Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ойлантып, жан толғанысына салады - АРҚА АЖАРЫ

Ойлантып, жан толғанысына салады

Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық-драма театры Елорданың Оқушылар сарайында жерлесіміз Жабал Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» атты драмасын  белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязовтың сахналауы-мен астаналық көрермендер назарына ұсынды. Драмалық шығарманы тамашалаушы көрермендер қатарында  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та болды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, журналист, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев өзінің көптеген шығармаларымен оқырман қауымға танымал. Оның әсіресе, кейінгі уақытта еліміз үшін көкейкесті болып отырған түрлі діни ағымдардың зияны, олардан келер қауіп-қатерлер тақырыбына жазған пьесалары негізінде қойылған спектакльдер көрермендер көңілінен шығуда. Бұл жолы да драмалық шығарманы көрмек ниеттегі көрермен қатары көп болды.
Елімізге танымал көптеген тұлғаларды залдан көріп, Жабал Ерғалиев қозғап отырған тақырыптың қаншалықты маңызды екендігін пайымдағандай болдық. Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастап, Мұхтар Алтынбаев, Икрам Адырбеков, Бірғаным Әйтімова, Нұртай Абықаев, Серік Жақсыбеков, Ақан Бижанов, Рашит Әкімов және басқа да депутаттармен қатар, әдебиетші ғалым Мырзатай Жолдасбековты да осы арадан көрдік. Арасында әріптесін қолдауға келгендер де бар болар, қалай болған күнде де, бүгінгі таңда өте ушығып тұрған мәселені қаузаған спектакльге танымал тұлғалардың келуі нақты бір шешім қабылдауға ықпал етер-ау деген сенім ұялады көкейде. Себебі, тиісті министрлік сәлафизмге тыйым салмайтын болды. Сондай-ақ, осы ағымға ергендердің басым көпшілігі орыс тілді бауырларымыз екендігін ескерсек, мешіттерде уағыз орыс тілінде жүргізілетін болғандығы да түсініксіздеу болып тұр.
  Спектакльдің мазмұны жоғарыда айтып өткеніміздей, сол кейінгі уақытта елімізде белең алып отырған қауға сақал өсіріп, қысқа дамбал киіп, өздерін «шын мұсылманбыз» деп Құран кәрімнің аяттары мен сүрелерінен өздеріне керегін теріп қана қоймай, өз әрекеттеріне бейімдеп алған әсіре діндарлардың өмірлерінің бір сәтін бейнелеуге арналған екен.
… Спектакльде бір отбасының басынан өткен қилы кезең суреттеледі. Бір қарағанда қарапайым отбасынан шыққан ерлі-зайыпты екі жас ала дорба арқалап, сауда-саттықпен айналысқан. Олардың жүрген аяқтарына «жөргем ілінбей» кейінгі уақытта тіпті модаға айналып бара жатқан  салтымызға да, жалпы адамгершілікке де кереғар ағымға еру бұйырған екен.
Теріс пиғылды ағымның жастардың сана-сезімдерін улағандығы соншалық, олар тіпті ата-аналарын да «кәпірсіңдер» деуден тайынар емес. Ең өкініштісі, мектеп жасындағы кішкентай қыз баласының да бет-аузын тұмшалап, соқыр сенімге баулулары жан түршіктіреді.
Қазақ «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапса» дейді. Өкінішке орай, бұл арада олай деп айта алмаймыз-ау. Себебі, діни жат ағымдардың соңынан еріп кеткен жастардың «шын дін үшін күрестері» қаншама адамға қайғы-қасірет әкеледі. «Бұл дүниеде шынайы мұсылман дүниесін құрамыз, сол үшін шәйіт болсақ жұмақтың төрінен орын бұйырады» деген қисынсыз уәжге әбден еті үйреніп кеткен олардың тағдырлары ақыр соңында аянышты болып келеді. Оны көпшілігі кейін ғана түсінеді.
 Әлемді жайлай бастаған бұл ағымның Қазақстанға да тамыр жая бастағандығы баршаға аян. Тіпті, бұрындары бізге келмейтіндей көрінетін террористік актілердің де бой көрсете бастағандығын көріп отырмыз. Дегенмен, елімізде әлі де болса пәрменді шешім жоқ деуге болады. Өкінішке орай, әзірге олар біраз дүниені бүлдіріп немесе атыс-шабысқа барғанда ғана бас бостандықтарынан айырумен шектеліп отырмыз. Ешкім ренжи қоймас, бірақ, мешіттердегі имамдарымыз да қайтыс болған адамды соңғы сапарға аттандырған кездегі уағыздарынан аса алмай отыр. Тіпті, бұл теріс ағым ұстануды енді бастағандармен пікір таластырып, салиқалы ой айтып, олардың беттерін бері қаратуға пәрмені жетерлік дәстүрлі дін өкілдерін де, ішкі саясат басқармалары мамандарын да, «Нұр Отанның» идеологтарын да байқап тұрған жоқпыз.
 Сондықтан да, өз шығармашылығымен, қолынан келетін әрекетімен болашақ ұрпаққа үлгі боларлық осындай пьесалар жазған драматургтер мен театр режиссерлері мен әртістерінің еңбектерін атап өту керек. Осындай спектакльдер еліміздің барлық қалаларын ғана қамтымай, сонау бір кездердегідей, ауыл-селоларға гастрольдық сапармен барып көрсетуді қолға алса, тіпті жақсы болар еді.

Талғат ҚАСЕН.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар