Алтын күздің тартуы

Өткен сенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен Көкшетау қаласындағы  «Алтын ғасыр» сауда үйінің алдында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Берекелі күздің мол сыйын қала тұрғындары арзан бағаға сатып алып, бір қуанып қалысты. Жәрмеңкені аралап көрген облыс басшысы мұндағы азық-түлік бағасы мен сапасына назар аударды. Бұл жолы жәрмеңкеде Зеренді, Бурабай, Сандықтау және Шортанды аудандарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің және облыс орталығындағы өңдеуші кәсіпорындардың  өнімдері ұсынылды. Оған қоса, Аршалы ауданындағы «Ижевский» өндірістік кооперативі, Ақкөлдегі  «Ұш бұлақ», Еңбекшілдер ауданындағы «ҚазГер құс» жəне Целиноград ауданындағы «Capital Project Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өнімдері жеткізілді. Бұл күні азық-түлік өнімдері нарық бағасынан арзандау болғандықтан, халықтың қарасы көп болды.
Облыс әкімі әр сауда орнында болып, қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында ұйымдастырылып отырған жәрмеңкенің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда осындай жәрмеңкенің тұрғындар үшін жақсы қолдау екенін айта келе, қала тұрғындарына алдағы уақытта да мұндай шаралардың тұрақты түрде ұйымдастырылатындығынан хабардар етті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, бұл жолы жәрмеңкеге жалпы құны 114 миллион теңгенің 57 түрлі азық-түлік өнімдері әкелініпті. Оның ішінде 66 тоннаға жуық ет пен шұжық, 13 тонна балық, 250  мың дана жұмыртқа, 22 тонна ұн мен макарон, 80 тонна картоп, 73 тонна көкөніс, 5 тонна қант, 10 мың литр күнбағыс майы, 21 тоннадан астам сүт және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері бар.
Жәрмеңкеде ұсынылған  отандық өнімдердің сапалы әрі арзан болғанына тұтынушылар да дән разы.
– Табиғи таза өнімдер болғандықтан, қала тұрғындары лезде сатып алды. Бағасы да қолжетімді. Ең бастысы, сүт пен көкөністің үйдікі болғаны қуантады. Оған қоса, аудандық мәдениет үйінің ұжымдары ұсынған концерттік бағдарлама және ыстық шай қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында жәрмеңкеге келген қала тұрғындарының көңілінен шықты. Алдағы уақытта осындай жәрмеңкелер күз-көктем маусымында ғана емес, жаз-қыс айларында да тұрақты түрде ұйымдастырылып отырса, нұр үстіне нұр болар еді,–дейді зейнеткер Дәмелі Боранбаева.

Аслан ОСПАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар