Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерейменнің ерен жобасы - АРҚА АЖАРЫ

Ерейменнің ерен жобасы

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың маусымында еліміздің «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі Тұғырнамасын бекіткен болатын. Бұл жаңашыл құжат мұнай, газ, көмір сияқты дәстүрлі байлықтарымызды тиімді пайдалануды, ең бастысы, арзан және қолжетімді жел және су ресурстарының қуатын игілікке жаратуды көздейді. Осы бағыттағы жобалардың бірі – Ерейментау ауданында іске асырылуда. Елді елең еткізген бұл бастаманың мәні мен мазмұны жөнінде аудан әкімі Ермек Нұғыманов ой-пікірімен бөліседі.

 

– Ермек Бекенұлы, ел тәуелсіздігі еркін дамуға жол ашумен қатар, қолда барды ұқсата білуді, ертеңгі есіктеріміздің алаңсыз ашылуын да қамдайды. «Қолда бар» дегеніміз – баламалы қуат көздері. Сіздің ауданда осындай айтулы жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұрын болмаған осы бастама жөнінде не айтасыз?
 – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда жетекші телеарналардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде тәуелсіздікті алумен қатар оны ұстап қалудың орасан зор жауапкершілігін алға тартты. Еліміздің тәуелсіз ғұмыр кешкеніне 25 жылға аяқ басты. Қазақстан тынысының тереңдігімен, Көшбасшысының көрегендігімен, болашағының кемелдігімен әлем назарына ілініп отыр. Еліміздің қазіргі басты мақсаты – отыздықтан орын алу. Оған көптеген негіз бар. Жетілдіре түсер тұстарымыз да баршылық. Соның бірі – әлемді қатты толғандырып отырған табиғат байлықтарын пайдаланудың озық үлгісі. Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған «ЭКСПО-2017»-нің баламалы қуат көздерін тартуға арналуы да тектен-тек емес. Өйткені, баламалы қуаттың болашағы зор. Осыған орай,  әлем елдері бұл мәселеге үлкен қызығушылықпен қарайды. Еліміз бұған дайын екендігін көрсету үстінде. Оған дәлел – Ерейментау ауданында салынған өзге өңірлерде баламасы жоқ бірінші жел электр стансасы болып табылады.
«Жасыл энергетика» кешенінің жалпы аумағы 60 гектарды алып жатыр. Бұл істі қолға алған «Бірінші жел электр стансасы» ЖШС алғашқы мезеттегі 45 МВт қуатты келешекте 300 МВт-ға жеткізетіндеріне сенімді.
– Жел энергетикасы жаңа қуат көздерінің мейлінше даму үстіндегі тиімді түрі саналады. Қазақстандағы жел энергиясының әлеуеті мейлінше мол аймақ ретінде Ерейментауға таңдау түсуінің сыры неде?
– Бұл тыңғылықты зерттеулерге негізделген мәселе. Арқа төсінде айрықша артықшылыққа иеленіп отырмыз деу жараспас. Осы орайда, Асан қайғы атамыздың аңыз ретінде айтылатын мына сөздеріне құлақ түрген артық емес сияқты. Ел аузында аңыз болған, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бір әңгіменің түпкі төркіні бүгінгі заман жаңалығымен толық үйлесім тапқандай. Асан қайғы бабамыз кезінде желмаясымен жолға шығып, жерұйық іздеп, Ерейменнің төңірегінен өткен сәтінде: «Жарықтық, бұл өңірдің жеті есігі бар екен-ау. Жыл он екі ай айналасынан жел уілдесе де, халыққа жайлы қоныс, малға ыңғайлы өріс боларлық құтты өңір екен. Баурайында жайлаған мал оңалар, шүкір, елдің тұрмысы да көш ілгері болар», – деп сипаттаған деседі. Үкімет басшылары мен ғалымдарымыз, өндірістің жаңашыл ұйымдастырушылары осы байламға тоқтам жасағанына ризамыз.
– Шын мәнінде бұл жоба Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асырудың жолашары болып отыр. Осы орайда,  «Бірінші жел электр стансасына» қойылатын міндет пен мақсат нені көздейді?
–  Елбасы өз Жолдауында энергетика саласына тоқтала келе: «…Астанадағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықты болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжірибені зерделеу мен енгізу орталығын құру үшін пайдалану керек», – деп атап көрсетті. Ерейментаудағы айрықша жоба баламалы және жаңартылған қуат көздері арқылы елімізде пайдаланылатын қуат жиынтығының жартысын қамтамасыз етуге бағытталған. Мақсат – жылу-энергетикалық ресурстардың жалпы шығынын төмендету, экологиялық ортадағы ықтимал әсер деңгейін мейлінше азайту арқылы үдемелі әрі тиімді қуат құрылымдарын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, аталған жоба Ақмола облысындағы электр қуатына сұраныс пен оған деген тапшылықты елеулі түрде төмендетуге мүмкіндік береді.
Біз үшін басты қуаныш «Болашақтың энергиясы» ұранын көтерген «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі толығымен Ерейментау ЖЭС өндірілген электр қуатын пайдаланатындығы. Бұл ел үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін әрі бұрын-соңды болмаған мерейлі оқиға болмақ. «Мәңгілік Ел» ұстындарын нықтап жатқан Қазақстан міндет үдесінен абыроймен шығатыны анық.
Өткен жылдан бері аудан орталығының оңтүстік-батыс өңірінде, таулы-қыратты ашық алаңда тамылжыған жаз бойы «Самал» жел паркінің іргетасы қағылып, алғашқы бағаналары мен қалақшалары орнатыла бас-тады. Мердігер  ұйым – «Первая ветровая электростанция»  ЖШС. Қондырғылардың барлығы Германияның Fuhrlander Wind Technology фирмасында құрастырылған. Жаңағы жабдықтар орнатылатын аймақ келешекте табиғаттың өз игілігімен – желдің күшімен экологиялық таза өнім – электр қуатын өндіретін ірі ошаққа айналмақ. Мамандардың айтуынша, іске қосылған сәттегі бірегей қуаттылығы – 2.05 МВт номиналдық қуаттылығы – 2050 кВт. Елдің Индустрияландыру картасына енген аталмыш стансаның бастапқы қуаттылығы 45 мегаватт болса, сұраныс ыңғайына қарай қолдағы турбиналарды толық іске қоса отырып, оның әлеуетін келешекте 300 мегаватқа дейін кеңейтетін мүмкіндік баршылық. Бастапқы жоспар мен тиісті межелі мерзімі бойынша өндіріс орны үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Осы сәтте жұмыс германиялық әріптестермен бірлесіп жүргізіледі. Станса толық күшіне енген шақта білікті электршілерге, энергетиктерге сұраныс туындайды.
 «Өндірілетін өнімді, дәлірек айтқанда электр қуатын тұтынушы кім?» – деген орынды сауал туындауы заңдылық. Келешекте, 2017 жылы Елордамызда өтетін, құрылысы тиісті жобамен қолға алына бастаған халықаралық ЭКСПО көрмесінің барлық ғимараттары электр қуатын баламалы көздерден алатын болады. Дәл осы сәтте мәртебелі шараға ереймендіктердің – жоғарыда аталған «Самал» жел паркінің де қосар үлесі қомақты.  Жазда жасыл желекпен көмкерілген, баурайында сылдырап мөлдір бұлақ аққан, дертке дәру боларлық емдік шөптің түр-түрі молынан өсетін сұлу табиғатымен туристерді қызықтырса, оған қоса арзан электр қуатымен қамтамасыз етіп, өңірдің қуатқа деген сұранысын қанағаттандыратын болады.

Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар