Зияткерлік меншікті қорғау – мемлекеттік маңызы бар мәселе

Әлемнің бәсекелестікке қабілетті отыз елінің санатына қосылуды мақсат етіп отырған Қазақстан үшін жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік индексінің бір өлшемі болып есептелетін зияткерлік меншік құқығын қорғау  мемлекеттік маңызы бар мәселе болып табылады. Зияткерлік меншік құқығын бұзудан келтірілетін залал көлемі бүгінде миллиардтаған теңгені құрайды және бұл санаттағы қылмыс саны да жыл санап өсе түсуде.

 

Отыз жылдан астам уақыттан бері Бүкіләлемдік экономикалық форум әлем елдерінің бәсекелестікке қабілеттілік рейтингін жүргізіп келеді. Биылғы жылы 138 елдің арасынан Қазақстан бәсекелестікке қабілеттілік өлшемдері бойынша 53-ші сатыдан көрінді.  Еліміз бұл халықаралық рейтингке 2006 жылдан бастап қатысып келе жатқанын еске сала кетсек артық болмас. Өткен онжылдықтың көлемінде Қазақстан рейтинг өлшемдерін біршама жақсартып, жоғары сатыға көтеріле алды.
Бүкіләлемдік экономикалық форум рейтингі көрсеткіштері бойынша жұмыс жүргізуге мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлінуде. 2015 жылдың 21 сәуірінде Үкімет бәсекелестікке қабілеттілік өлшемдерін жақсарту жоспарын бекіткен болатын. Осы жоспарға сай, Әділет министрлігіне рейтингте маңызды орын алатын төрт негізгі индикатор бойынша жұмыс жүргізу міндеттелген еді. Олар: зияткерлік меншік, әкімшілік реттеушілікке байланысты даулар жөніндегі заңдардың тиімділігі, даулы мәселелер бойынша заңдардың тиімділігі, зияткерлік меншік құқығын қорғау.
Кеңес заманында зияткерлік меншік құқығы жөнінде түсінік те болмағандығы белгілі. Осыған орай, зияткерлік меншік құқығын бұзушылық жаппай белең алған еді. Әділет органдарының осы саладағы насихат жұмыстарын жандандыруы және зияткерлік меншік құқығын бұзушылықтарды заң арқылы реттеудің жолға қойылуы бұл саладағы заң бұзушылықтар деңгейін біршама кемітті. Соңғы бес жылдың көлемінде еліміз зияткерлік меншік құқығын қорғау индикаторы бойынша халықаралық рейтингте 69-шы сатыдан көрінді.  2012 жылы Қазақстан 116-шы орында болғандығын ескерсек, бұл жаман жетістік емес. Бұның бәрі осы саладағы заңнамалары-
мызды жетілдіру арқылы жеткен жетістіктер десек, артық айтқандық емес.
Зияткерлік меншік құқығын бұзу деңгейінің жоғарылығына адамдардың осы саладағы құқықтық сауатының аздығы айтарлықтай әсерін тигізіп отырған жайы бар. Зияткерлік меншік нысандарын пайдаланушы кәсіпкерлер заңды білмейтіндіктен, оған онша мән бермесе, авторлар өздерінің  авторлық құқықтарын қорғау жайына мән бере қоймайды. Осы орайда, әділет органдары жұртшылық арасында насихат жұмыстарын жүргізуге үлкен көңіл бөлуде. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы он айының ішінде әділет департаменті бәсекелестікке қабілеттілік рейтингін көтеру мәселесіне арнап 48 семинар, 328 лекция,  49 дөңгелек үстел өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында 56 мақала жариялады.
Әділет департаменті тек насихат жұмыстарымен ғана шектелмей, зияткерлік меншік  заңдарын бұзу жайларын анықтауға да белсене қатысады. Жыл басынан бері әділет қызметкерлерінің араласуымен зияткерлік меншік құқығын бұзуға қатысты  6 оқиға анықталды. Өзге фирманың тауарлық белгісін пайдаланған кәсіпкерге сот шешімімен 240  айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сонымен бірге, 890538 теңгенің 1458 контрафактілік тауарлары тәркіленіп, жойылды.
Бүгінгі таңда Әділет министрлігі еліміздің бәсекелестікке қабілеттілік рейтингін жақсарту бағытында белсенді жұмыстар жүргізуде. Министрліктің мұрындық болуымен «Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқығын қорғауды жетілдіруге байланыс-ты кейбір заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заңының жобасы дайындалды. Бұл заң жобасы еліміздің қолданыстағы заңдарын Экономикалық қарым-қатынас және даму ұйымының талаптарына сәйкестендіретін болады. Сондай-ақ, жаңа заң зияткерлік меншік нысандарын тіркеудің бір деңгейлі жүйесін енгізуді, тіркеуге байланысты сотқа дейінгі дауларды қарау тәртібін жеделдетуді, тұтынушылардың заңсыз тауар белгісімен сатылған  тауарлар үшін өтемақысын алу тәртібін жеңілдетуді қарастырады. Мұның  бәрі өз кезегінде зияткерлік меншік құқығын қамтамасыз етуге оңтайлы жағдайлар жасайтын болады.
Тәуелсіз еліміз болашақта әлемнің бәсекелестікке қабілетті отыз  мемлекетінің санатына қосылу мақсатын алға қойып отыр.  Мұндай мақсат биігінен көріну үшін әлемдік рейтингтегі көрсеткіштерімізді жақсарту бағытындағы қолға алған жұмыстарды нәтижелі жүргізу қажет. Әділет органдарының қызметкерлері  бүгінгі күні өздеріне жүктелген осындай міндетті орындау бағытында бар күш-жігерді жұмылдырып жұмыс істеуде.

Анатолий ДЕРМАНОВСКИЙ,
облыстық әділет департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар