«Сәт» тобының концерті көпшілік көңілінен шықты
«Көкшетау» мәдениет сарайында таланттары мен талаптары таудай «Сәт» тобының ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақ елі» атты шығармашылық кеші өткізілді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған композитор Садық Қынаттың «Көнеміз ғой» әнімен танылған топтың өнерге аяқ басқанына биыл 8 жыл толып отыр. Содан бері бірнеше республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, өнер айдынының ән қанатында биіктерге жүзіп келеді. Топтың продюсері – Нұржан Қожабеков.
«Сәт» тобы алғашқы жүлдесін Астана қаласында өткен республикалық байқауда алған еді, кейін Санкт-Петербург қаласындағы «Кастальский ключ» халықаралық байқауында үздік атанды. Бұдан кейін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Самғау» ұлттық қоғамдық сыйлығына лайық деп танылды. Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі Диана Гурцкаяның ұйымдастыруымен өткен «Белая трость. Без границ» атты зағип балалардың халықаралық қайырымдылық фестивалінде «Сәттің» жігіттері тамаша өнер көрсеткен болатын. Мәскеу сахнасында Лариса Долина, Игорь Николаев, Дмитрий Маликов секілді жұлдыздармен бірге ән шырқаған еді.
Бастапқыда Азат Әділбаев, Тұрар Тұрмысов, Сапарбай Алтыбай атты тағдырлары Шымкент қаласындағы зағиптарға арналған «Үміт» мектеп-интернатында тоғысқан ұлдардан құралған топ құрамы бүгінде жаңарып, репертуарын патриоттық, махаббат, өмір туралы әндермен толықтырыпты. Триодағы Тұрар есімді жігіт әзірге өнер жолын тоқтата тұруды ұйғарған көрінеді. Репертуардағы біраз әндердің авторы – топ орындаушысы Азат Әділбаев.
Көкшетаулық өнерсүйгіш қауым «Сәт» тобының әрбір әнін ерекше жылы қабылдап, өмірге құштар жандардың өнеріне тәнті болып келеді. Концерт барысында «Қазақ елі», «Аққан жұлдыз», «Перзент мұңы», «Па, шіркін», «Сені сүйдім», «Сен деп қалам», «Қазақтың сұлу қыздары», «Қош махаббат», «Күлші жаным» сияқты түрлі тақырыптардағы әндер орындалып, тыңдарманның зор ықыласына бөленді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.