Облыс әкімі Сергей Кулагин өңірімізге жұмыс сапарымен келген Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдерін қабылдап, Көкшетау қаласындағы сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жобасын қаржыландыру мәселелерін талқылады.
Кездесу негізінен танысу, таныстыру бағытында өтті. Облыс басшысы қонақтарға өңіріміздің инвесторлары үшін қолайлы әрі мүмкіндігі зор екенін жан-жақты айта келе, өңірде бәсекелестікті дамытуда ең бастысы халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту болып табылатынын атап өтті.
− Облыс орталығының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде аталған жобаның маңызы зор. Жоба бойынша су тазалауда қазіргі заманғы технологияны қолдау коммуналдық кәсіпорынның экономикалық, экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Жалпы, біздің облыста жұмыс істейтін инвесторлар аз емес. Олардың табысты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалынған. Келетін болсаңыздар сіздерге де осындай жағдай жасайтын боламыз, − деді Сергей Кулагин.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің аудиторлык сарапшылар тобының жетекшісі Николо де Лонго мырза бастаған іскер азаматтар алдымен, «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнына аудиторлық тексеріс жүргізбек ниетті.
Еске сала кетейік ағымдағы жылдың басында Көкшетау қаласының сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жобасын қаржыландыру бойынша облыс әкімі Сергей Кулагин мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы директоры Джанет Хэкман арасында алдын ала келісімге қол қойылған болатын. Осы келісім аясында Көкшетау қаласындағы сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жобасына 3 миллиард теңге көлемінде инвестиция салу көзделген.
Өз кезегінде Николо де Лонго мырза аталған жобаны ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында қолға алу маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында ғана емес, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы бағытында да бірлескен жобаны қолға алуға ниетті екенін жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.