Жақсының атын жаңғыртқым келді

 

Жұмыс кабинетіме ертеректен танитын, биязы мінезінен, сәл-сәл ұяңдығынан тектіліктің лебі есіп тұратын Гүлнәр Бүркітбайқызы келді. Ертеректе Көкшетау қаласындағы білімнің қара шаңырағы санатындағы №3 орта мектептің директоры болып қызмет еткен кезінен білуші едім. Оның өзін ғана емес, анасы Рахима Темірбекқызын да. 1980 жылдардың бас кезінде бұрынғы «Жетімдер мен жартылай жетімдердің» мектебінде біз де оқығанбыз.

 

Өне бойы аздап қаталдау көрінетін, сабақ барысында ойы сан-саққа ауып отыратын көген көздерді тырп еткізбей ұстайтын мұғалім еді. Сабағы орыс тілі. Біздің оқымаған жерімізден келетін пән. Тірі орысты көргеніміз бертін ғана. Ауылда оныншы класс бітірген қыздар орыс тілінен сабақ бере беретін. Өздері де орысшаны оңдырып тұрғаны шамалы. Олардан оқыған біздің арамыздан орысша тіл сындырып,  қара танып кеткендер аз. Диктант жазамыз. Қасқыр талаған қойдай қып-қызыл. Әйтеуір, өлдім-талдым дегенде нан сұрап жерлік сауат аштық. Оның өзі тәртібі қатал, тағылымы зор Рахима Темірбекқызы мұғаліміміздің арқасында.
Біз алдын көрген, тәлімі мен тәрбиесін ұққан Рахима Темірбекқызы кілең мықты мұғалімдер сабақ беретін білім ошағындағы ұстаздардың қатарынан тұғын. Оқыңдар, керек болады, егер орыс тілін білмесеңдер жоғары оқу орнына түсе алмайсыңдар деп ақыл айтатыны есімде. Орыс тілін жақтағандықтан емес, балалардың болашағын ойлағандықтан ұқтырған ұлағаты ғой. Ұстазымыздың жары Бүркітбай Күшпаев ағамызды алғаш көргенім де дәл бүгінгідей көз алдымда. Ол кезде облыстық мектеп-интернатта оқитын Құдайберлі Мырзабек екеуіміз дос-жармыз. Кейін Құдайберлі кеңес армиясы қатарында борышын өтеп келген соң облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне қызметке қабылданған. Күнде болмағанымен, күнара соғып, өзімізді қатты қызықтыратын редакция жұмысымен танысамыз. Күндердің бір күнінде Құдайберлінің әкесі Мырзабек ақсақал өмірден өткені туралы суыт хабар келді. Ол кезде не қат, жол-жоралғыға қажетті жабдық керек. Редакциядағы рухани ағамыз Төлеген Қажыбаевтың тілдей қағазға жазылған өтінішін алып сол кезде «Казтекстильторг» сауда базасының бастығы болып қызмет ететін Бүркітбай ағамызға бардық. Бізді баласынған жоқ, айтқан өтінішімізді тыңдады. Төлеген ағамыздың тілдей қағазын оқыды. Содан соң бәрін тындырып берді. Дән разы болдық. Ағамыздың жағдайды түсінген, біздің мүшкіл халімізді ұққан адамгершілігін, кісілігін қосарлана мақтадық. Осы бір сәт жадымда жатталып қалыпты. Ара-тұра газет шаруасымен өтініш айтатын Гүлнәр Бүркітбайқызының жан жүрегіндегі әкеге деген шуақты сезімін ұғына отырып, естелік жазуды хош көрдік. Жолыққанымыз жалғыз мәрте. Кейін ойын-тойда сан көрсек те, қаптаған халықтың ішінде кімнің кім екендігін анық байыптай қоймайсың ғой. Әйтпесе көп сөзге жоқ сабырлы тұлғасы, ақыл-парасаты айқын көрінетін кісілік келбеті біздің де көз алдымызда. Қызы әкелген сарғайған газет парақтарын, архив құжаттарын сүзіп оқып, пайымдағанымызға орай сөз сабақтайықшы.
1943 жыл. Ұлы Отан соғысының ең бір күшіне еніп, қызуы бет қаратпай тұрған шағы. Сол кездегі Чкалов ауданына қарасты шоқ жұлдыздай шағын ғана Қарағаш ауылында кіндік қаны тамған, небары он жеті жастағы бозбала майданға сұранған. Отанын қорғау үшін. Майдан дегеннің азап, азап емес-ау, біз көрмеген, бірақ, еміс-еміс естіген тозақ екендігін біле тұра. Балалық емес, ерлік, ерлікті көксеген, ел қорғауды мұрат еткен ер парызын ұғыну деп жорамалдадық. Майдан даласындағы басқыншы жаумен алысқан отты жылдар өз алдына, соғыс аяқталған соң да екі жыл қызмет етіпті. Сөйтіп, 1949 жылы ғана туған жердің топырағын басқан. Ендігі бейбіт өмір. Бірақ, онда да қоғамға қызмет ету парыз. Сөйтіп жүргенінде алдыңғы буын ағалардың ақылымен Көкшетау қаласындағы №3 мектепке әскери пән оқытушысы, сол кездің тілімен айтқанда әскери жетекші болып орналасқан. Оған қоса пансиондағы ер балалар жататын жатақхананың тәрбиешісі. Кілең қамкөңіл балалар. Арқа сүйер әкелері майданда қаза тапқан, кейбіреуінікі тірі келгенімен, тәні жаралы, жаны күйзелген жауынгерлер. Ал, солардың замананың желі тоңдырған балаларын тәрбиелеу қайдан оңай болсын. Бірақ, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарған. Бәлкім, содан да болар, ағамыздың тәлім-тәрбиесін көрген талай оқушы болашағын әскери қызметпен байланыстырған.
Болашақтың білімде екендігін зерек көңілімен ұққан Бүркітбай аға 1953 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің экономика факультетіне сырттай оқуға түсіп, аяқтап шығады. Одан соң 1952 жылдан 1974 жылға дейін Көкшетау қалалық кеңесіне депутат болып сайланған. Кәдімгідей елдің мұқтажын ойлайтын, халқы сеніп, қалауын айтатын жалпақ жұрттың жоқшысы. Онда да ел қолынан іс келетін, өзіндік айтар ойы бар, тұлғасы озық, тұғыры биік адамды таңдамай ма. Дәл осындай таңдау Бүркітбай ағамызға түскеніне қарағанда көзі қарақты қалың ел тегіннен-тегін таңдау жасамаған ғой. Қалалық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, арада біраз уақыт өткен соң қалалық Кеңес төрағасының орынбасары, облыстық партия комитетінде қызмет істеуі бойындағы қарым-қабілетті, жауапкершілік жүгін ұға білетін зеректікті көрсетсе керек. 1973 жылы облыстық партия комитетінің тағайындауымен «Казтекстильторг» сауда базасының директоры болып тағайындалған. Осы қызметте жүріп зейнеткерлікке шыққан.
Мұның барлығы қысқаша қайырып айтқан сараң мазмұнды ғұмыр деректер ғана. Ал, адами кісілік келбеті, парасат-пайымы, елге сіңірген еңбегі таңды таңға жалғастырып жырлайтын ғұмыр дастан. Көкшетау халқының ортаймайтын қазынасы дәл осындай үлкен өмір мектебінен өткен, саналы ғұмырын туған жұртының әлеуметтік тұрмысын жақсартуға арнаған асыл перзенттері еді. Солардың бірі Бүркітбай Күшпаев ақсақал-тұғын. Ағамызбен бірге тәлімгер ұстаз Рахима Темірбекқызы да өз еңбегін барынша беріліп, адал атқаруының арқасында жүздеген шәкіртке айқын да анық бағыт-бағдар беріп, білім нәрін сіңіріп, шұғыласын төккен адам.
Жылыстап жылдар өткен сайын ілкідегі жақсы мен жайсаңның қайсыбірінің атаулы аты біржола өшпегенімен, көмескі тартатыны бар. Өйткені, ұрпақ жаңармақ, ескінің орнын жаңа баспақ.
Әке жайлы толғанып келген, ана жайлы сағыныш мұң айтқан Гүлнәр Бүркітбайқызының айтқысы келген ойын толқулы жүзінен, толғанысты сәтінен ұғып, осы бір ұлан-ғайыр ғұмыр деректің титімдей тарауын жазып бергім келді. Абзал әкенің, асыл ананың есімдері ел жадында тағы бір жаңғырса екен деп.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар