенмен, бұл мүмкіндікті әлі де толық пайдалана алмай отырған елді мекендер бар. Қазір облыстық ассамблея осы тұрғыда аудан әкімдерімен тиісті жұмыс жүргізуде. Өйткені, қоғамдық келісім елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепілі және негізі болып табылады.
Жаңа міндеттердің енді бірі – медиация жұмысы. 27 маусымда облыстық әкімдік пен облыстық сот арасында өзара бірлесіп атқаратын шаралар жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл – саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау жолындағы нақты қадам. Осы орайда, отставкаға шыққан судьялардың көмегі ұшан-теңіз. Көп жылғы тәжірибе мен білімнің нәтижесінде ел ішіндегі, адами қарым-қатынастағы келіспеушілік пен кикілжіңдерді сотқа жеткізбей шешу осы медиация орталықтарына жүктеледі. «Қоғамдық келісім» жанынан медиация кабинеті ашылып, сенім телефоны жұмыс істейді. Кәсіби медиаторлар, судьялар мен кәсіби емес медиаторлар, яғни, бітімгерлер, қоғамымыздағы абыройлы жандар халыққа осы тұрғыда қызмет көрсетуде.  
– Биыл Ұлт жоспарын орындау аясында «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабылданды. Осы құжаттың маңыздылығы және  басым бағыттары жөнінде не айтар едіңіз?
– «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын Елбасы алғаш 2010 жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыста көтерген болатын. Бір жылдан соң Астанада еліміздің жаңа символы, ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған егемендігіміздің белгісі «Мәңгілік ел» қақпасы ашылды. Ал, 2013 жылы Елбасы тәуелсіз мемлекетіміз жайлы айта келіп, осы мұратқа қол жеткізген 1991 жылдан бергі  жеті жетістігіміздің ең біріншісі – «Біздің қасиетті еліміз – Мәңгілік ел» деген болатын. Ал, 2014 жылы ел халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы біздің ұлттық кодымыздың кілті. Бұл Қазақстанның қалыптасу жолындағы мемлекеттік идеологиясының негізі» деп көпұлтты халқымызды бір ел идеясына біріктірді. Сол жылы Ассамблеяның ХХІІ сессиясы да «Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен өткен болатын. Ал, Ассамблея жылы деп жарияланған былтырғы 2015 жыл шыныменен, көпұлтты мемлекетіміздің басты байлығы – халқымыздың бірлігі  екенін айқын көрсетіп берді. Биылғы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланатын мерейлі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабылданды. Оған біздің әрқайсымыз үшін ең қымбат ақиқаттар – отбасымыз бен Отанымыздың амандығы, бейбітшілік пен тұрақтылық, бірлік пен татулық, әрқайсымыздың еңбегімізбен көгеретін еліміздің ертеңіне деген сенім ұғымдары өзек болған. «Мәңгілік ел» патриоттық актісі жеті тұғырдан тұрады. Олар:  Тәуелсіздік және Астана; Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім; Зайырлы Мемлекет және жоғары Руханият; инновация негізіндегі тұрақты Экономикалық Өсім; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы;  Тарихтың, Мәдениет пен тілдің ортақтығы; Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
– Елбасымыз бір ел, бір тіл қағидатын ұстана отырып, ұдайы халқымыздың бірлігі мен тұтастығын сақтауға шақырып келеді. Осы орайда, Қазақстан халқын қандай құндылықтар біріктіреді деп ойлайсыз?
– Қандай да бір елдің азаматы болу – әр адамның тағдыры. Алайда, адамдар әрқашан таңдау құқығына ие. Осы таңдау бізді Тәуелсіз Қазақстанның азаматы етіп отыр. Сондықтан, тарихи тағдырымыздың ортақтығын және осы таңдауды түсіну – елдің барша азаматын біріктіретін ең басты негіз. Бір мемлекетте тұрып, өзге елдің заңына бағынып өмір сүру, азаматтықтың барлық құқығына ие бола отырып, оның міндеттерін орындамау мүмкін емес. Ел бірлігі доктринасында дәл осылай жазылған.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 4-бабында Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы делінген. Бұл орайда, мен осы жерде туып, өсіп-өніп отырған өзге ұлтты кінәлап отырған жоқпын, керісінше, оларға тілімізді үйрете алмай келе жатқан өзімізге назар аударғым келіп отыр. Өзгеге үйреткенді былай қойып, өзіміз білмейтін және білгіміз келмейтін келеңсіздіктің де бар екенін несіне жасырамыз. Өзімізді өзіміз сыйламасақ өзгелер бізді қайдан сыйласын.
Елбасы Н.Назарбаев: «Біз мемлекеттік тілді қоғамды біріктірудің негізі, ал, үштілділікті елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты ретінде дамыту қағидатын ұстанатын боламыз» деп атап көрсетті.   Ассамблеяның бұл тұрғыда атқаратын рөлі өте маңызды. Қазақстанды мекен етіп отырған әр этностың мемлекеттік тілді үйренуіне ықпал ету, сол арқылы бірлік пен бірегейлікке қол жеткізу күн тәртібінде тұрақты тұрған мәселе. Осы орайда, биылғы жаңа оқу жылында «Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау орталығында облыстық тіл басқармасымен және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы – Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтымен бірлесіп жаңа қазақ сыныптарын аштық. Облыс орталығындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелерін мемлекеттік тілді меңгеруге жұмылдыру қазан айының 1-інен басталмақшы.
– Ақмола облысында қанша этно-мәдени бірлестік бар? Олар негізінен, қандай  қызметтер атқаруда?
– Бүгінгі таңда облыс бойынша әділет департаментінде заңды тіркеуден өткен 39 этномәдени және қоғамдық бірлестік бар. Оның 12-сі облыс орталығында, қалғандары Степногорск қаласы мен аудандарда орналасқан. Этномәдени бірлестіктердің негізгі қызметі өздерінің ұлттық тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жаңғырту, сақтау және дамыту болып табылады. Бұл мақсатқа көбіне-көп жоғарыда айтылған жексенбілік мектеп, ұлттық мәдени-көпшілік шаралар арқылы қол жеткізілуде. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктер облыстың қоғамдық-саяси, мәдени өмірінен ешбір сырт қалмауда. Әр этномәдени бірлестік «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесімен тығыз байланыста жұмыс істеп,  облыстағы этносаралық және конфессияаралық татулыққа барынша оң ықпалын тигізіп келеді. Ассамблея тарапынан ұйымдастырылатын қайырымдылық іс-шараларына қосып келе жатқан үлестері өз алдына бір төбе. Әрбір атқарған ісіміз ел бірлігін көздейді. Міне, тәуелсіздігіміздің жемісі болып табылатын Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының бүгінгі таңда атқарып отырған жұмысы туралы қысқаша осыны айтуға болады.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Жанат СӘБИТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар