Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
АЯЛЫ АЛАҚАН, МЕЙІРІМДІ ҚАМҚОРЛЫҚ АЯСЫНДА - АРҚА АЖАРЫ

АЯЛЫ АЛАҚАН, МЕЙІРІМДІ ҚАМҚОРЛЫҚ АЯСЫНДА

Әр жылдың бірінші қазаны Халықаралық қарттар күні болып жарияланған және ол Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында өтеді. Біздің еліміздегі осынау ең ізгі мерекелердің бірі қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау жөніндегі айлық ретінде қазанның 1-інен 31-іне дейін жүреді. Бұл жерде айта кететін жайт – айлық өткізу туралы бастаманы алғаш Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі көтеріп, кейін мұны басқа облыстар жалғастырып әкеткен-ді.

 

Таяуда облыс әкімі С.В.Кулагиннің «Ақмола облысында қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау айлығын өткізу туралы» №А-11/463 қаулысы қабылданып, онда тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Осынау құжат негізінде барлық аудандар мен қалаларда да іс-шаралар жоспарлары әзірленіп, бекітілді.
Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымы 2 қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңестерін, 885 баста-уыш ардагерлер ұйымдарын біріктіреді және бұларға жүз жеті мыңнан аса зейнеткерлер, 140 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, 1300-ден артық соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, жеті мыңнан аса тыл еңбеккерлері, 67 Чернобыль АЭС-індегі апатты ауыздықтауға қатысқандар кіреді.
Ақмолалықтар облыс басшылығының ардагерлер өмірін ұдайы назарда ұстап отырғандығына ризашылық білдіреді. Мәселен, былтыр – Жеңістің 70 жылдығында ұлан-ғайыр қаржылық көмектің арқасында соғысқа қатысушыларға, оларға теңестірілгендерге, тыл еңбеккерлеріне жалпы көлемі 268,5 миллион теңге, мұның ішінде жергілікті бюджеттер есебінен – 68,8 миллион теңге, басқа көздерден – 200 миллион теңгедей қаражат бөлінді. Жасы ұлғайған адамдарға ақша отын, дәрі-дәрмек, азық-түлік пакеттерін алуға, тіс салдыруға, үйлерін жөндеуге, қоғамдық көлікте жүріп-тұруға және тағы да басқа қызметтерді пайдалануға берілді. Былтыр айлық шеңберінде ардагерлер үшін Көкшетау қаласы бойынша «Тыныс», «Алтынтау-Көкшетау», «Көкшетау жылу», Степногорск қаласындағы «СПЗ» кәсіпорындары, Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы», Есіл ауданындағы «Заречный», Шортанды ауданындағы «Нива», Аршалы ауданындағы «Ижевский» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер өте қомақты қаржы бөлсе, биыл олардың қатарына басқа да көптеген еңбек ұжымдары қосылады деп сенеміз.
Облыстың барлық өңірлерінде Қарттар күніне арналған салтанатты іс-шаралар, мерекелік концерттер, мосқал адамдармен кездесулер өткізілді. Шаруашылық субъектілері оларға қайырымдылық дастархандарын жайып, азық-түлік жиынтықтарын таратты. Жұртшылықтың барлық топтарына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылды.
Айлық күндерінде әдетте тиісті мемлекеттік органдардың, облыстық ардагерлер ұйымының барлық буындарының белсенділігі одан сайын артады. Бұл үрдіс биылғы іс-шаралар жоспарында да көрініс тапты. Мысалы, барлық медициналық-әлеуметтік мекемелерде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласының қызметкерлері зейнеткерлермен кездесетін болады, ал, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда қартайған адамдар үшін арнайы Ашық есік күндері өткізіледі. Ауруханаларда ардагерлерге арналған арнайы палаталардың жағдайы жақсартылып, барлық соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілгендер есепке алынады. Мосқал жандар арасында салауатты өмір салтын насихаттау ісі кең жолға қойылмақ. Ардагерлерге арналған облыстық арнайы емханада, Көкшетау қаласында, Ақкөл, Астрахан, Есіл, Жарқайың және басқа да аудандарда ардагерлер үшін денсаулық клубтары жұмыс істейді.
Шахмат, дойбы, үстел теннисі, тоғызқұмалақ ойындарынан аудандық, қалалық жарыстар ұйымдастырылады. Оқу орындарында жасы ұлғайған адамдар үшін концерттер қойылады.
Облыстық, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің негізгі мақсаты – қарт адамдарды әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан қорғап-қолдау, олардың күнделікті өмірдегі белсенділігін арттыру, сондай-ақ, жастарды қазақстандық патриотизм мен ізгілік рухында тәрбиелеу. Осынау өзекті мәселелер барлық деңгейдегі ардагерлер кеңестерінің пленумдары мен президиумдарында, бастауыш ардагерлер ұйымдарында ұдайы қарастырылып отырады. Жұмысты нақ осы тұрғыда жүргізу қажеттігіне сәуірдің соңында өткен республикалық ардагерлер ұйымының VII съезі де баса назар аударған болатын.
Аға ұрпақтың ерліктерін тек тиісті іс-шаралар барысында ғана емес, сол сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының, шығарылып жатқан кітаптардың көмегімен ұдайы насихаттау керектігіне облысымызда ерекше көңіл бөлінеді. Біздегі газеттерде «Ардагер», «Третий возраст», «Ұрпақтар жалғастығы», «Вспомним всех поименно» сияқты көптеген айдарлармен аға ұрпақ өкілдері туралы очерктер, басқа да материалдар үзбей басылып тұрады десек, артық айтқандық емес. Болашақта облыстық теледидармен тығыз байланыс орнатып, егде жастағы танымал адамдар туралы, белсенді ардагерлер ұйымдары туралы тұрақты хабарлар циклын ұйымдастыру ойымызда бар.
 Ардагерлер ұйымдары жасы үлкен қауымның мүдделеріне тек айлық кезінде ғана емес, жергілікті билік органдарына сүйене отырып, жыл бойы жіті көңіл бөлуді назарда ұстайды. Мәселен, қарттар мен жеке бастылар үшін барлық жағдай жасалған әлеуметтік үй жұмыс істейтін Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасының», кәсіпорындар есебінен ұсталатын әлеуметтік үйлері бар Ақкөл, Есіл және Сандықтау аудандарының тарапына ылғи ризашылық сөздер айтылады. Өңірлерде әкімдер мен ардагерлер кеңестерінің төрағалары тоқсан сайын қарттармен кездесіп, олардың өзекті мәселелерін жедел шешіп отырады. Яғни, қарт адамдарды әлеуметтік қорғау, моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау – ардагерлер қызметінің басты мақсаты. Және бұл мақсат мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандырудың осы заманғы жүйесіне негізделгенімен, ол жергілікті билік органдарының елеулі көмегімен толықтырылып отырады. Мұндай тиімді әлеуметтік қолдауды облысымызда әр майдангер, зейнет жасындағы әр адам сезінеді. Біздің ендігі бір парызымыз – солардың өмірін, жауынгерлік һәм еңбек жолдарын өскелең ұрпақ үшін нағыз үлгіге айналдыру.
Облыстық, аудан-қалалық денсаулық сақтау мекемелерінің соғыс және еңбек ардагерлеріне медициналық қызмет көрсетуді жақсартуға ұдайы көңіл бөлетінін атап айтқан абзал. Жыл сайын мың жарымдай соғыс және еңбек ардагерлері демалыс үйлерінде, санаторийлерде дем алады. Сандықтау, Зеренді, Целиноград сияқты аудандарда оларды мұндай орындарға басқа қаражат көздері есебінен де жіберу жолға қойылған.
Әрине, біздің жұмысымызда проблемалар да баршылық. Бірінші ретте, мысалы, ешбір зейнеткер назардан тыс қалмау үшін бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігін арттыру, ардагерлерді есепке алу мәселесін принциптік тұрғыдан шешу қажет. «Әр ардагерге, әр ардагер ұйымына дейін жету» девизі біз үшін бұрынғыша басты мақсат болып қала береді. Ардагерлер кеңестерінің материалдық-техникалық ахуалын, жұмыс жағдайын жақсарту да әзірше күн тәртібінен түспей тұрған мәселе.
Биылғы жыл ерекше жыл – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл қоғамның барлық салаларына, оның ішінде ардагерлер бірлестіктеріне айрықша жауапкершілік артады, біздің жұмысымыздың белсенділігін, нәтижелілігін барынша көтеруге міндеттейді. Сондықтан, біз өз тарапымыздан «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру ісіне шама-шарқымызша үлес қосуымыз керек, қоғамның тілек-мүдделері деңгейіне тек ақыл-кеңестерімізбен ғана емес, нақты іс-әрекеттерімізбен де сай болуымыз қажет.
Сөз соңында біздің қарттарымыз өткен жылдардағыдай барша жұртшылықтың назарында, аялы алақанында, мейірімді қамқорлығында бола береді деп сенім артамыз. Аға ұрпақ өкілдеріне денсаулықтарыңыз мықты, шаттықты күндеріңіз мол болсын демекпіз.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар