Сириядағы соғыс пен қарулы қақтығыстарды тоқтату жөніндегі Астанадағы келіссөздер табысты өтті.
Конференция нәтижесінде Иран, Түркия және Ресей кепілдік еткен Ортақ коммюнике қабылданды. БҰҰ-ның арнайы елшісі Стаффан де Мистура «Мен Қазақстан Республикасының Президентіне осы іске қосқан үлесі үшін алғысымды білдіремін. Астанадағы келіссөздердің табысты, сәтті өтуіне барлық мүмкіндіктерді жасағаны үшін Қазақстан еліне ризамын. Сириядағы атыстарды тоқтату бойынша бақылау механизмін орнату туралы шешім жасағандары үшін Түркия мен Ресейдің рөлін ерекше атап кеткім келеді. Сонымен қатар, Сирия мен Сирия оппозициясына да ерекше алғыс айтамын. Себебі, олар бірнеше жылдан кейін келіссөздер үстеліне отырды. Бұл өте күрделі», – деп атап көрсетті.
Сирия делегациясының басшысы, Сирияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Башар Джафари Астанада өткен сириялық реттеу жөніндегі халықаралық кездесудің қорытындысына орай, БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
«Астанадағы екі күндік кездесуде біз күні-түні нәтижелі жұмыс істедік. Бұл келіссөздер барысында біз өз мақсатымызға қол жеткізуге, яғни, соғысты тоқтатуды бекітіп, дағдарысты саяси жолмен шешуге тырыстық», – деді ол.
Сонымен қатар, Астана процесінің жұмысын ұйымдастырудағы еліміздің барлық күш-жігері жоғары бағаланды. «Біз Сирияда бейбітшілік орнатуға ұмтыламыз. Қантөгісті тоқтату бағытында жұмыс істеу үшін әртүрлі елдерден келіп отырмыз. Қантөгісті тоқтату үшін барлық қатысушылар тарабы тырысты. Астана кездесуін жеңіл қабылдауға болмайды. Біз нақты қадамдарды талқыладық және белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік», – деді сириялық делегация басшысы.
ortcom.kz.