Еліміз қызу дайындық жүргізіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына 7-8 айдай ғана уақыт қалды.
Елімізде бұрын-соңды болмаған бұл ауқымды шараның басталар сәті жақындаған сайын оған қатысуға ниет білдірген елдер өкілдері де Астанаға ат басын жиі бұрып, дайындық барысымен таныса бастады. Сондай-ақ, өз елдеріне арнайы бөлінетін павильондардың мән-жайына қанықты.
Жуырда «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесті. Кездесу барысында А.Есімов құрметті қонақты көрмеге дайындық барысымен таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Татарстан арасындағы ықпалдастық, достық қарым-қатынастар жайында айта келіп, Қазан қаласында да қазақстандықтардың қатысуымен ронуд-шоу және туристік бизнесті дамытуға байланысты біраз ауқымды шаралар өткендігіне тоқталды.
Өз кезегінде Рустам Минниханов Астанада өтетін көрменің осыған дейін әлемнің басқа қалаларында өткізілген көрмелерден асып түсетіндігіне сенетіндігін жеткізді.
Тараптар сондай-ақ, туристік бизнесті дамыту туралы меморандумға қол қойды. Бұл әрине, екі елде де туризм саласын алға бастыруға жаңа серпін берері сөзсіз.
Талғат БАҚТЫБЕКҰЛЫ.
Астана қаласы.