Ізгілік пен игіліктің мейрамы

Облыс әкімі Сергей Кулагин Рождество мерекесінде Көкшетаудағы Архистратиг Михаил православие приходында болып, жиналғандарды  осы бір атаулы күнмен құттықтап, дін жолындағы ізгі қадамдарына тілектестігін білдірді.

Рождество – бұл адамзаттың игі істер жасап, Жаратқаннан жақсы тілек тілейтін қасиетті мереке. Біздің елімізде бұл күнді барша христиан дінін ұстанушылар атап өтетіні белгілі. Католик дінін ұстанушылар желтоқсан айының 25-інен бастап тойласа, православие христиандары қаңтар айының басында атап өтеді.
Ізгілік пен кешірімділіктің нышаны атанған православие христиандарының Рождество мейрамын қарсы алу үшін Архистратиг Михаил приходына келушілер көп болды.   
– Рождество мерекесі ізгілік пен кешірімділікке, жақсылық пен әділдікке жол ашатын сенімнің негізі бола отырып, діндар жамағаттың жүрегіне қуаныш пен үміт толтырады. Бұл ізгі ойлар мен игілікті қадамдарға бастайтын, көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық жасайтын уақыт. Осы күндері православие қауымы өздерінің мінәжат дәстүрлерін жалғастырады. Ол адамдардың сенімін арттырады, рухани қайнарларға бас қоюға үндейді, отбасылық құндылықтарды нығайтады, – дей келе, өңір басшысы православие христиандарының елімізде конфессияаралық келісімді, қоғамдық тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға қомақты үлес қосып отырғандығын айтты.  
Бұдан әрі Архистратиг Михаил приходының епископы, Көкшетау және Ақмола Епархиясы – Серапион әміршісі Сергей Колосницин православие христиандарының Рождество мейрамында орындайтын діни жөн-жоралғыларын жасады. Сондай-ақ, жексенбілік мектепте оқитын 50 шақты балаға жаңа жылдық сыйлықтар тапсырып, оларға ізгі тілектерін білдірді. Салт-жоралғылар орындалып болған соң, епископ шіркеуге келушілерге алғысын білдіріп, көпұлтты еліміздің халқы үшін Рождество мейрамы өзара түсіністік пен қайырымдылықты, жомарттық пен бірлікті, өмірдің құдіреттілігі мен жақсылығын бейнелейтін ізгілік мейрамы екендігін тағы бір мәрте атап өтті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар