«Адал жол» мәреге жетті

Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай өткізілген «Адал жол» форумына облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров қатысып, сөз сөйледі.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен болған форум облыс аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларында өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған «Адал жол» марафонының қорытындысы іспетті болды. Форумға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, мемлекеттік мекемелердің басшылары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
– Бүгін біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Адал жол» форумының куәгері болып отырмыз. 2003 жылдан бастап БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен жыл сайын
9 желтоқсан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні болып белгіленген. Алайда, бұл күн – мереке емес, жер шары халықтарының сыбайлас жемқорлықтың дамуына жол бермейміз деген жанайқайын білдіретін айтулы күн, – дей келе облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров бүгінде мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселе болып отырған жемқорлықпен күрестің үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін маңыздылығын атап өтті. Облыс орталығында осы мәселе бойынша жұмыс жүргізетін департаменттің қызметкерлеріне бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарына алғысын білдіріп, әлі де атқарылатын істердің көп екендігіне назар аударды.  
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Берген Беспалинов ел тәуелсіздігін алған кезден бастап Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарып жатқандығын айтты.
– Жиырма бес жыл ішінде халқымыз Конституция мен заңдардың үстемдігін сыннан өткеріп, қазір мемлекеттің өркендеп, дамуына зор ықпалы бар кейбір заңнамалық құжаттарға толықтырулар енгізілді. Мұның барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр. Бүгінде кез келген мемлекеттік орган сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында форум, конференция, дөңгелек үстел сияқты іс-шараларды өз еріктерімен өткізе алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске балаларды мектеп жасынан тәрбиелеп, адалдыққа баулу біздің және мемлекетіміздің алға қойған мақсат-міндеттерінің бірі. Соның негізінде облыста жемқорлықпен күресу мақсатында аудандар мен қалалар арасында марафон ұйымдастырылды. Нәтижесінде біршама жұмыстар атқарылып, жемқорлық іс-әрекетіне мүлдем төзбеуді қалыптастыру жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл марафон алдағы уақытта дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұруы қажет деген шешім қабылдадық. Мұндай іс-шаралар негізінде қоғамда  сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары мәдениет қалыптасады, – деді ол.  
Облыста тоғыз ай бойы марафон шеңберінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар, семинар, дөңгелек үстел, флеш-мобтар ұйымдастырылды. Оған облыс бойынша барлығы 47 мың адам тартылды. Олардың ішінде үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар мен мекемелердің, жоғары оқу орындары мен орта мектептердің оқытушылары, оқушылары бар. Жыл бойы өткен «Адал жол» марафонының нәтижесінде астрахандықтар бірінші дәрежелі грамотамен және бағалы сертификатпен марапатталды. Жақсы ауданы екінші орынға ие болып, ал ерейментаулықтар үшінші орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар, бұл іске белсене қатысып, сыбайлас жемқорлықпен күресу жолына оң ықпалын тигізген Бұланды, Шортанды аудандары мен Степногорск қаласы да арнайы аталымдармен марапатталғаны айтылды.
Дендеп бара жатқан дерттің алдын алу үшін 2003 жылы жемқорлыққа қарсы халықаралық Конвенция қабылдаған еді. Ол жемқорлықтың алдын алу шараларын, сондай-ақ, онымен күресудегі халықаралық ынтымақтастықтың тетіктерін қарастырады және соған сәйкес заңнамаларды реттейді. Аталмыш құжат оған қол қойған мемлекеттерді парақорлықты, бюджет қаржысын жымқыруды, заңсыз жолмен табылған табыстарды кәдеге асыруды қылмыс деп жариялауға міндеттейді. Соның ішінде Қазақстанда Конвенция 2008 жылы ратификацияланып, бұрынғы кеңестік республикалар арасында бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. Қазіргі таңда бұл заң күшейтіліп, жаңадан толықтырулар мен өзгертулер енгізілді.
Бұдан соң Егіндікөл ауданы әкімінің орынбасары Зоя Жұматаева, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Айдос Хамиевтер жарыссөзге шығып, сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Шара соңында «Адал жол» марафонына арнайы ашылып, бүкіл аудандарды аралаған кітапты департамент басшысы Берген Беспалинов қабылдап алды.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар