Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Тұңғыш Президент күніне орай, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжі мен Мәлік Ғабдуллин атындағы музей ұжымы бірлесіп, «Ұлт. Елбасы. Тәуелсіздік» атты сұхбат-кеш ұйымдастырды.
Елбасымен жүздесу бақыты бұйырған әрбір адам сол кездесуді әрдайым еске алумен жүреді. Президент күніне орайластырылып өткізілген сұхбат кештен біз осыны аңғардық. Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайым өмірдегі адами болмысын, өнегелі өмірін, беймәлім қырлары мен тұңғиық сырларын таныту, ел үшін атқарған айтулы еңбектері жөнінде кейінгі жас ұрпақтарға ұдайы насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада музей директоры Құдайберлі Мырзабек сөз сөйлеп, келген қонақтарды ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді. Аталған кешке әр жылдарда Елбасымен кездесіп, сұхбаттасқан, қабылдауында болған жерлестеріміз қатысты.
Атап айтсақ, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, қалалық денсаулық сақтау саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Жанәділов, Ақмола облысының бас имамы Қанат Қыдырмин, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, 1992 жылы өткен Тұңғыш Президент шыршасына арнайы шақырылып, Елбасының қолынан сыйлық алған оқушы, қазіргі таңда жеке кәсіпкер, Астана қаласынан осы отырысқа арнайы келген Алка Назарқызы, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова және басқа да қатысушылар сөз алып, өз естеліктерімен бөлісті. Шақырылған қонақтар Елбасымен жүздескен қызықты сәттерін көпшілікке әңгімелей отырып, өз-пікірлерін де ортаға салды.
Сұхбат кеште Елбасының өз еңбектері туралы жинақтар және өмір жолынан мағлұмат беретін «Балалықтан басталған сара жол, даналыққа жеткізген дара жол» атты тақырыпта көрме ұйымдастырылып, «Елбасының беймәлім қырлары» атты бейнефильм көрсетілді. Танымы мен тағылымы зор мәдени шара барысында мәдениет колледжінің студенттері Елбасының әндерін орындады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.