Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ағайынның арасы араласқанда жақындайды - АРҚА АЖАРЫ

Ағайынның арасы араласқанда жақындайды

Кеше облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстандағы Әзірбайжан Республикасы елшілігінің өкілдерімен кездесу өткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Ақмола облысының экономикалық-әлеуметтік даму барысы, ел ордасы Астана қаласының іргесінде орналасқандықтан, өзіндік ерекшеліктері туралы айтып өтті.
– Бұл артықшылық ең алдымен жауапкершілік, – деді Нұрлан Нұркенов. – Республикадағы астықты көп өндіретін үш облыстың бірі – біздің облыс. Жалғыз аграрлық облыс қана емеспіз, соңғы жылдары өнеркәсіптік-аграрлық өңірге айналып отырмыз. Облыс кәсіпорындары жыл басынан бері 350 миллиард теңгенің өнімдерін өндірді. Бір айта кетерлігі, бұрын ескерілмеген салалар дамып, өз өнімдерін де өндіруде. Ақмолалық диқандар биылғы жылы 5,7 миллион тонна астық жинап алды. Оның 70 пайызға жуығы үшінші класты. Өндірілген астықтың дені экспортқа шығарылады. Қытайлықтармен бірігіп, темір кенін өндіру де жоспарлануда. Айтарлықтай ірі кәсіпорындарымыз аса көп болмағанымен біздің өңірде шағын және орта бизнес саласы  қанатын кеңге жайып келеді. Облыс бюджетін құрап отырған да осы саланың қаражаты. Сіздер біздің еліміздегі ең ұлық мерекелердің бірі – ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қасиетті Көкшетау мен Қараөткелдің топырағын басып, ыстық құшақтарыңызды жайып, ықыластарыңызды танытып келіп отырсыздар. Сондықтан, облыс әкімі Сергей Кулагиннің атынан қош келдіңіздер деген ықыласымызды жеткізе отырып, екі елдің арасындағы экономикалық, мәдени, рухани байланыстарымызды дамытуға ынталы екендігімізді білдіргім келеді.
Мұнан соң Қазақстандағы Әзірбайжан Республикасы елшілігінің кеңесшісі Агаджавид Рамазанов сөз алып, сапар мақсатын, алдарына қойған міндет-мұраттарын ұғынықты тілмен айтып берді.
– Әрине, кез-келген сапардың экономикалық сипаты болатындығы рас. Бірақ, түптеп келгенде біздің ойымыз бұл өлкеде тауарымызды сатып, пайда таба қояйық дегендік емес, түбін қуып келгенде туысқан болып шығатын ағайынды екі елдің арасындағы сыйластық сезімді арттыра түсу. Ең алдымен, сіздердегі Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ыстық ықыласпен айтуға болар еді.
–Дұрыс айтасыз,–деді Нұрлан Нұркенов, – бұл ұйым ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Қазіргі күні Ақмола облысында жүзден астам ұлт өкілдері араларынан қыл өтпейтін достық қарым-қатынаста, тату-тәтті тіршілік құрып жатыр. Облыс орталығындағы Достық үйінде бірнеше ұлттың тілі оқытылып, өнері мен мәдениеті үйретіледі. Әрбір ұлттың өз тарихын, ұлттық ерекшелігін жете білуіне барлық жағдайды туғызып отырмыз.
Агаджавид Рамазанов та біздің облыста өз қандастарының көптеп тұратындығын, олардың бақуатты тіршілігі, рухани байлығы туралы білетіндігін айтып өтті. Сөз арасында барлық ұлттарға бірдей шапағат-шарапатын төгіп, жағдайын жасап отырған барша қазақстандықтарға шынайы алғысын білдірді. Әзірбайжан Ішкі істер министрлігінің өкілі Насими Шикаров та сөз алып, екі елдің де табиғатынан айрықша қонақжай екендігіне тоқталды. Ел ішіндегі тұрақтылыққа, ауызбірлікке алғыс-лебізін айта келіп, келер күндердің көкжиегінде де дәл осындай үрдістен жаңылмауды тіледі.
Жылы реңді кездесу соңында екі жақ та сый-сияпат жасап, ескерткіш суретке түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар