Елбасы Қазақстан судьяларының VII съезіне қатысып, сөз сөйледі

Съезге еліміздің судьялар корпусының өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, құқықтық қоғамдастық, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы съезде сөйлеген сөзінде тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда түбегейлі жаңа өзгерістерге сай келетін заманауи сот жүйесі қалыптасқанына ерекше назар аударды.
– Сот жүйесін реформалаудың негізгі мақсаты – тәуелсіз және сатылмайтын сот билігін қалыптастыру. Бұл жерде судьялардың адалдығы мен біліктілігі, сот төрелігінің әділеттігі мен қолжетімділігі маңызды, – деді Қазақстан Президенті. Елбасы қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары құқық қорғау органдары мен соттардың қызметінің барлық қырын қамтитынын атап өтті.
– Бұл реформаның басты буыны сот билігі болып саналады. Біз оны жаңғыртпасақ, басқа шараларымыздың пайдасы болмай қалады, – деді Мемлекет басшысы. – Сот жүйесінің көп сатылылығы жойылды, инвестициялық даулар бойынша сот өндірісі енгізілді, IT-технологиялар негізінде барлық жерде сот талқылауларын аудио, бейне жазбалар арқылы фиксациялау тәсілі енгізілуде. Біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрамыз, онда ағылшын құқығы, сондай-ақ, әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттары қолданылады. Алқа билер сотының қолданылу аясы кеңейтілді, судьяларға қойылатын талаптар барынша қатайтылды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жеке сот орындаушылары институтын бірте-бірте нығайту қажеттігіне назар аударды. Қазақстан Президенті сот жүйесін жетілдіру ісі бойынша алда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын атап өтіп, сот төрелігін дамытудың перспективалы негізгі бағыттарын белгіледі.
– Қазіргі заманда Қазақстан соттарының алдында төмендегідей міндеттер тұр. Біріншіден – заң үстемдігін қамтамасыз ету, бұл міндетті шешуде сот басты рөл атқарады. Екіншісі – судьялардың жауаптылығын күшейту, бұл олардың тәуелсіздігіне қол сұғу деген сөз емес. Үшіншісі – лайықты судьялар корпусын қалыптастыру. Төртіншісі – сот істерін қарау тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз ету. Ал, бесіншісі – бұл құқықтық ағартушылық мәселесі. Азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығының арқасында сот дауларының санын айтарлықтай азайтуға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы съезде судьялардың жаңа Әдеп кодексінің қабылдануын елеулі оқиға ретінде атап өтті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар