Жүрегінде иманы

Өмірден көрген-түйгені көп, тәжірибесі мол қариялардың жастарға айтар ақылы да, көрсетер үлгі-өнегесі де аз емес. Десек те, екінің бірінің маңдайына «көргені көп» атану жазылмаған. Жасына сай келмейтін жағымсыздау істер жасап, жеңілтектеу мінез көрсетіп жататын қарт адамдар әр жерден кездесіп қалады.

 

Ал, бүгінде 85-ке толып отырған Әнуәрбек Жәкетұлы Төлешов жас ұрпаққа сөзімен де, ісімен де өнеге боларлық нағыз қария деген атқа лайықты жандардың бірі. Балалық шағы Отан соғысының отты жылдарымен тұспа-тұс келген ол бойы өсіп, бұғанасы қатпай жатып еңбекке ерте араласты. Ер адамдардың бәрі майданға кеткендіктен, бар ауыртпалық қариялар мен әйелдерге, жас балаларға түсті. Ерте көктемнен, қыс түскенге дейін ұжымшардың таусылмайтын жұмыстарын буыны қатпаған балалар атқаратын. Орта мектепті бітіргеннен кейін ол  Қарағанды шахтысында жер астына түсті.  Шахтыда біраз жылдар еңбек еткен Әнуәрбек Жәкетұлы содан кейін туып-өскен жері Көкше өңіріне оралып,  Қызылту және Уәлиханов аудандарында  бірқатар шаруашылықтарда ауылдық Кеңестің төрағасы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды. Еті тірі, өзіне тапсырылған қандай істі болсын, жанын сала атқаратын азамат қай жерде жүрсе де ел-жұрттың және басшылықтың алдында абыройлы, беделді болды. Ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, «Тың жерлерді игергені үшін», «Ұлы Отан соғысына 50 жыл», «Тыңға 50 жыл» медальдарымен, басқа да көптеген грамота, дипломдармен марапатталған Әнуәрбек Төлешов шын мәнісінде еңбек және тыл ардагері.
1988 жылға дейін Уәлиханов  ауданының «Южный» кеңшары директорының орынбасары қызметін атқарған ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін облыс орталығы Көкшетау қаласына қоныс аударды. Еліміздің тәуелсіздігімен бірге келген ана тіліміз бен дәстүріміздің, дініміздің қайта жаңғыруы адамдардың санасын да өзгертіп жатты. Кеңестік атеистік түсінікті санаға сіңіргендердің  кейбіреулері имандылыққа бет бұрып, намаз оқып, ораза ұстайтын болды. Солардың қатарында Әнуәрбек Жәкетұлы да бар еді. 2003 жылы бұрынғы Науан хазірет атындағы мешіттің жанындағы медреседе оқып, Түркиядан келген ұстаз Үзбей Хаккиден дәріс алды.
– Менімен бірге медреседе оқыған біраз адамның ішінен екі адам ғана дін қызметкері болып шықтық, – дейді ол. Бүгінде бес уақыт намазын қаза қылмай, оразасын ұстап, шариғат жолымен жүретін жүзінен иманы төгілген ақсақалдың жүрісі ширақ, еңсесі тік. Әсіре діндарлар тарапынан дінді бұрмалаушылықтар көбейіп, еліміздің қауіпсіздігіне қатер төне бастаған қазіргі тұста ислам дінінің адамдарды бірлікке, бауырмалдыққа, қайырымдылыққа үндейтін ізгі қасиеттердің  сөзімен де, ісімен де халыққа насихаттап жүрген ақсақалдың  жастарға үйретері аз  емес.
– Арақ ішпе, темекі тартпа, зина жасама, өтірік айтпа, кісі ақысын жеме деп үйрететін ислам дінінің шарттарын ұстанған адамның бойында сондай ізгі мінез орнығады. Біздің жолымыз ғана дұрыс, басқалардың бәрі адасушылар дейтін теріс ағымды ұстанушылардың дін исламға еш қатысы жоқ, – дейді ол.
Қартайған адамды өзгелерге қадірлі ететін қасиет – даналық екен. Ал, даналық имандылық арқылы келетінін ескерсек, Әнуәрбек ақсақалдың бойындағы инабаттылық, сабырлылық, кішіпейілділік сияқты ізгі қасиеттердің қайдан бастау алатынын қапысыз түсінесің.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар