Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алаш ардақтыларына арналды - АРҚА АЖАРЫ

Алаш ардақтыларына арналды

«Алаш» автономиясының құрылғанына 99 жыл толуына және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Елбасы бастамалары және Алаш ардақтылары» атты дөңгелек үстелде Алаш қайраткерлерінің ақталуы мен насихатталуы жайында әңгіме өрбіді.

Азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжінде өткен іс-шараны Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкерлері ұйымдастырып, мекеме директоры Құдайберлі Мырзабек жүргізіп отырды. Ең алдымен аталған оқу орнының оқытушысы, тарихшы Мұрат Мұхамеджан  оқушыларға «Репрессия тарихы, себеп-салдары және қасіреті» тақырыбында баяндама жасап, жазықсыздан құрбан болған Алаш ардақтыларының шеккен зардабын жан-жақты айтып беруге тырысты. Десе де, баяндаманың кейбір тұсында кеңестік қызыл империяның сойылын соғушылардың көзқарасымен жазылған, бұрмалаушылықтарға жол берілген мәліметтер де келтірілді. Кеңес үкіметінің адуынды саясатының салдарынан тарихымыз сан-саққа бұрмаланғандығы белгілі, алайда, жас ұрпақтың алдына шығып, еліміздің тарихынан сыр шертер алдында тақырыпты жан-жақты зерттеп, зерделеп алған жөн болар.
80-ші жылдардағы жариялылықтың лебі, нәубет құрбандарының ақтала бастауы, оларды ақтау барысындағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі туралы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Ерлан Наурызбаев жан-жақты әңгімелеп берді. Сонымен қатар, Алаш арыстарының насихатталуы және оларға республикада жасалған дәрежелеу амалдары жайында заң ғылымдарының магистрі Ерлан Мырзаханов айтты. «Алаштың ардақ тұтар тұлғалары» тақырыбы аясында Әлихан Бөкейханов, Айдархан Тұрлыбекұлы, Смағұл Сәдуақасов жайында, олардың өмірі мен қызметі, қоғамдағы орындары, сіңірген еңбектері туралы «Ақ жол» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақыт Смағұл баяндама жасады. Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек «Алаш орда үкіметінің құрылымдық жобасы» атты тақырыпта жасаған баяндамасында алашордашылардың құрылған уақытынан бастап атқарған істері мен қызметтері, мемлекет болып қалыптасудағы жоспарлары мен жобалары жайында тарихи дәйек-деректерді нақты келтіре отырып айтып берді. Тіпті, кейбір баяндамашылардың деректерін толықтыра түсті десек ағаттық болмас.
Кеңес үкіметі кезінде Алаштың аяулы азаматтары мен қайраткерлерінің еңбегі тұрмақ, есімдерін айтудың өзі мұң болған еді. Бүгінде тәуелсіздігіміздің арқасында  олардың қызметі, өмірі, қоғамдағы орны туралы зерттеп те, оқып та жатырмыз. Егемендігімізбен бірге олардың ардақты есімдері де оралды, ақталды. Алайда, осындай тарихи мәні зор, айтары мол іс-шараларды өткізер алдында ұйымдастырушылар оның тыңдаушыларын, аудиториясын алдын ала сайлап алса деген ұсынысымыз бар. Себебі, «тыңдаушысы жоқ сөз жетім» деген атам қазақ. Жиынның басты тыңдарманы «Азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжі» деп аты айғайлап тұрған оқу орнының білім алушылары болса, ел тәуелсіздігі, Алаштың ардақтылары туралы тарихи танымдық маңызы зор мағлұматтар айтылып жатқанда құлықсыздық танытып, өздерімен өздері смартфондарын жаңа көргендей шұқшиып отырды.
Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар