Рақымшылықтан бас тартқандар да бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық заңына байланысты жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Серік Бұланов журналистермен брифинг өткізді.

 

Облысымыздың аумағындағы 7 түзеу мекемесінде үш мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Рақымшылық заңына байланысты 228 адамның мерзімінен бұрын босатылуға немесе жаза мерзімін қысқартуға мүмкіндігі бар екен. Мерзімінен бұрын бостандыққа шығатындардың 5-еуі кішігірім дәрежедегі қылмыс жасағандар болса,  95-і орта дәрежелі қылмыс істеп сотталғандар. Ауыр қылмыс жасаған  128 сотталушының жазасын өтеу мерзімі қысқартылмақ. Сонымен бірге, шартты түрде сотталып, оқшауланбай тіркеуде тұрғандардың арасында 733 адам рақымшылыққа ілінбек. Қазіргі күні департамент рақымшылыққа жататын 179 сотталушының істерін сотқа жіберген. Енді олардың тағдырын сот шешеді.
Рақымшылық заңының күші  негізінен жеңіл дәрежедегі қылмыс жасағандар мен кәмелеттік жасқа толмағандарға, жас мөлшері 60-тан асқан ерлер мен әйелдерге және мүгедектерге таралады. Аса ауыр қылмыс жасағандар мен бұрын рақымшылық заңының мүмкіндігін пайдаланғандарда мерзімінен бұрын бостандыққа шығу немесе жаза мерзімін шегеру мүмкіндігі жоқ.
Департамент басшысының орынбасары журналистер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді. Мерзімінен бұрын бостандыққа шығатындардың арасында үй-күйі жоқ екі адам бар екен. Департамент жергілікті құзырлы органдарға және сотталғандардың туыстарына хат жазып, оларды бостандыққа шыққан соң орналастыру жайын қазірден қарастырып жатқан көрінеді. Олардың біреуі туберкулезбен ауыратындықтан, түзеу мекемесінен шығысымен Степногорск қаласындағы туберкулез диспансерінде емделетін болады, –  дейді департамент басшысының орынбасары.
Рақымшылық заңы беретін мүмкіндікті пайдаланудан бас тартып жатқандар да бар болып шықты. Жеті сотталушы мерзімінен бұрын бостандыққа шығу мүмкіндігін пайдалану үшін арыз бермеген. Олардың бәрі жазаларын өтеп, енді бірнеше айдан кейін бостандыққа шығатындар екен. Рақымшылық заңының мүмкіндігін бір-ақ рет пайдалануға болатынын ескерсек, бостандыққа шығуға санаулы айлар ғана қалған және өздерінің болашақта түзеу мекемелерінің табалдырығын қайта аттамайтындықтарына онша сенімдері жоқ бұл адамдардың осы оғаш әрекетінің себебін де түсінуге болады.
Өткен жылы салтанатпен атап өткен ел тәуелсіздігінің мерейтойының игілігі осылайша заң шегінен аттап, сотталғандарға да тиіп жатқан жайы бар. Тек рақымшылық заңы берген рақымшылықты пайдаланғандар енді қайтып заңсыз әрекеттерге бармаса екен деп тілейік.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар