Ауданда өткен «Екі тамшыдай» атты өнер байқауында егіз балалар өздерінің бойындағы қабілет-қарымдарын көрсетті.
Байқауды тамашалауға келген жұртшылық алдымен оған қатысушылардың фотосуреттері және өз қолдарынан шыққан туындылары қойылған көрмемен танысты. Әсіресе, егіздердің бір-бірінен айнымайтын суреттерін көргенде, таң-тамаша қалды.
Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар өздері туралы түсірген бейнероликтерін көрсетіп, оның түсірілу барысы туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, екінші кезеңде «Бір-біріңді жақсы білесіңдер ме?» деген сауалнамаға, соның ішінде өздерінің сыңарлары туралы сұрақтарға жауап берді. Қызықты сәттерге толы байқаудың «Нағыз егіздер» атты қорытынды кезеңі қатысушылардың өз өнерлерін ортаға салуымен айшықталды.
16 егіз жұп қатысқан байқау қорытындысы бойынша «Ең үздік дуэт» аталымын Антон және Артём Денисенколар, «Біздің түріміз бірдей» аталымын
Ангелина және Карина Богатырёвалар, «Грация және стиль» аталымын Ксения және Наталья Сидорлар, «Спортшы» аталымын Дияс және Дильяс Қауғабаевтар иеленсе, «Жыл егіздері» аталымын
Анастасия және Анна Смирновалар жеңіп алды. Сондай-ақ, Анастасия мен Аннаны көрермендер талантты әрі үйлесімді әдемі жұп деп бағалады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.