Жаңа жобалар қолға алынуда

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Қорғалжын ауданында болып, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп нысандарының қазіргі жұмыс барысымен танысты.

Бүгінгі таңда Қорғалжын ауданында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Осыған орай, облыс басшысы Қарашалғы селолық округіне қарасты «ELNUR Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңдарында болды. Серіктестік басшысы Нұрбақыт Досанбаевтың айтуына қарағанда, осыдан үш жыл бұрын 1400 бас ірі қараға арналған мал қорасы салынған. Кейін 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы  ангуст және герефорд сиырлары сатып алынды. Қазіргі кезде шаруашылықта ірі қарадан басқа ондаған жылқы да бар.  Серіктестіктің Астана қаласында өз өнімдерін сататын фирмалық дүкені жұмыс істейді. Оған қоса, осы күні шаруашылық өз қаражаты есебінен мал сою цехының құрылысын қолға алған. Өңір басшысы мал азығы қоры мен ет бағасын сұрап білді. Осындағы игі істерді қолға алған кәсіпкердің жұмысына оң баға беріп, Астана маңында мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Осы күні қорғалжындықтардың Елорданы сапалы ет және ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Әсіресе, алты жыл бойы «Бакара» брендімен шығып жүрген «Астана АгроПродукт» серіктестігі ет комбинатының ет, шұжық тәрізді өнімдеріне тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Кәсіпорын басшысы Серік Рақымовтың сөзіне қарағанда, өткен жылы 2577 тонна жоғары сапалы «Халал» өнімі шығарылды. Жыл басынан бері 1,7 мың тоннадан астам ет өңделді.
– Біздің өнімдердің сапасы жоғары. Өнім негізінен Астана, Алматы, Қарағанды тәрізді еліміздің өзге де облыстарында сатылады, – дей келе, Серік Рақымов экспорт мәселесінің дұрыс жолға қойылғанын атап өтті. – Біз өнімді өзіміздің брендтпен саудаға шығарамыз. 2013 жылы алғаш рет Ресей Федерациясына 16 тонна етті экспортқа шығардық.  Қазіргі кезде Ресей қалаларынан келген көтерме сауда жасаушылар етімізді өздері алып кетеді.
Десек те, мұнда кейбір түйткілді мәселелер де жоқ емес. Мәселен, кәсіпорынның айналымдағы қаражаты тапшы көрінеді. Осы ретте аудан әкіміне аталған кәсіпорынның айналымда жетіспей отырған қаржы мәселесін шешу жолын қарастыру тапсырылды. Алдағы 2017 жылы «Бакара» ет комбинаты 5400 тонна жобалық қуатына шықпақшы.
Ал,  «МЕТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің поликарбонаттан жасал-ған аумағы 1,8 гектар 8 жылыжайына келетін болсақ, мұнда жақын күндері алғашқы өнімді жинау жоспарланып отыр. Серіктестік басшысы Темірхан Қоңырбаевтың айтуынша, Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жүзеге асыру аясында қолға алынған жобаның маңызы зор. Қазір мұнда қызанақ және қияр өсірілуде. Жылыжай шаруашылығында агротехнологиялық шараларды қолдану жұмысымен жақын танысқан  облыс әкімі көкөніс өсіруде экологиялық таза әрі сапалы әдіске оң бағасын берді.

 

Аслан ОСПАНОВ

Қорғалжын ауданы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар