Барлық көрсеткіштер бізде тоғысады

Статистика өзге ғылымдардай адамдардың тәжірибелік сұраныстарынан пайда болды. Ежелгі заманда салық жинау кезінде, әскери қызмет атқарғанда және басқа қоғамдық мақсаттар үшін халықты  орналастыру және жұмыс түрін есепке алу қажеттілігі туындаған. Статистиканың ғылым ретінде пайда болуын он жетінші ғасырдың екінші жартысына жатқызады.

 

Саяси арифметикалық мектептің өкілдері У.Петти және Д. Грацита еңбектерінде статистикалық деректерді қорыту және талдау жолымен қоғамдық өмірдің заңдылығын негіздеу бойынша алғашқы әрекеттер жасалған. «Статистика» терминін саяси ғылымдардың профессоры Г.Ахенвалль 1749 жылы бірінші болып қолданған. Қазақстан статистикасының тарихы ерте заманнан басталған. Бірінші қазақ хандығы туралы статистикалық мәліметтерді растайтын тарихи дәлелдер бар. Хандық Шу және Талас өзендері арасында құрылған. 1459 жылы халық саны 200 мың адам болса, XV ғасырдың аяғында бұл көрсеткіш бір миллионға жеткен.
Қазіргі Қазақстанда орталықтандырылған тұрақты статистикалық қызмет XVIII ғасырдың екінші жартысында пайда болды.1920 жылға дейін жергілікті статистикалық қызметтерді біріктіретін бірыңғай орган болған жоқ. 1920 жылдың 8 қарашасы Қазақстанның бірыңғай орталықтандырылған статистикалық органдарының құрылған күні деп саналады. Мемлекет статистикасы қалыптасуының алғашқы жылдарында басты назар кәсіпорындардың есептеріне аударылған. Санақтар, талдаулар және өзге де жұмыстар жүргізу нәтижесінде республикада халық шаруашылығын қайта құру және дамыту бойынша басты міндеттерді шешуге қажетті экономиканы сипаттайтын статистикалық деректер жиналған. 1996 жылы статистиканың атауы өзгерді. 2014 жылы тағы да өзгерістер енгізілді. Қазір Статистика комитеті Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне қарайды. Бүгінгі таңда Қазақстанның статистика саласы жоғары халықаралық стандарттарына сай жетіліп, пайдаланушылар үшін қолжетімді болды. «Е-Статистика» интегралданған ақпараттық жүйесі жобасын іске асыру шеңберінде деректерді жинау және өңдеу бойынша үдерістерді автоматтандыру мақсатында Статистика комитеті респонденттерге on-line тәртібінде статистикалық есептілік нысандарын электрондық түрде тапсыруға мүмкіндік берді. Есептілікті ұсыну үшін заңды тұлғаның электронды санды қолтаңбасы қажет. Ағымдағы жылдың басынан бері on-line тәртібінде жүз мыңдай статистикалық есептілік тапсырылды. Деректерді жинау және өңдеу бойынша үдерістерді автоматтандыру үшін, сонымен қатар, респонденттерге (әкімдіктерге) жүктемені азайту мақсатында әр шаруашылықты есепке алу кітаптарын электрондық түрінде жүргізу бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілді.
2014 жылдан бастап статистика органдары ай сайын халықтың әртүрлі топтарының экономикаға қатынасын, жұмыссыздық деңгейін, жұмыссыз халықтың құрылымын, тұрғындардың жұмыспен қамтылуын іріктеп, талдау жүргізеді. Департамент сайтында пайдаланушылар үшін экономиканың барлық салалары бо-
йынша ақпарат ұсынылған, Ашық есік күндері, баспасөз мәслихаттары, респонденттермен семинар-кеңестер өткізіледі. Талдау материалдары шығарылады. Әрине, облыстық статистика департаменті қызметінің деңгейі мен сапасы мұндағы мамандарға байланысты. Өңірдің статистика органдарында жүз жетпіске жуық адамдар қызмет атқарады. Бұл мекемеде жұмыс істейтіндердің 79 пайызы қыз-келіншектер. Тоқсанға жуық  маман статистика органы саласында  он жылдан астам қызмет етеді. Он тоғыз адам Қазақстан Республикасы Статистикасының озаты. Өз басым статистика органында 1989 жылдан бері қызмет атқарып келемін.  2008 жылдың сәуір айынан бері  департаментті басқарамын. Өзіммен бірге Замарья Жәкеева, Ирина Шалашун, Любовь Локштейн, Наталья Шевченко, Фарида Исланова, Айгүл Ысқақова, Светлана Козлова, Шегендік Бекболатов, Жангелді Жәнібеков, Лариса Кортункова және өзгелері статистика департаментінде ұзақ жыл еңбек етеді. Ұжымда білікті, өз ісіне жауапты және жұмыс нәтижесінің сапасын жоғарылатуға тырысатын Мәриям Балтабаева, Еділ Ахметов, Анаргүл Мәкіжанова, Жанар Букина, Майра Төлебаева, Ербол Аманбаев, Аида Шайхислямова, Мәдина Тұшанова, Рустам Киікбаев сияқты жас мамандар баршылық.
Бүгінгі күні Жеңіс Букин, Василий Утянский, Алтын Қасымова, Еркін Көкенова, Римма Болатова, Гүлназия Сейдахметова, Людмила Лазорская, Любовь  Шульгина, Күлназия Сейтембетова, Валентина Шевчук, Мағия Үмбеталиева, Тамара Барбанова, Гүлнәр Төлешова, Галина Мягкова сияқты өзге де еңбек ардагерлерімен қарым-қатынасымыз үзілген емес. Көкшетау қаласында алпыс алты  ардагеріміз тұрады. Жыл сайын ардагерлерге материалдық тұрғыдан көмек көрсетіп, мереке күндері және егде адамдар мен мүгедектерді қолдау айлығында кездесулер ұйымдастырамыз. Жергілікті басқару органдары үшін  статистика департаментінің рөлі зор маңызға ие. Статистикаға деген сұраныс көп. Уақытында ұсынылған статистикалық ақпарат облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын талдауға және шешімдер қабылдау үшін өте қажет. Мемлекет статистикаға сенім артады. Осы орайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев  8 қарашаны  Статистика күні деп жариялады. Сөйтіп, мемлекеттік статистиканың тарихы одан әрі жалғасуда. Біздің алдымызда статистиканың әрі қарай дамуы бойынша жаңа міндеттер тұр. Осынау мереке күні облыстағы статистика қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларының амандығын тілеймін.

Ермек МУСИНА,
облыстық статистика департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар