Енді – Вьетнам еліне

Қазақстаннан Вьетнамға экспортқа алғашқы астық жіберілді.
Атап айтқанда, Ақмола облысындағы Жалтыр станциясынан тұңғыш рет 32 контейнермен 700 тонна қазақстандық астық Қытайдың Ляньюньган порты арқылы Хошимин портына жөнелтілді.
Ляньюньган портында қазақстандық астықты жіберуге қатысты салтанатты шара өткізілді. Бұл теңіз порты Қытайдағы тікелей  темір жол бағдарымен байланысқан әлемдегі ірі порттардың бірінен саналады. Осы дәліз арқылы Қазақстанға Оңтүстік Шығыс Азия  елдерінің де түрлі өнімдерін жеткізу жоспарланып отыр.  

Бензин бағасы өсті

Қазақстанда жоғары сұранысқа ие АИ-92 маркалы  бензин бағасы өсті.
«ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай құю бекеттерінде оның литрі 137-139 теңгеден сатылуда. Ал, АИ-95 бензинінің 1 литрінің бағасы 150 теңгеге жеткен. Сонымен қатар, «Helios», «Sinooil» жанармай құю бекеттерінде де бензин  едәуір қымбаттаған. Айталық, алдыңғысында АИ-92 маркалы бензин 140, соңғысында 138 теңгеден сатылуда. Еске салсақ, бұған дейін монополияға қарсы күрес органдары бензин бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартқан болатын.     

Жаңа зират ашылады

Астанада жаңа зират салу туралы шешім қабылданды.
Себебі, Елорданың ішіндегі және сыртындағы зираттарда адам жерлейтін жер қалмаған. Көкшетау қаласына шығатын айналма жолдың солтүстік-шығыс жағында орналасатын зираттың жалпы аумағы 460 гектарды құрайды. Жерлеу аумағы мұсылмандар, христиандар, әскерилер және қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқандарға арналған бірнеше секторға бөлінген.

Ұлттық киімдерін киеді

Тәжікстанда енді сабаққа ұлттық киіммен барады.
Елдің Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларын, сондай-ақ, мектептердегі ұстаздарды 1 наурыздан бастап Наурыз мерекесіне дейін осылай киінуге міндеттеп отыр. 21-24 наурыз аралығында тойланатын  Наурыз мерекесінде де олар ұлттық киіммен жүреді. Ресми нұсқауда «тәжік халқының ежелгі дәстүрін қайта жандандыру мақсатында» осындай шешім қабылданғаны айтылған.  
 Байлар байып барады

Шынында да осылай болып отыр.
Биыл әлемдегі сегіз мультимиллиардердің байлығы жер бетіндегі 3,6 миллиард халықтың жалпы жағдайынан асып түскен. Мұндай мәліметтер кедейшілікпен күрес жөніндегі Oxfam ұйымының баяндамасында келтірілген. Әлемде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық барған сайын ұлғая түсуде. Зерттеуге қарағанда, алғашқы триллионер таяу 25 жылдың ішінде пайда болуы мүмкін екен.

Тосыннан келген апат

Қытайда көп пәтерлі үш тұрғын үй құлап қалды.
Осының салдарынан тұрғындар үйіндінің астында қалды, деп хабарлайды «Синьхуа» агенттігі. Оқиға елдің шығысындағы Чжэцзян провинциясының Вэньчжоу қаласында таңғы уақытта болған. Белгісіз себеппен бес қабатты үш ғимарат қираған. Үйінді астынан зардап шеккен адамдар табылып жатыр. Олардың нақты саны әзірге белгісіз. Құтқару жұмыстары одан әрі жалғасуда.

Кімді қызықтырар екен?

АҚШ-та Адольф Гитлердің жеке телефоны аукционда сатылады.
Оны 1945 жылы кеңес әскерлері Гитлердің бункерінен тауып, британдық офицерге берген көрінеді. Офицердің жанұясы телефонды 70 жыл бойы сақтаған. Аукцион үйі бұл телефонды миллиондардың өмірін қиған барлық заманның ең жойқын құралы деп атауда. Әзірге телефонның болжамды бағасы 200-300 мың доллар көлемінде. Бәс сауда 19 ақпан күні өтеді.

Әншінің жұлдызды сәті

Димаш Құдайбергеновты әйгілі әнші Лара Фабиан кездесуге шақырды.
Бұл туралы Димаштың досы әрі ресми өкілі Алпамыс Шаримов хабарлады. Хунань телеарнасының эфирінен көрсетілген «I am a singer» байқауының екі кезеңінде бірінші орынды жеңіп алған қазақстандық әншінің өнеріне бүкіл Қытай халқы таңдай қағуда. Үшінші кезеңде де ол үшінші орыннан көрінді. Байқау 10 кезеңнен тұрады. Әзірге Димаш жалпы есепте бірінші орында тұр. Лара Фабиан да оның дауысына таң қалып, кездесуге шақырып отыр.
Inform.kz. Bag.kz.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар