Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Бұланды ауданында болып, әр саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен танысты, сондай-ақ, аудан активінде өңірдің 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына баға беріп, жаңа міндеттерді белгіледі.
Бұланды ауданы облыстағы ахуалы артып келе жатқан өңірлердің бірінен саналады. Аудандағы елді мекендердің тұрмысы түзу. Әлеуметтің әлеуеті де әлді. Бұған облыс әкімінің Купчановка селосындағы психоневрологиялық дәрiгерлiк-әлеуметтiк мекемесінде болғанында көз жеткізілді. Бүгiнгi күнi бұл жерде 483 науқас ем алуда. Өткен жылы әлеуметтік мекемеге жалпы құны 308 миллион теңгенің күрделі және 58,2 миллион теңгенің ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мекемеде болған облыс әкiмi ғимараттың ішін аралап көріп, дәрігерлер ұжымымен кездестi. Мекеме басшысы Талғат Сүлейменовтың айтуына қарағанда, орталықта науқастардың осында тұрып, емделуіне барлық жағдай жасалынған. Мекемеде 250-ге жуық медициналық қызметкер жұмыс істейді.
– Тәуелсіздік алған жылдардан бері бұл ғимаратта алғашқы рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік бейімделуі үшін барлық жағдай жасауда. Енді ашық та жайлы бөлмелер қамқорлыққа алынғандардың жағдайын жақсартуға игі септігін тигізетін болады деген ойдамын, – деді облыс əкімі.
Орталықта психологиялық, еңбек терапиясы, ЛФК, стоматология кабинеттері, салтанат залы, кітапхана, зертхана жұмыс істейді. Дәрігерлер ұжымының ауыр да қиын жұмыстарына оң бағасын берген облыс әкімінің сапары Макинск қаласында жалғасты. Аудан орталығында жергілікті бюджеттің бүйірін толтыратын жеке кәсіпкерлер мен инвесторлардың да шаруалары ширақ. Өңірде Елбасы Жолдауында туындайтын ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аудан орталығының іргесінде Индустрияландыру картасының аясында салынып жатқан еліміздегі және Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасының құрылысы соның айғағы іспеттес. «Макинск құс фабрикасы» серіктестігінің директоры Алексей Шевченконың айтуынша, болашақ өндіріс орны 2015-2019 жылдар аралығында екі кезеңмен салынып бітпекші. Жобаға құйылатын инвестицияның көлемі 39 миллиард теңге шамасында.
Жобаны жүзеге асыру барысында «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы-2020» және «Агробизнес-2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға қатысу көзделіп отыр. Құс фабрикасын салу жаңадан тұрақты 700 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауданның қуат көздерімен және сумен жабдықталу жүйесін нығайтады, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізеді деп болжанып отыр. Жоба желілік құрылыс кестесіне сай алдымен, инкубатор пайдалануға беріледі, одан әрі әрқайсысында 6 тауық қорасын біріктіретін 8 алаңқай, құс етін әрі қалдықтарды өңдеу зауыты мен бөлімі, экологиялық және технологиялық қондырғыларды орнату жүзеге асырылады. Қазіргі кезде нысанның іргетасы қаланып, инженерлік коммуникация жүйелері тартылуда.
Біз бройлер өсірумен және құс етін терең өңдеумен айналысатын боламыз. Жоба бойынша кәсіпорын қуаты жылына 60 мың тонна құс етін өңдейтін еліміздегі ең ірі құс фабрикасына айналуы тиіс, – дейді Алексей Шевченко.
Құрылыс алаңында болған облыс әкімі маңызды жобаны жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытуға серпін беретінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, аталған құрылысқа кезең-кезеңімен бөлінетін қаржыны мерзімінде толық игеру мәселесі де сөз болды.
Өңір басшысы «Ботақан» балалардың ойын-сауық орталығы, «Балдырған» бала бақшасы және минералды жылу оқшаулағыш материалдарын шығаратын «Politerm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысына да назар аударды. Соңғысында базальт тау-жынысы негізінде жылу оқшаулағыш материалы өндірісін жаңғырту қолға алынған. Қазіргі кезде мұнда жарық, газбен жабдықтау, темір жолдарды жөндеу бойынша жұмыстар толық аяқталып, технологиялық қондырғылар құрастырылуда. Сондай-ақ, жылу беру жүйесін, желдеткіш, өрт дабылдағышын орнату қолға алынған.
– Кәсіпорын жылына 34 мың тонна өнім өндіретін болады. Жоба құны 6,8 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Оның 2,3 миллиард теңгесі жеке қаражатқа да, қалғаны екінші деңгейдегі банк арқылы несиеге алынып отыр. Оған қоса, өткен жылы мемлекет тарапынан 2287,4 миллион теңге көлемінде субсидия түріндегі несиелік қолдау көрсетілді, – дейді басқарма төрағасы Жасұлан Мұхаметжан. Ал, «Ботақан» балалардың ойын-сауық орталығына келетін болсақ, мұнда демалыс күндері келетін бүлдіршіндерде шек жоқ.
– Балаларды көбіне жүзу бассейні, ойын алаңы, лабиринттер қызықтырады. Аттракциондар, жаттығу залдары, балалар дәмханасы да кішкентай қонақтарымыздың көңілінен шығуда. Ата-аналарымен бірге олар да сәнді киім, ойыншық сату бөлмелері мен шаштараз, уқалау (массаж) кабинеттерінде болады, – дейді орталық директоры Асылбек Кембаев.
Аудан әкімі Қуандық Испергеновтің есебінде айтылғандай, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалында біршама ілгері басушылық бола тұра, кейбір сала бойынша артта қалып отырған тұстар да жоқ емес. Оған ауданның мүмкіндігі зор болса да, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша облыста алдыңғы қатарға шыға алмай отырғаны айқын дәлел.
– Ауданның географиялық жағынан алғанда әлеуеті жоғары. Бірақ, бүгінгі таңда осы мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырған жайы бар, – деді жиында Сергей Кулагин.
Аудан активінде тұрғындардың су, жол және тұрмыстық мәселелері бойынша қойған бірқатар сауалдарына байланысты тиісті орындарға нақты тапсырма берілді. Актив жиналысын қорытындылаған облыс әкімі барлық ірі шаруашылық құрылымдары, басқа да кәсіпорындар әлеуметтік салаға көмек беруге тиістігін тағы да қадап айтты. Әсіресе, халықтың әлжуаз топтарын ұдайы назарда ұстап, әлеуметтік қамсыздандыру қажеттігін алға тартты.
Өңір басшысы өзге де салаларға тоқталып, орын алған кемшіліктерді бірлесе жұмыс істеу арқылы ғана жоюға болатынын ескертті. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматтарды облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Аслан Оспанов.
Суреттерде: балалардың «Ботақан» ойын-сауық орталығы; «Politerm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.