Аңдарды қорғай да білуіміз керек

Облыстық  мәслихаттың аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында  Ақмола облысындағы аң шаруашылықтарының  жағдайы туралы  мәселе қаралды.

Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин қатысты.
Отырысты кіріспе сөзбен ашқан облыстық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссияның төрағасы Нартай Ысқақов аталмыш мәселені зерттеу барысында комиссияның арнайы жұмыс тобы сарапшы мамандармен бірлесе отырып Зеренді ауданының аумағында орналасқан «Пухальское» аң шаруашылығында болып, олардың жай-күйімен танысқандығын айтып өтті.  
Бірінші болып баяндама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Көшекбай Біржекеев өңіріміздегі аң шаруашылығының дамуына кеңінен тоқталды.  Облысымыздың аңшылық алқабы 12,1 миллион гектарды құрайды. Осы алқаптарда 131 аң шаруашылығы орналасқан. Өткен жылы олар аң аулауға 22721 рұқсат берсе, биылғы жыл басынан бері жалпы сомасы 17,1 миллион теңгенің 12765 рұқсаты берілген.  Жабайы аңдарды сақтау және олардың санын арттыру, олардың тіршілік етуіне қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ, аң аулау тәртібін бір ретке келтіру мақсатында қорықшылар қызметі құрылған. Құрамында 570 қорықшы бар, әр қорықшыға жеке жер учаскесі бөлініп берілген. Алдына қойылған міндеттерін атқару үшін олар 224 қызметтік қарумен және 757 көлікпен қамтамасыз етілген.
Облыстық аң шаруашылығы мен жануарлар әлемінің аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нығмет Қауашев жыл басынан бері 393 рейд өткізілгендігін, осының нәтижесінде аң аулау ережесін бұзудың 85 фактісі анықталғандығын айтты. Осы кезең ішінде 8 заңсыз аң аулау фактісі тіркелген. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынған. Аң шаруашылығы субъектілеріне 27 тексеріс жүргізіліп, алты лауазымды тұлғаға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 385-бабының 1-ші бөлімі бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.
Одан кейін сөз сөйлеген «Ақмола облысы бойынша «Қансонар» аңшылар мен аң шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестігі» республикалық қауымдастығы өкілдігінің директоры Павел Колпаков жыл басынан бері атқарылған жұмыстары жайлы баяндап берді. Шара барысында отырысқа қатысқан депутаттар, аң шаруашылығы мекемелерінің директорлары, сарапшы мамандар аталмыш сала бойынша өздерін толғандырып жүрген мәселелерін қызу талқылап, түйткілді жәйттерді шешудің жолдарын ортаға салды.

Жанат СӘБИТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар