Кеңбидайық ауылындағы жеке кәсіпкер тұрғын үйге мұқтаж төрт отбасын баспанамен қамтамасыз етті.
Жергілікті шаруа қожалығының басшысы Нұржан Баймұратов осыдан бірнеше жыл бұрын төрт үйді сатып алып қойған еді. Ол үйлер бос тұратын. Кәсіпкер ауылға көшіп келген отбасыларға көмек-қолдау ретінде осы үйлерді тегін сыйға тартыпты.
Сонымен қатар, ол бұл отбасыларға тиісті құжаттарын рәсімдеуге, медициналық көмек алуға да қамқорлық танытуда.
– Өмірде жетістікке жету үшін кейбір сәтте біреудің көмегі қажет болады. Сол кезде мүмкіндігіміз болып тұрса, мұқтаж жандарға көмек қолын созу парызымыз деп білемін. Бүгінгі күні аталған отбасылардың шаңырағының түтіні түзу шығып, балаларының мектепке асыға басқанын көріп көңілім марқаяды, – дейді Нұржан Жақыпұлы.
Қазіргі кезде жаңадан қоныс тепкен отбасылардың өз шаруашылықтары бар. Әйелдер жағы қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Олардың тері және киізден жасаған өнімдері аудан орталығында ұйымдастырылатын сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде сұранысқа ие.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Қорғалжын ауданы.