Мерекелерге тарту мол

Облыс әкімі Сергей Кулагин «Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күнтізбесі аясында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген 310 орындық жатақханасының ашылуына қатысты, сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен және тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысып, алдағы міндеттерді белгіледі.

Облыс әкімі алдымен Краснояр кенті бағытындағы саяжай аумағында орналасқан қарттар үйінде болып, зейнеткерлермен кездесті. Қала басшылығының айтуына қарағанда, қазіргі кезде аталған мекеменің 16 қарияға пана болып отырған жайы бар. Олардың дені бүгінде ет жақын туыстарынан айырылып, балалары мен немерелерінің қамқорлығына зәру болып отырғандар. Алайда, араларында қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірген балалары барлары да кездеседі.  Әрбір шаңырақтың ұйытқысы болып отыратын шағында үкіметтің үйін пана етіп жүргендердің дені немерелері мен балаларына кінә тақпайды. Өйткені, балалары қартайған шағында ата-аналарын қажетсіз қылып,  ананы-мынаны сылтау етіп, «Қазір жағдай болмай тұр. Сізді кейін келіп, қолыма аламын» деген жалған сөзге, уәдеге сендіріп тастап кететін көрінеді. Сондай жандардың бірі, балаларына керексіз болып қалған Халида Ахмадиқызы күндердің бір күнінде үш ұлының біреуі келіп, қолына алады деп үміттенуде.  
Жалпы, мұнда тұратын ардагерлердің барлығы өздерін бір шаңырақтың астындағы  үлкен отбасының мүшелеріміз деп сезінеді. Тағдырластар бір-бірінің қуанышы мен қайғысын бір қарағаннан-ақ ұғады. Облыс әкімі қариялармен кездесіп, хал-жағдайларын сұрап білді.
Сондай-ақ, алда келе жатқан еліміздегі
басты мерекелермен құттықтады.
– Мемлекет тарапынан аға ұрпақ үшін барлық жағдай жасалынып жатыр. Алдағы уақытта да жасай беретін боламыз. Бұл Елбасының бізге берген тапсырмасы, – дей келе облыс әкімі қариялардың ұсынысы бойынша қала басшылығына мәдени шараларды жиі ұйымдастырып тұруды тапсырды.
Одан әрі облыс басшысы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген  310 орындық жатақханасының ашылуына қатысып, студенттермен жүздесті.  
– Еліміздің келешегі білімді ұрпақ сіздердің қолдарыңызда. Бүгінгі күні елімізде жастардың білім алуына барлық жағдай жасалынуда. Бұған әрине, егемендігіміздің арқасында қол жеткізіп отырмыз.  Сондықтан, баршаңызды келе жатқан Тұңғыш Президент күні және тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, әрбіреуіңіздің жоғары білімді маман болып шығуларыңызға тілектестігімді білдіремін, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың сөзіне қарағанда, мұнда студенттер үшін барлық жағдай жасалынған. Жатақханаға облыстан тыс аймақтардан келген студенттер бірінші кезекте орналастырылатын көрінеді.
Осы күні Сәдуақасов көшесінің бойындағы аллеядағы жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Бұл жерде де  облыс әкімі қала тұрғындарымен кездесіп, абаттандыру жұмыстарының сапасы туралы сұрап білді. Осы орайда, аталған көшенің бойындағы тұрғын үйлерде тұратын ардагерлер аллеяның абаттандырылып жатқаны үшін облыс және қала басшылығына алғысын білдірді.
– Бұрындары үй ауласына шығып демалып отыру қариялар үшін өте ауыр болушы еді. Аздап жаңбыр жауса, әсіресе, көктем мен күз айларында есік алдын шалшық су алып қалатын. Енді міне, тас төселіп, абаттандырылуда. Оған қоса, жарық тартылып, бейнебақылау камерасы да орнатылмақ, – деді зейнеткер Әнуарбек Сағитов.
Облыс әкімі қала басшылығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан үй аулалары мен көшелерге әдеттегідей аласа ағаштардан гөрі биіктігі екі метрден асатын шырша көшеттерін отырғызуды тапсырды. Сондай-ақ, тұрғындарды алдағы уақытта сенбілікке,  көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысып отыруға шақырды.
Бұдан кейін облыс басшысы балалардың сурет мектебі мен Қопа көлінің жағасында салынып жатқан жаңа шіркеудің құрылыс алаңында болып, мердігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды. Шіркеудің жанынан жексенбілік мектеп ашылмақшы.  Қазіргі кезде шіркеудің төбесін жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал, жанындағы жексенбілік мектептің іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызылуда.

Суреттерде: Краснояр кентіндегі қарттар үйінде; Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қайта жаңар-
тылған жатақханасы.

Аслан Оспанов.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар