Білімді ел мұратына жетеді

«Ұлы дала елі – тәуелсіздіктің 25 негізі» акциясының «Білімді Қазақстан» он тоғызыншы күні аясында  облыс орталығындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясында осы тақырыппен  ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Аталмыш жиынға Көкшетау қаласының білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогикалық қызметкерлері, ғалымдар, еңбек ардагерлері қатысты. Жиынды Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов ашып, жүргізіп отырды.  
Салтанатты шарада Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарға жүрекжарды тілегін білдірді. «Қазақстан Республикасының ғылым және білім беру жүйесіндегі беталыстар мен мәселелер» жайында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Карима Канитаева баяндама оқыды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары Айсұлу Ақышева болса, «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы – білім беру ісін толық реформалау жағдайында біліктілікті арттыру» тақырыбында келелі ой қозғап, көптің көкейінде жүрген өзекті мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ, Ақмола облысы бойынша инклюзивті білім беруді дамыту координациялық кеңесінің төрағасы, саясаттану ғылымының кандидаты Марат Ыбыраев «Ыбырай Алтынсарин және қазіргі заман» тақырыбындағы баяндамасында бар ғұмырын ағартушылық ісіне арнаған ұлы ұстаздың еңбегін тілге тиек етіп, қазақ даласындағы оқу ағарту мәселесін іс жүзінде тұңғыш рет қолға алған Ыбырай Алтынсариннің еңбектері бүгінгі күнде де өз құндылығын жоймағандығын баса айтты.
Конференция барысында ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Балжан Нұрышқызы «Білім беруді жетілдіру және үдемелі дамыту» тақырыбында сөз қозғаса, №13 мектеп-гимназиясының директоры Ботагөз Гельманова «Білім беру жүйесінің жаңаруы жағдайындағы білім беру мекемелерінің  бүгінгі басшысы» тақырыбында баяндама оқыды. Ұлы ұстаз Ахмет  Байтұрсынов «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал, біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы» деп атап өткендей оқушының алған білімін қолдана білу дағдысын дамытатын  негізгі тұлға мұғалім. Сондықтан, мұғалімнің кәсіби біліктілігіне баса назар аударылып отыр. Кәсіби біліктілік пен білім жай қабылданбайды, мұғалімдер оны өз қолымен жасайды. ХХІ ғасыр талап етіп отырған дағдыларды оқушы бойына тиімді қалыптастыра алу үшін, алдымен  мұғалімдердің өздері де ол дағдыларды меңгеруі керек. «Көшбасшы мұғалім – уақыт талабы» деген тақырыпта республикалық «Үздік педагог – 2016» байқауының жеңімпазы Айгүл Кенжебаева сөз алып, өз тәжірибесімен бөлісті. Шараға қатысушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан тәуелсіздігін нығайтып, Еуразиялық интеграция мен ынтымақтастықты көркейтіп, ЕҚЫҰ сынды белді ұйымға төрағалыққа дейінгі лауазымға көтеріп, аз ғана уақыт аралығында егемендігін енді ғана алған мемлекетті әлемдік қауымдастыққа мойындатып, танытудағы көреген саясаткерлігін ерекше атап өтті. Ғылыми талдауға еліміздің білім саласының даму тенденциясы талқыға салынды. Конференцияда көтерілген мәселелер төңірегіндегі құнды ойлар мен ұтымды ұсыныстар топтастырылып, жинақ жарық көретін болып шешілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар