Бүгінгі күннің басты міндеті – жылды табысты аяқтап, келер жылдың берік негізін қалау

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде он бір айдың жұмыс қорытындылары қаралды.

Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, ұлттық компаниялардың басшылары,  қалалар мен аудандардың әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлгаждаров облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2016 жылғы он бір айдағы қорытындыларына егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл қорытындылар жаман емес. Көптеген көрсеткіштер  бойынша облыс республикамызда алдыңғы орындарда тұр. Өнеркәсіпте өндіріс көлемі 374,3 миллиард теңгеге жеткен. Тұрғын үйді  пайдалануға беру жоспары 134 пайызға орындалған. Жұмыссыздық 4,7 пайыз мөлшерінде. Облыс келер жылдың егісіне  тұқым қорын толық құйып  алған. Мал өнімдерін өндіру 2,7 пайызға өсіп отыр. Ұн, сүт және ет өнімдерін өндіруде де өсім бар. Астананың  айналасында азық-түлік белдеуін жасау мақсатымен 9,8 миллиард теңгенің өнімдері өндірілген. Шағын және орта бизнес субъектілерінен 25,4 миллиард теңге салық түскен. 400 адам шағын несие алған. Оң көрсеткіштер осылай жалғасып кете береді.  Бұл әрине, құптарлық.
Дегенмен, назар аударатын тұстар да баршылық. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне баға күн санап өсіп барады. Мәжілісте осы жағы баса айтылып, нақты мысалдар келтірілді. Облыс әкімі Есіл ауданында бірінші сортты ұнға бағаның 44 пайызға көтеріліп кеткенін сынға алып, мұның себебіне үңілді. Бағаның бұлай күрт көтерілуі басқа өңірлерде де орын алуда. Әсіресе, жұмыртқа көп қымбаттаған. Әр өңірдегі баға бағамына талдау жасап, әкімдерден тез арада осы мәселеге жіті назар аударуды талап еткен өңір басшысы коммуналдық қызмет түрлері үшін жинақталып қалған қарыздың  да 2,5 миллиард  теңгеге жеткеніне тоқталды. Оның 1,5 миллиарды бұрынғы қарыздар. Яғни, заңды және жеке тұлғалар көрсетілген қызмет ақысын төлемеуді әдетке айналдырған. Ал, осыны қайтарудың бір жолын табу қолдан келер емес. Бір әттеген-айы, облыс бойынша басқа ауру түрлерімен сырқаттанушылық кемігенімен, онкологиялық аурулар 4,1 пайызға өсе түскен.
Баяндама бойынша  жарыссөзде сөйлеген Целиноград ауданының әкімі Мәлгаждар Тәткеев, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов өз өңірлеріндегі істің жайын жіліктеп айтып берді. Біраз көрсеткіштер бойынша бұл аудандарда өсім бар. Целиноград ауданында тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард теңгеге ұлғайған. Ерейментау ауданында да жалақы көлемі өскен, 3,5 мың шаршы  метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілген. Рас, объективті және субъективті себептермен екі ауданда да кей көрсеткіштер бойынша   діттеген межеге қол жеткізіле қоймаған. Бұл орайда, облыс әкімінің алға нақты міндеттер қойып, жағдайға жете бойлай түсуі өз нәтижесін береді деген сенім бар.
Мәжілісте қаралған екінші мәселе бо-йынша облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова баяндама жасады. Баяндама «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асырудың барысына арналды.  Бұл жағынан да облыста белгілі бір жұмыстар атқарылуда. 364 жобаның бәрі дерлік орындалып, 33-і ғана қалған. Олар да соңына таяу.  Биыл Үкімет бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 6,5 миллиард теңге бөліп отыр. Ол қаржы түгелдей игерілмекші. «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету» жөніндегі бірінші бағыт бойынша 1858 жұмыс орны құрылған. Ал, «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру» жөніндегі екінші бағытқа сәйкес 115 адам қайта кәсіби даярлықтан өткізілген. Бұл бағдарламаның «Жұмыс берушінің қажеттіліктері шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» деп аталатын үшінші бағыты да бар. Ол бойынша  жас-тар тәжірибесіне 521 адам жолдама алған көрінеді.
Өзінің қорытынды сөзінде облыс әкімі әкімдер мен ведомство басшыларының алдына биылғы жылды табысты аяқтап, келер жылдың берік негізін қалауды басты міндет етіп қойды. Сондай-ақ, қысқы отынның қоры, жалақы бойынша қарыздарды қайтару сияқты өзекті мәселелер де назардан тыс қалмай, тиісті тапсырмалар берілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар