Ырыс алды – ынтымақ

Қазақстан ұлтаралық келісім мәселесіне зор көңіл бөліп отырған мемлекет. Біздің елімізде  барлық ұлттардың еркін еңбек етуіне, сүйікті кәсібімен шұғылдануына, қаласа саясатпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Осынау ел бірлігі мен тұтастығы жолында көп жұмыстарға ұйтқы болып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясына ризашылығымыз шексіз.

Мен  Көкшетау қалалық емханасында терапевт дәрігер болып жұмыс істеймін. Күн сайын 20-25 адамды қабылдап отырамын. Дәрігер ретінде мен  үшін ең бастысы  – адамдарға көмектесу. Себебі, бір адамның денсаулығы оның үй-ішінің амандығының кепілі.   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  бір сөзінде «Дені сау ұрпақ – ұлтымыздың келешегі. Ұлт денсаулығын жақсарту әр кез мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі» екенін баса атап өткен еді. Мемлекет басшысының осы тұжырымы жұмыста одан бетер  жігерлендіре түседі.
Жұмыстан бос уақытымды «Бари» армян этномәдени орталығында өткіземін. Қазақ  халқы және армян ұлты арасында көп ұқсастық бар. Әсіресе, екі ұлтта да қонақжайлылық пен баршаны бауырына тартатын жайсаң мінез басым. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, мұнда да екі ұлт  ғасырлар бойы туған жерлерін жаудан қорғап, егемендікке қол жеткізу үшін  аянбай күрескендігі тәнті етеді.  Біздің ата-бабамыз  кемелденген болашақты аңсады. Осылайша екі халық бұл күндері өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, мемлекеттерінің толыққанды дамуы үшін аянбай еңбек етуде.
Елдің бірлігі аға мен інінің, көрші-қолаң, туған-туыстың арасындағы өзара ынтымақ пен ыстық ықыластан бастау алады. Осы орайда, біздің жазушыларымыз бен ақындарымыздың арасында өрбіген достықты айтпай кетуге болмас. Әйгілі әншілеріміз Күләш пен Гоар өте жақын құрбылар болған. Армян Виктор Амбарцумян  жұлдыздар жүйесін зерттесе, Қаныш Сәтпаев жер қойнауын барлады. Ал, армян ұлтының өкілі Левон Мирзоянды қазақ халқы «мырзажан» деп құрмет тұтқан. Иә, шынымен қаншама ұлт пен ұлыстың өкiлi бiрге тұрып, бiрге жасап, бiр мақсатқа жұмылып өмiр сүрiп келе жатқан  қазақ елінде достық ұғымының мәні өте тереңде.
Бізде ұлтаралық қатынастың жақсы жолға қойылуы ынтымақтастық пен ұрпақтар сабақтастығын мейлiнше өркендетуге септігін тигізуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл міндетті мүлтіксіз орындап келеді. Ассамблея ұлттар достығының алтын көпiрiне айналып отыр. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған этнос өкілдерімен бір үзім нанды бөлісіп жеп, үйіне паналата білген қазақ халқы дарқан көңіл, қонақжай. Осы ретте, Тәуелсіздіктің 25-ші белесінде тұңғыш рет Алғыс  айту күнін атап өтуіміз  тектен-тек емес. Бұл бүгінгі таңда Қазақстандағы бірлік пен ынтымаққа негізделген мемлекеттік саясаттың жанды көрінісі. Алғыс айту арқылы адамдар арасындағы түсіністіктің, сыйластықтың жаңа қыры ашылады. Түрлі этнос өкілдері бір-біріне ризашылық білдіріп, риясыз көңіл танытуы халқымыздың тыныштығын бекемдей түсетініне сөз бар ма?!.
Алғыс айту күнінің негізгі нышаны кәдімгі қазақтар сүттен жасайтын құрт болды. Көпшілік сүйсіне жейтін тағамның таңдалуының сыры да бөлек.  Тоталитарлық кезеңнің қасіретті жылдарында өзге елдерден мәжбүрлі түрде қоныс аударған адамдар санында шек болмады. Сол кезде жоқшылықтың тауқыметін көріп отырған қазақ халқы қолдан келгенше оларға көмектесуге тырысып бақты. Олар АЛЖИР тұтқындарын да құрт лақтыру арқылы  аштықтан құтқарудың амалын тапқан еді. Міне, қазақ халқының осы бір ұлттық тағамы қаншама адамдардың өмірін сақтап, халықтар арасындағы достықты нығайта түсті.
Бүгінде біздегі барлық ұлт өкілдерін Қазақстанға деген шексіз сүйіспеншілік біріктіреді. Тағдыр тауқыметін бастан кешкен ұлттардың жергілікті ұлттың осы бір қадір-қасиетін білуі  өзге мемлекеттерге үлгі болар ынтымақтастықты бекем сақтап келеді.

Арминэ ТОРОЯН,
Көкшетау қалалық емханасының терапевт дәрігері, «Бари» армян этномәдени орталығының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар