Балғындар қуанышында шек болмады

Кеше көрікті Бурабай баурайындағы «Rixos Borovoe» қонақ үй кешенінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балаларға арналған «Жаңа жылдық алаулар ЭКСПО – 2017» атты жыл сайынғы дәстүрлі Жаңа жылдық шырша мерекесі болып өтті. Салтанатты шараға  қатысқан облыс әкімі Сергей Кулагин балғындарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оқуда озат, өмірде бақытты болуларына тілектестігін білдіріп, Елбасының атынан сыйлықтар тапсырды.

Салтанатты шараға облыстағы балалар үйлерінің, мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың жеткіншектері, мүмкіндігі шектеулі балалар, үздік оқушылар, барлығы 200 бала қатысты. Балғындар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың телеэкран арқылы өздеріне арналған Жаңа жылдық құттықтауын зор ынтамен тыңдады. Мемлекет басшысының ел болашағы – балаларға деген үміті мен сенімі жиналғандарды қанаттандыра түсті.
– Қымбатты балалар, мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Қазір дүниежүзі қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Бүгінгі шырша тойы есте қаларлық ерекше кеш болады деп сенемін. Ұлы дала елінің ұлағатты ұландары, біз сендердің ақылды да алғыр, зерделі де зерек, білімді болғандарыңды қалаймыз. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалған. Айналасын нұрға бөлеген шырша базарлы балалықтың белгісі. Балалардың бәріне мол игілік, жарқын болашақ тілеймін! Асқақ армандарың орындалып, тәуелсіз елімізбен өсіп-өркендей беріңдер, – деген ел Президентінің ізгі лебізі әр баланың жадында ұзақ уақыт сақталып қалары анық. Балдырғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған өңір басшысы өз сөзінде Елбасының тарапынан балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуларына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің  ұжымы дайындаған театрландырылған көрініс кімді болсын бейжай қалдырмады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, облысымыздан жиналған балаларды 25 Аяз ата мен 25 Ақшақар қарсы алып, жадыңнан кетпес ерекше думан сыйлады. Жасыл шырша жанына жиналған мектеп оқушылары Аяз ата мен Ақшақардың алдында бар өнерлерін салды. Қиялға толы кеште балдырғандар сүйікті ертегілер әлеміне жұлдызды саяхат жасады. Танымдық шараны бүгінмен байланыстырып, әлеуеті асып, бірлігі жарасқан елдің басты құндылықтары ынтымақтастық, отансүйгіштік, күш-жігер, еңбекқорлыққа жетелейтін жолдар көрсетілді. Қойылым барысында балғындар қиял қанатында еліміздің әртүрлі аймағына саяхат жасап, тарих қойнауына көз жүгіртті. Балалардың әрбірі көздің жауын алатын сан қилы мерекелік киім үлгілерін әзірлеп әкелген. Солардың арасында Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 4 сынып оқушысы Диана Нүкенова  тарихи тұлға Алтын адамның кейпін таңдаған. Ал, Жақсы ауданындағы  Запорожье ауылы орта мектебінің 6 «а» сынып оқушысы Айым Жакенованың айтуынша, мектептегі технология пәнінің мұғалімі Ботагөз Әліқызының идеясымен  қырағы алтын бүркіт бейнесіндегі киім үлгісі терең сыр шертіп қана қоймай, жарасымды жарқын болашақты аңғартып тұрғандай.
Президенттік шыршаға қатысқан әрбір балаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан  қысқы киімдер мен планшет телефоны және тағы басқа көптеген сыйлықтар табыс етілді. Жаңа жылдық шара балалардың ертегілер әлемі «Лапландия» саяхатына ұласты.
 Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар