Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өңірлерде алға басушылық байқалады - АРҚА АЖАРЫ

Өңірлерде алға басушылық байқалады

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Аршалы және Ерейментау аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен танысты, сондай-ақ, аудан активтеріне қатысып, он бір айдағы əлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындыларын шығарды.

Аймақ  басшысы алдымен Жібек  Жолы ауылында орналасқан «Ормис Казақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Серіктестік жылына 7200 дана жылу өткізбейтін құрылыс материалдарын шығарады. Өндіріс  қуаты жылына 10000 шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын құрайды.   
Жыл басынан бері кәсіпорын 670 миллион теңгенің құрылыс материалдарын шығарған. Қазіргі кезде 20 адам еңбек етеді. Кəсіпорын басшысы Ербол Қазбековтың айтуынша, өндірістік цехтан басқа серіктестік туризмді дамытумен де айналысады. Меншігінде 10 нөмірлік қонақ үйі, 100 орындық банкет залы және ағаштан жасалған 12 қима үйі бар. Өңір басшысы кәсіпорын жұмысына оң бағасын беріп, алдағы істеріне сәттілік тіледі.  
Онан соң темір бұйымдарды шығаратын «Кубик» өндірістік компаниясының жұмысымен танысты.  Кəсіпорын басшысы Рүстем Бейсембековтың сөзіне қарағанда кәсіпорын ашылғалы, яғни, 2016 жылдың маусымынан бері 5 тонна металл өнімдері өндірілген.
– Сіздердің бизнес-жобаларыңыз біздің аймақ үшін өте маңызды. Мемлекет үнемі кәсіпкерлікке қолдау жасап келеді және алдағы уақытта да қолдайтын болады. Белсенділік болғаны абзал, –  деді өңір басшысы кəсіпорын ұжымымен кездесу барысында.  
Ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Аршалы ауданының үш бірдей елді мекені тазартылған ауыз сумен қамтамасыз етілетін болып отыр. Арнасай ауылында Аршалы кентіне дейін ұзындығы 22 шақырым болатын су тартқыш кешен желісін қайта жөндеу жобасы «Сапалы су» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды. Нысанда  3 су тартқыш станция, 2 резервуар, су жинау және тазарту қондырғылары салынды. Осының арқасында 2500 абонент тазартылған ауыз суға қол жеткізбек. Облыс әкімі осы жаңа су тазарту кешенінің іске қосу жұмыстарымен де танысты.
Аршалы селосындағы № 2 орта мектепте назардан тыс қалған жоқ. Айта кету керек, бұл білім ошағы 1962 жылы салынғанымен бірде-бір рет  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Білім ордасындағы мұғалімдер ұжымы жəне жоғары сынып оқушыларымен кездескен Сергей Кулагин келер жылы ғимаратта  күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алуды тапсырды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы жұмыс сапары аясында аудандық мəдениет үйінде жеке мәселелері бойынша келген аудан тұрғындарын қабылдап, сауалдарына құлақ түрді. Сұрақтардың дені коммуналдық мәселелер төңірегінде болды және тиісті жауаптары берілді. Жұмыс сапарының соңында Аршалы ауданы активінің жиналысына қатысып, аудан əкімі Азамат Тайжановтың  ағымдағы жылдың 11 айы бо-
йынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасын тыңдады, сондай-ақ, əр салада табысты еңбек еткен бір топ аршалылықтарды Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Одан әрі облыс әкімінің сапары Ерейментау ауданында жалғасын тапты. Ерейментау ауданындағы әлеуеті жоғары саланың бірі мал шаруашылығы деп айтуға толық негіз бар. Бұл өлке негізінен мал өсіруге өте қолайлы аймақ. Мұнда бір кездері жылқы, қара мал, қой, оған қоса түйе өсіріліп, шұбат дайындалған. Бүгінгі таңда ауданда мыңғыртып мал өсіріп отырған іргелі шаруашылықтар баршылық. Өңірге сапары барысында облыс әкімі осындағы алдыңғы қатардағы шаруашылықтардың бірінен саналатын «Жаңа Береке» шаруа қожалығында болып, мал шаруашылығын дамыту барысымен танысты.

Шаруашылықтың атқарушы директоры Жандос Хасеновтың айтуынша, бүгінгі күні мұнда 2130 бас ірі қара болса, оның 42-сі бұқа да, қалғаны сиырлар. Сонымен қатар, шаруа қожалығы әртараптандыру шеңберінде мал азығы егілетін алқаптарды кеңейтуде. Егістікке жарамды жердің 4 мың гектарына біржылдық және көпжылдық екпе шөп егіледі. Ағымдағы жылдың қазан айында қожалық ет өңдейтін кешенді іске қосты. Жобаның құны 1 миллиард
131 миллион теңгені құрады. Бұл қаржының 738 миллион теңгесі «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы берілсе, қалғаны шаруа қожалығының өз қаржысы. Оған қоса, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық мәртебесін алған шаруа қожалығының 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы бар.
– Асыл тұқымды мал басын көбейту үшін 2013 жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қарыз ақшасына  800 бас қазақтың ақбас сиыры мен 98 бас қалмақ
сиырларын сатып алдық. Алдағы уақытта мал басын 3 мыңға жеткізіп, ет өндірісін арттыру жоспарда бар, – дейді Жандос Хасенов. Мал еті негізінен «Ірі қара мал етін экспорттау туралы келісім» шеңберінде Астана қаласы мен «Астана Агропродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Сабынды және Макинск ет комбинаттарына өткізілуде. Сонымен қатар, серіктестік халықтың әл-ауқатын көтеруге де игі ықпалын тигізіп отыр. Осы мақсатта Новомарковка және Кіші Торғай ауылдарында жұмысшыларға арналған барлығы бес тұрғын үй салып берген. Баспаналы болғандардың арасында шаруашылықтың бас агрономы Ренат Пішембаев бар. Оның отбасымен бірге осында көшіп келгеніне жарты болып қалыпты. Соған қарамастан қожалық оған маман ретінде бес айдың ішінде жаңа үй салып берген. Маманның үйіне арнайы соққан облыс əкімі жаңа баспана иесін қуаныштарымен құттықтады. Шаруа қожалығы жыл сайын ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына демеушілік жасауда. «Жаңа Береке» шаруа қожалығы алған бағыты мен ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосудағы игі істеріне оң бағасын берген облыс әкімінің сапары Ерейментау қаласында жалғасты. Аудан орталығындағы №5 жылу қазандығында 2016 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ол үшін облыстық бюджеттен 25 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазіргі кезде қазандық еш іркіліссіз жұмыс істеп тұр. Оған қоса, екі айлық көмір қоры жасалынған. Алдағы қыстан ерейментаулықтар қысылмай шығатынына сенім мол.
Сонымен қатар, облыс басшысы орталық аудандық ауруханадағы дәрігерлер ұжымымен кездесіп, 60 пәтерлі жалдамалы тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Әсіресе, медицина қызметкерлерімен кездесуде аудан басшылығына сырттан дәрігерлерді шақырып, оларға жағдай жасауға кеңес берді.  Ал, 60 пәтерлі тұрғын үйдің  2013  жылы құрылысы басталған 5 қабатты үйді келер жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Бесінші қабаттың қабырғалары тұрғызылып, терезелері орнатылуда.
Аудан әкімі Ермек Нұғымановтың есебінде айтылғандай, ауданда біршама ілгері басушылық бар. Аудан соңғы екі жылдың ішінде әр сала бойынша алға жылжыған. Дегенмен, проблемалар да жоқ емес.
– Елордаға жақын орналасқан аудандардағы шаруашылықтар үшін ет пен сүтті қайда сатамыз деген сұрақ мүлдем туындамауы керек. Бүгінгі таңда Астана базарлары отандық етпен және сүтпен қамтылған. Астана біздің облыстың іргесіндегі басты тұтынушысы. Бұл біздің өзге облыстармен салыстырғанда басты артықшылығымыз. Сондықтан, осыны пайдалана отырып, бұл бағытта нақты, өндіртіп жұмыс жасауымыз қажет, – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы баса назар аударған тағы бір мәселе, бос тұрған ғимараттардың әлі де болса, барлығы бірдей кәдеге жаратылмауы. Бұл барлық аудандарда байқалады. Осы орайда, облыс әкімі бұл ғимараттардың бәрінің жобалық-сметалық құжаттамасын жасатып, жөндеуден өткізуді тапсырды. Инвестиция тартуда біраз кемшіліктер бар.
– Инвестиция көрсеткіші көбіне жекеменшік есебінен алынып отыр. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінетін қаражат кейде игерілмей жатады. Сондықтан, жөндеуді қажет ететін кез-келген мектеп немесе аурухана болсын, жобалық-сметалық  құжаттамасын  әзірлеп, уақытында ұсыныс жасағандарыңыз дұрыс болады, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы аудан тұрғындарын алда келе жатқан ел тәуелсіздігінің 25  жылдығымен құттықтай келе,  айтылған кемшіліктерді бірлесе жұмыс істеу арқылы ғана жоюға болатынын ескертті.
Жиын соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматтар облыс әкімінің Алғыс хаты және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар