Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде бюджет қаржысын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мәселелері қаралып, осы бағытта жүзеге асырылуға тиісті нақтылы міндеттер белгіленді.
Аппарат кеңесіне облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыс әкімі жаңа жыл мерекесі күндері төтенше жағдайлар және коммуналдық қызмет саласы тарапынан атқарылған жұмыстарды саралап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, облыс басшысы қала және аудандардағы шалғай елді мекендерге қатынайтын жолдарды қардан тазалап отыру қажеттігіне тоқталды. Әсіресе, Атбасар, Целиноград және Қорғалжын аудандарында көктемгі су тасқынын алдын алу бағытында жүзеге асырылатын кешенді шараларды бақылауына алатынын ескертіп өтті.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді әрі дер кезінде игеруді қамтамасыз етуді талап етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.