Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Көкшетау қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен көп салалы азаматтық қорғаныс колледжінде әскери-патриоттық «Сарбаз» ойыны болып өтті.
Оған бірқатар колледждің оқушылары қатысты. Аталған іс-шара жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру үшін өткізілді. Ойынның салтанатты ашылуында қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Анаргүл Белгібаева тәуелсіз мемлекетіміздің әскері күннен-күнге нығайып келе жатқанын айта келіп, ойынның қатысушыларына сәттілік тіледі.
Ойынның алғашқы кезеңінде әр топ өздерін таныс-тырып, ұрандарын айтса, екінші кезең «Медициналық санитарлық» бөлім деп аталды. Бұл кезеңде қатысушылар жараланған адамға қалай көмек көрсету керек екенін нақты көріністермен көрсетті. Сондай-ақ, автоматты бөлшектеп жинау, саптық тәсілдерді орындау да кезең-кезеңімен өтті.
Ойынның қорытындысы бойынша бірінші орынды Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің «Айбын» командасы жеңіп алса, екінші орынды көп салалы азаматтық қорғаныс колледжінің «МКГЗ» командасы иеленді және үшінші орын Көкшетау жоғары колледж оқушыларынан құрылған «Жас ұлан» командасына бұйырды. Оқушылар әскери-патриоттық ойында өздерінің жақсы бастапқы әскери дайындықтарын көрсетті. Өз сөзінде әскери даярлық маманы, аға сержант Арғын Бекбаев осы жағын атап өтіп, бұл ойындар жиі өткізілсе, жастар әскери машықтарды жақсы меңгеретініне тоқталды.
Шара соңында барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Назгүл РАБИЛОВА.