Жаңатілектің жақсысы

Жайнаған гүлің,
Айналаң нұрын төгіп тұрады.
Беріліп күйге, сағынсам кейде,
Ауылға кеткім келіп тұрады.
Сағынтса көлім, қалт етсе қолым,
Ауылға кеткім келіп тұрады.
(әнші  Заттыбек Көпбосынұлының     репертуарынан).

 

Осы бір қайыңды алқапқа қоныс тепкен, екі рулы елді колхоздастыру кезінде Жаңатілек деп атапты. Бұл артынан ауылдың аты болып қалды. Ауыл маңындағы «Түйебас», «Құрпісірген», «Қара бұзау», «Той өткен», «Ақ дөңгел», «Ақбас», «Қожақ қорасы», «Ордабай қорасы», «Кедел қорасы», «Ферма қонған», «Сулы терек», «Аю қамаған», «Теректі ағаш», «Кәрі қыстау», «Би ауылы» деп кете баратын қайың, терегі аралас шоқтардың бәрінің атаулары бар болатын. Қырмызы кілем түстес сан түрлі шөптерге толы жа-йылымдар мен осы шоқ-шоқ ағаштардың бауырында көктемде жуасы мен қымыздығын, жазда жидегі мен шиесін теріп өскен кешегі балдәурен күндер-ай! Шіркін, тоқтауы жоқ жүйрік уақыт өз дегенін істейді ғой. Аяқталғанына жетпіс жылдан асып бара жатқан сұрапыл соғыс болмағанда, бұл ауыл қаймағы бұзылмай тұра берер ме еді, кім білсін. Өйткені, осы шағын ауылдан соғысқа елуге тарта азамат аттаныпты. Көбі қайтып оралмады. Аттары аталған шоқ-шоқ тоғай, кешегі шөбіне шалғы салып, мал баққан жа-йылымдар. Ауылға жеткен алғашқы «Нати», «СТЗ» сияқты тракторлармен жер қыртысын аударып, өңдеп, егін себе бастаған жігіттер майданға кеткен соң ауыл да жетімсіреп қалды. Ауылдың өзі «Қызыл қайың» атануы да осы жігіттердің кезінде еді…
Тірі адам тіршілігін жасап, қарттар мен әйелдер, бұғанасы қатпаған балалар күнді түнге ұластырып еңбек етті. Елдегі бас көтерер азаматтың бірі Алпысбай  еді. Ол бригадир болды. Қызыл атынан ер түспейтін. Ауылдың кәрі-жасын жұмысқа тартып, бәріне бас-көз болып, көштен қалмай жаңатілектіктер де еңбек көрігін қыздыра түсті.
Қоңыр күздің қарбалас бір уағында Алпысбайдың шаңырағында ақ түйенің қарны жарылып, атқа ер салынды. Әке көкірегін қуанышқа бөлеп, өмірге іңгәләп сәби келді. Ол кезде мұндай қуаныш тек бір отбасының ғана емес, осы шағын ауылдағылардың бәрінің қуанышы болатын. Торсық шеке шақалаққа Сансызбай деп ат қойылды.
Бұл 1946 жылдың 31 қазаны болатын. Сұрапыл соғыс салған ауыр тауқыметтен еңсесін енді-енді түзей бастаған ел іші мәз-мейрам болып қалды… Сол Сансызбаймен тал шыбықты ат қып мініп, алақандай Жаңатілектің май топырағында бірге аунап өстік. Сансызбайдың ұйымдастырушылық қабілеті сол кездің өзінде сезілетін. Ауыл балаларын екі топқа бөліп, жазда футбол, қыста доптыаяқ (сол кездің хоккейі) ойнататын.
Өмір-өзен өз арнасымен бірде қатты, бірде баяу ағып, сан жылдарды артқа тастап, кешегі өрімдей жастар өз қолдары өз ауыздарына жетіп, орта мектепті бітіріп, қалаған мамандықтары бойынша оқуларын жалғастырды. Сансызбай болса, ауыл шаруашылығының маманы – агроном болуды қалады. Бұл мамандықты таңдауының себебі, алдымен оның жоғарыда айтқан шағын қазақ ауылында туып, ауыл өміріне қанық болып өскендігінде, сол ауылдардың келешегін ойлағандығында еді.
Еңбек жолын Чкалов ауданындағы «Севастополь» совхозында бөлімше агрономы, трактор-егіс бригадасының бригадирлігінен бастаған Сансызбай әкесінен дарыған ұйымдастырушылық қабілетінің  арқасында бірте-бірте қызмет баспалдағымен жоғары көтеріле бастады. Жұмысқа деген ынтасы мол, ықыласы зор жас маман тындырымдылығымен бірден көзге түсті. Коммунистік партияның ықпалы жүріп тұрған кез болғандықтан, Сансызбайды жарты жылдай аудандық комсомол комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметінде де ұстады. Бірақ, оны дархан дала төсі, егіс алқабы қол бұлғап шақырып тұрғандай болатын. 1973 жылдың наурыз айынан өзінің мамандығы бойынша еңбек жолын  жалғастырды.
1977 жылдың тамыз айынан 1995 жылдың наурыз айына дейін Көкшетау облысы  Чкалов ауданындағы іргелі шаруашылық – Абай атындағы совхозда 18 жылдай бас агроном болып абыройлы қызмет істеді. Ісіне тиянақты,  жердің тілін таба білетін маман қайдан керексіз болсын. Сол бір елдің шеті сөгіліп, тарап жатқан алмағайып уақытта, яғни, 1995 жылдың наурыз айында сол Чкалов ауданындағы «Алабота» асыл тұқымды мал зауыты» ашық акционерлік қоғамына директорлыққа тағайындалды. Ұлан-ғайыр еңбегінің жарқырай көрінген, жемісін мәуелетіп берген тұсы да осы шаруашылық болды десек, қателеспеспіз. Білікті басшы ретінде талай түйінді мәселелерді оң шешті. Сансызбай Алпысбайұлының басқаруымен шаруашылықта мамандардың білікті ұжымы қалыптасты. Ең бастысы – іргелі шаруашылық нарық қатынасындағы қиыншылықтарға қарамастан сақталып қалды. Ал, 2002 жылдан «Казэкспортастық» агрофирмасының құрамына кіріп, экономикасы нығая түсті.
Бір айта кететін жәй, «Алаботаның» атын әйгілеген – қазақтың ақ бас сиырлары. Оның тарихы тереңде жатыр. Канадалық етті герефорд бұқасы мен қырдың қызыл сиырын будандастыру арқылы пайда болған осы малды 1932 жылдан бері өсірумен  және көбейтумен айналысып келе жатқан бұл шаруашылықты осы күндері тек солтүстік өңір ғана емес, бүкіл Қазақстан біледі десе де болады. Оның басты себебі, акционерлік қоғамның еті мәрмәр, салмағы ауыр келетін мұқыл басты қызыл ала сиыр тұқымын экономикалық тоқырау кезінде де шашау шығармай, бүгінгі күнге бар қадір-қасиетімен аман-есен жеткізіп отырғандығы.
Шаруашылықтың осында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі бас зоотехнигі Антон Малиновский: «Если не Сансызбай Алпысбаевич, сохранение и развитие этой породы стало бы под вопросом» дейді. Сансызбай 60-қа толғанда ескерткіш болып қалсын деген оймен қысқа метражды бейнефильм түсіріліпті. Сол туындыда аудан әкімі, кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Анатолий Маковский «Кутузов Москву сдал французам, а наш Саке племзавод не уступил никому» дейді.
Оның бойындағы ерекше бір қасиеті – жұмыс десе өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоятындығында, турашылдығы мен бірбеткейлігінде. Сансызбайдың жеткен жетістіктері ауыл шаруашылығы саласында қызмет істеп жүргендерге үлгі боларлықтай. Бүкіл саналы өмірін халық игілігі үшін аянбай еңбек етуге арнаған абзал азамат ауылда дүниеге сәби келсін, біреу өмірден өтсін, солардың қызығына да, шыжығына да ортақ болды. Тіпті, қазіргі зейнеткер күнінде де сол әдеті, қаладан ауылға асығып тұрады…
Шаруашылықтың Аққұдық пен Қырауқамыс ауылдарының тазалығына да баса көңіл бөліп, қыста жиналған көң-қоқысты жер кебісімен төгіп тастайтын. Сондай-ақ, елді мекендердің әлеуметтік жағдайы да ерекше назарда болды. Әсіресе, орта мектеп толығымен шаруашылық қамқорлығына алынды. Небір қиын-қыстау сәттерде қайтсем тұрғындарға көмектесе алам деген ой мазалайтын. Сол жылдары мұның да шешімі табылғандай болды. Аққұдық ауылында диірмен, өсімдік майын өндіретін, шұжық жасайтын шағын  цехтар мен инкубатор ашылды. Осылайша үй шаруасындағы көптеген әйелдер жұмысқа тартылды.
1999 жыл мен 2011 жыл аралығында Тайынша аудандық мәслихатының депутаты бола жүріп, сессияларда аудан көлеміндегі көкейкесті мәселелерді шешуге де белсене ат салысты.  Осы өңірде туып, бар саналы ғұмырын өзі қалап алған ауыл шаруашылығы саласымен байланыстырып келген Сансызбай Алпысбайұлының еселі еңбегін еліміз жоғары бағалады. Кезінде әртүрлі медальдар, төсбелгілер, грамоталар мен алғыс хаттарға ие болса, 2006 жылғы 8 желтоқсандағы
Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.  Сөз ретінде айта кетсек, кезінде әкесі Алпысбай да ел алдындағы еселі еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері болған еді.
Әке жолын лайықты жалғастырған Сәкең 2009 жылы зейнеткерлік жасқа жетіп, бір жыл қызмет істеді де, 2010 жылы шаруашылықты бір қолдан абыроймен тапсырды. Абыроймен деп отырғанымыз, облыс, аудан басшыларының, ауыл ақсақалдарының ақ алғысын алды.
Абзал азамат сүйіп қосылған жан жары Ғалия Сәтмағамбетқызымен отыз жылдай отасып,  екі бала сүйді. Ғалияның қолынан сан мәрте дәм татып едік. Өте иманжүзді жан болатын. Ажал ажарыңа да, базарыңа да қарамайды деген ғой. 2000 жылдың ақпан айының аяғында Алматыда  жүрекке ота жасату үстінде дүниеден озды. Ғалияның өмірден ерте кетіп қалуы жалғыз Сансызбай мен балаларына ғана емес, ағайын-туыс, дос-жаран үшін де орны толмас  өкініш, қайғы  болды.
Бұл күнде ұлы Алмас – заңгер, қызы Айман – мұғалім, өмірден өз орындарын тауып, одан әрі әкелерінің жақсы атын шығарып жүр. Немересі Айзаңым әлі жас болса да, өзінің тауып сөйлейтіндігімен, ерке қылықтарымен атасын қуантып қояды.
Хакім Абай айтқан «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды» өмірлік ұстанымы еткен, еліне елеулі, халқына қалаулы  Сансызбай Алпысбайұлы тек шаруа-мен ғана айналысып келе жатқан адам емес, сонымен бірге ақынжанды азамат. Оның әр кезде жазған өлең жолдары мен ой иірімдерін толғанбай оқи алмайсыз. Әсіресе, асыл жары, балаларының анасы Ғалия өмірден өткеннен кейін күйзеліп, қолына жиі қалам ұстайтын болды.
– Мен осы жасқа келгенде өлең жазып, ақын болайын, кітап шығарып, атымды қалдырайын деп жүрген адам емеспін. Өзің білесің ғой, сендер жазған кезден бастап айналыссам, алдарыңда он шақты кітабым жатар еді. Менікі ішкі қажетім. Ғалияның қазасынан бергі қаяу көңілімді, мына жалған дүниеден ендігі ойға түйгенімді жыр тілімен жеткізгім келеді де тұрады, – дейді бірде жан сырын бүкпестен. Құрдасымның бұл сөзін түсіндім. Түсінгенім, сартап сағыныш, тән мен жан қиналысы, жайшылықта елемей келген шығармашылық мүмкіндіктері бұлақтай өз көзін тапқан. 2000-2014 жылдар аралығында баспадан үлкенді-кішілі бес кітабы шығыпты. Олар «Жанымның жарасы» (2001 жыл), «Қайғыңменен жасыдым» (2002 жыл), «Көңіл шері» (2003 жыл), «Бір қуанып, бір өкінген өмір-ай!» (2005 жыл), «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» (2014 жыл). Әрине, оның бәрінің бағасын оқыған жұрт бере жатар.
Сансызбайды жерлестері, белгілі ақын Төлеген Қажыбай, жазушы-драматург, Сенат депутаты
Жабал Ерғалиев, журналист, бірнеше кітаптың авторы Сайлау Көшкенұлы, әнші, сазгерлер Тыныштық
Шаменов, Иран Тасқара да менен кем білмейді. Олар да қайғы-мұңына ортақтасып, азаматтығын жоғары бағалап, әр жылдары жүректен шыққан ән-жырларын, ой-толғамдарын арнапты. Қадірлі Сәкеңе мерейлі 70 жасың құтты болсын дей отырып, мен де  жылы лебізімді мына бір өлең жолдарымен түйіндегенді жөн көрдім:
Сағынып жүрер сырласым менің,
Қалжыңы бір құрдасым менің.
Сексеннің сеңгірінен көрінейік,
Орның төр боп, сыйласын елің!
…Міне, көрікті Көкшенің арайлап тағы бір ақ таңы атты. Облыс орталығының  Ақан сері көшесіндегі көп қабатты үйдің алдында кешегі қызыл атқа ер салып жатқан әкесі Алпағаң сияқты Сансызбай да өз көлігіне отырды. Қазір оған от алдырып, Қарағаш, не Аққұдыққа бет алатынына күмән жоқ. Өйткені, бір еріксіз күш ауылға тартып, бар саналы өмірі өткен сол жаққа барғысы келеді де тұрады…
                                Совет  ХАМИТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Көкшетау қаласы.

 

 

Мықтылық

 

Сансызбай Алпысбаевқа

 

Шарболаттай шыңдалуың аз ба еді,
Тағдыр жазып, мұңдануың аз ба еді.
Түсінбеген қала берсін түсінбей,
Түсінгендер іздеп табар өздері.

Бұл өмірде күрсінуің аз ба еді,
Нелер оймен бір жүруің аз ба еді.
Жар қазасы орта жолда жылатып,
Бәз кешкенде музаң келіп емдеді.

Бұл өмірде ірілігің аз ба еді,
Жалғыздыққа сірілігің аз ба еді.
Ерлер сендей ердің сөзін айтар-ау,
Айт десең айтар екен  ез нені?!.

Бұл өмірде биіктерің аз ба еді,
Іштен жеген күйіктерің аз ба еді.
Қарағайға қарсы біткен бұтақтай,
Қайсарлығың қалай тартпас өзгені?!

Ұл-қызыңа қарайлауың аз ба еді,
Қайда жүрсең, арды ойлауың аз ба еді.
Осы күні сиреп кеткен мәрттік,
Сенен аға, табылады әуелі.

Кесіп сөйлер тектілігің аз ба еді,
Сыр бермейтін естілігің аз ба еді.
Бұл өлеңді жазар ма едім, жазбас па ем,
Өзім білген мықтылығың жаз деді!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар