Көмек қолын созуда

Апат айтып келмейді.  Жаңа жылдың алғашқы күні – 1 қаңтарда Қарағанды қаласының іргесіндегі Шахан кентінде болған апаттан тоғыз адам қаза тауып, бес адам ауыр халде ауруханаға түскен. Қазір апат орнында төтенше жағдайлар қызметі жұмыс жүргізуде.

Адамның адамдық қасиеті басқа қиындық түскен ауыр сәтте сыналары белгілі. Шахан кентінде орын алған апат жайлы ақпарат ғаламтор арқылы тарасымен, әлеуметтік желілерде апат зардабын тартқандарға көмек қолын созуға ниетті белсенді азаматтардың жазбалары жарияланып, оған қолдау білдіргендер көп болғандығы жұртшылықтың отандастарының басына түскен бақытсыздыққа бейжай қарамайтындығын тағы да көрсетіп бергендей болды. Tengrinews.kz  сайтының хабарлауынша, Астанада Шахан кентіндегі апат зардабын тартқандарға көмек қосыны ашылып, жұмыс істей бастаған. Осы істің басында жүрген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Мұрат Әбеновтың айтуынша, көмек қосынына келіп жатқандар көп көрінеді. «Азаматтарымыздың белсенділігі өте қуантады. Олардың арасында зейнеткерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері мен студенттер, жас отбасылар бар. Тіпті, отбасымен бірге келіп жылы киім, азық-түлік, басқа да қажетті заттар әкеліп жатқан азаматтарымыздың  отандастарының бастарына түскен ауыртпалыққа жанашырлықпен қараған әрекеттері ризалық сезімге бөлейді» – деп жазыпты Мұрат Әбенов өзінің фейсбуктегі парақшасында.
Қазіргі күні қираған үйді тазалау жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыспен төтенше жағдайлар қызметі мен әскери бөлімшенің екі жүзден астам адамы айналысуда. Қажетті арнайы техникалар жұмыс істеуде. Үйінді арасынан шығарылған бес адамның екеуі жас сәби. Олар қазір ауруханада.
Ресми ақпарат көздерінен белгілі болғандай, жергілікті атқарушы билік апаттан зардап шегушілерге ақшалай көмек беретін болды. Апат жертөледегі жылу қазандығынан болған деген болжам бар. Оның себебін арнайы комиссия анықтайтын болады.
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар