1957 жылдың қазан айында олар жүрек қалауларымен дала төсіндегі шағын ғана Ақмола қаласына келіп, тың көтерілген аймақтағы ауыл шаруашылығы институтының қазығын қағуға атсалысты. Міне, осы жігерлі жандардың күш салуымен сол жылдары бүгінгі астаналық іргелі оқу орнының мықты материалдық-техникалық базасы қалыптасты. Оқу орнын бітіргеннен кейін олар зертханаларда, кафедраларда еңбек етіп, ауыл шаруашылығы мен өндірістің басқа да салалары үшін жоғары дәрежелі, білікті мамандарды даярлау ісімен айналысты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа қазіргі заманғы мемлекетті құруға жәрдемдесті. Біздің ардагерлеріміз 40-60 жылдық еңбек жолын жүріп өтіп, бар саналы ғұмырын жоғары дәрежелі мамандар даярлау ісіне арнады. Бүгінгі таңда да олар қатардан қалмай, ел дамуына өзіндік үлес қосып жүр деп айта аламыз. Сөз орайында университеттің түлектер клубының жетекшісі Жаңбыршы Нүркеновке ризашылығымызды білдіреміз.
Өйткені, ол оқу орнының барлық ардагерлерін қарсы алып, материалдық тұрғыда көмек көрсеткен азаматтың бірі. Сонымен қатар, Ақмола облысының түлектері де бұл шараға жан-жақты қолдау көрсетті. Олардың қатарында Ақкөл ауданының әкімі Теміржан Едігенов, Жақсы ауданының әкімі Қанат Сүйіндіков те бар. Біз бірінші кезекте елге адал қызмет етіп жүрген түлектерімізбен мақтанамыз. Олардың арасында бүгінде елімізге танымал болған тұлғалар да кездеседі.
Біздің түлектеріміз мемлекеттік билік органдарында, министрліктерде көптеп еңбек етеді. Ақмола облысында басшылық қызметтердің тізгінін ұстап отырған азаматтарды да айрықша атай кеткен жөн. Мәселен, облыс әкімі Сергей Кулагин, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов, Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсейітов және Атбасар ауданының әкімі Андрей Никишов, өзге де азаматтар ел игілігі жолында жемісті қызмет атқарып келеді.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Астана қаласы.