Астрахан аудандық соты қызмет бабын теріс пайдаланып, ірі көлемде мемлекет қаржысын ұрлағандары үшін аудандық пошта байланысы торабының төрт қызметкерін соттады.
Бұл оқиға осыдан үш жыл бұрын басталған. Аудандық пошта байланысы торабының басшысы, оның орынбасары, бас бухгалтер мен касса меңгерушісі қолда барда қонышынан басып, оңай жолмен олжа таппақ болады.
Осылайша төрт адамнан құралған топ 2013-1015 жылдар аралығында жалған құжат жасау арқылы ірі көлемде мемлекет қаржысын қолды қылады. Екі жылдың ішінде пошта басшысы 7087911 теңге, орынбасары 4335000 теңге, бас бухгалтер 6918000 теңге, ал, касса меңгерушісі 2728000 теңге ақшаны қалталарына басады. Оңай олжаға құныққан олар бәрін жымын білдірмей жасадық, ешкім ештеңе сезбейді деп ойлағанымен, тексеру барысында қолды болған ақша қылмысы ашылып, жалғандықтың бетпердесі сыпырылды. Бәрі қолмен қойғандай дәлелденген қылмысты бұрынғы
пошта байланысы торабының жауапты қызметкерлерінің мойындамасқа амалы қалмаған.
Бұл істі қараған аудандық сот пошта байланысы торабының бұрынғы төрт қызметкерін айыпты деп тауып, әрқайсысын жеті жылға бас бостандықтарынан айыруға, өздеріне тиесілі жеке мүліктерін тәркілеп, өмір бойы жауапты қызмет атқару құқығынан айыруға шешім шығарды.
Пошта торабының бұрынғы қызметкерлері шағымдануларына құқықтары бар десек те, қылмыстары нақты айғақтар арқылы мойындарына қойылған іске қатысты сот шешімі өзгертілуі екіталай.