Жүректерде арман болған

Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың еңселі ескерткіші  кеше Астанада салтанатты жағдайда ашылып, жиналғандарды зор қуанышқа бөледі

  11 метрлік монумент Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан. Жобаға сәйкес мүсіндік композицияның биіктігі 6 метр, ал гранит тұғырдың биіктігі  4,5 метр. Ескерткіштің авторы «Қазақ Елі» монументін жасауға қатысқан белгілі мүсінші Асқар
Нартов. Салтанатты шара барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қала тұрғындарын ескерткіштің ашылуымен құттықтады.
– Бүгін қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мәңгілік ету үшін осы монументті ашып отырмыз. Оның есімі өскелең ұрпақтың жадында ерліктің символы ретінде сақталуы керек, сол себепті ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Елордада аты аңызға айналған нағыз жауынгерімізге арнап ескерткіш орнатылды, – деді Ермек Аманшаев.
Салтанатты шараға Рақымжан Қошқарбаевтың қызы Әлия, аты аңызға айналған кеңес жауынгерінің немерелері, сондай-ақ, лейтенант Қошқарбаев туралы кітаптың авторы Қасым Аппасұлы қатысты. Сонымен қатар, ескерткіштің ашылуына қатысқан жүздеген адам ұлы қазақ жауынгерінің мүсініне гүл шоқтарын қойды. Монументті орнатуға Елорда әкімдігі бастамашы болды, ескерткішті дайындаған және орнатқан «BI-Group».
Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ашылуы маңызды оқиға, өйткені, ол қазақ жауынгерінің екінші Ұлы Отан соғысында жасаған өлшеусіз ерлігі туралы тағы да бір еске салады. Көп жылдар бойы кеңестік тарихшылар оның ерлігін мойындамай келгенін айта кету керек. 2007 жылы ғана ресейліктер Екінші дүниежүзілік соғыста Берлинде Рейхстагты басып алу кезінде Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың бірінші болып ту тіккендерін ресми түрде мәлім етті. Осы ерлікті жасаған кезде Қошқарбаев небәрі 21 жаста болған. Батырлығына қарамастан, Кеңес әскери басшылығы қазақ жауынгерін батыр атағына ұсынған жоқ. Алайда 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа қайтыс болғаннан кейін «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
 Қазақпарат.

Редакциядан: Газетіміздің бірінші беті қатталып жатқанда жеткен осы бір қуанышты хабар бүкіл тұла бойымызды үлкен шаттыққа бөлеп, жан дүниемізді ерекше тебірентіп жіберді.
Олай болатыны,  Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ халқының қаһарман перзенті.
Олай болатыны, Рақымжан Қошқарбаев сол ел басына күн туғанда Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Сағадат Нұрмағамбетов, Төлеген Тоқтаров, тағы басқа батырларымыздың даңқты ерлік жолын жалғастырған ұлы даланың қайтпас қайсар ұланы.
Олай болатыны, Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе ауылының маңындағы  қыстақта дүниеге келген өз жерлесіміз, ерен мақтанышымыз.
Ендігі арада сол хас батырдың жарқын да асқақ бейнесі ел сүйсінген  еңселі ескерткіш болып Астананың төрінен жас ұрпақты елдікке, ерлікке шақырып, отансүйгіштікке меңзеп  тұрады. Қандай жарасымды, қандай лайықты! Тәңірім ұлы тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесі қарсаңында жүзеге асып жатқан бір кездегі ізгі арманымызды, толайым қуанышымызды ұзағынан сүйіндіргей!

Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар