«Бақыт – сыйласып өткен ғұмырда»

Көкшетау қаласының тұрғыны Күлбәрам Ысқақованы көпті көрген жандардың санатына толық жатқызуға болады. Ол 1932 жылы  дүние есігін ашқаннан бері  өмірдің бұралаң-бұлтарысына қарсы тұрған жігерлі жан.

 

Қазіргі күні сексеннің сеңгірінен асып  он жеті немере, он екі   шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Күлбәрам апа балалықтың балдәуренін көрмей, сегіз жасынан тылда жұмыс істеген екен. Ол «Өміріміз қашан дұрысталады?», –  деп  талай түнді арманмен өткізген. Ішетін ас, киетін киімнің  болмай қалған күндері көз жастары көл болып, құдайдан нұрлы күнді тілеп жатқанын жасырмады. Әсіресе, бала Күлбәрамның жүрегіне әкесінің майданға аттанғаны ауыр тиген. Тұрмыстың бар ауыртпашылығын тартқан анасына, бауырларына көмектескен.  Бала кезінен еңбек етуден ешқашан жалықпаған. «Алла тағала шын ниетімен  тілеген пендесін бос қайтаруға ұялады», – дегендей, Күлбәрам Ысқақованың армандаған  ойлары  бертін жүзеге асты. Сол үшін де ол тағдырына ризашылығын білдіреді.
 Өмірлік  жары  Рахметкәрім Ысқақовпен  елу  жыл  бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешкен.  Олар  бақыт деген сөздің астарын  қымбат көлік, зәулім үй деп түсінген жоқ.  «Бақыт – сыйласып өткен ғұмырда», –  деп ой түйген. Күлбәрам әжейдің  айтуы бойынша, шаттықты ғұмырының сыры  – келін болып түскен кезінде   босағаны келген  жеріме бақыт сыйлаймын деген ақ ниетпен аттаған. Сондықтан да,  келін болып  шаңырақты көркейту басты міндеті екенін бірінші күннен айқындап алған.  Алайда, 17 жасында үлкен шаңыраққа келін болып түскен қызға отбасылық өмірде оңай болды деуге болмас. Бірақ, өзінің биік парасаты мен шыдамдылығының арқасында елге сыйлы келін атанған.  Қазіргі уақытта адамдар  қартайған   ата-аналарын қарттар үйіне  қалай береді екен?  – деп  налыды аяулы  ана.   
– Ерте жастан  қиындықтың бел ортасында өскендіктен, жақыныңды жатқа беруге қимайсың. Ал, бүгінгі күні бір-бірінің қадіріне жетпей жүрген жандар  қаншама?   «Он ай сені көтеріп, омыртқасы үзілген, аязды күнде айналған, бұлтты күнде толғанған, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен», – деп Бұқар жыраудың жырында айтылғандай, аяулы аналары мен әкелерін қарттар үйіне тапсырып қандай бақыт табамын деп ойлайды екен?  Соғыс кезінде біздің өңірлерге басқа ұлт өкілдері қоныстана  бастағанда қайран әжелер мен аналар өзгенің баласын да өзегіңе теппей өсірді емес пе? Қазіргі күні  бағып- қағып өсірген әкесі мен шешесін  өз үйіне сыйдырмай жатқан,  жатырынан шыққан баласын жатқа ұсына салатын аналар мен әкелерді көргенімде  жүрегім жарылардай күй кешемін, – деп ащы зармен толғанды ақжаулықты ана.   
Он  құрсақ көтерген аяулы ананың төрт  баласы  шетінеп кеткені де оның жүрегін ауыртады. Бар байлығым балаларым  деп өткен ана осы күнде келіндеріне  ақыл-өнегесін  аянбай айтып отырады екен.  Әр бала өз ырысымен дүниеге келеді. Сондықтан да, жастардың   көпбалалы ана  болуға талпынғаны дұрыс дейді. Әңгіме барысында Күлбәрам апа Айтжан  есімді келінінің өзі сияқты «Күміс алқа» иегері екенін айтты. Осы орайда «келін қайын ененің топырағынан» деген сөз  ойға оралады.
Әйел баласы адамзатқа нұр, жарық сыйлау үшін жаралған. Жылуы мен мейірімін ту еткен адам өзгені де өзін де, бақытты етеді. Күлбәрам әжей қыз-келіншектер мейлі, ақын, басшы, әртіс болсын, бірақ, аналық міндеттерін ұмытпасын деген тілек білдірді.

Назгүл РАБИЛОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар