Бір күндей өте шықты

7 ақпан күні Алматыдағы Универсиадада Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір алтынмен толықты.

Оны бұған дейін әйелдер биатлонында бір мәрте жеңіс тұғырына көтерілген Галина Вишневская жеңіп алды. Бұл жолы да оған 12,5 шақырым жарыста ешкім тең келмеді. Сөйтіп, ол осы Универсиадада екінші алтын медальдың иегері атанды. Бұл – жалпы алғанда, Вишневскаяның осы студент жастар  сайысындағы төртінші медалі. Бұған дейін ол спринттегі алтынына қоса, жеке жарыс пен аралас эстафетада күмісті еншілеген болатын.
Бұл күн сондай-ақ, біздің жерлесіміз, ақмолалық биатлоншы Роман Еремин  үшін де сәттілігімен есте қалды. Ол да ерлер спринтінде бұған дейін қол жеткізген қола медаліне тағы бір күмісті қосты.
Ал, осыдан бір күн бұрын, яғни,
6 ақпанда шаңғыдан ерлер арасындағы 4х7,5 шақырымға эстафеталық жарыста ақмолалық Олжас Климиннің де бағы жанғанын еске сала кеткен абзал.  Ол командалас әріптестері Сергей Малышев, Виталий Пухгалко, Ринат Мухинмен бірге бұл қашықтықта күміс медальды олжалап, ақмолалық спортшылардың осы Универсиадада жалпы жеңіп алған медальдар санын бесеуге жеткізді. Оның ішінде, екі алтын медальдың бірі биатлоншы Алина Райкованың үлесінде де, екіншісі осы Олжас Климиннің өзінің үлесінде. Бұл – кеше аяқталған  28-інші бүкіләлемдік қысқы Универсиадада Ақмола облысынан сынға түскен ұл-қыздарымыз Қазақстан құрамасының табысына лайықты үлес қосты деген сөз.
7 ақпан күнгі   Универсиада жарыстары тағы несімен есте қалды дегенде, бұған дейін командалық есепте Ресей Федерациясы және Қазақстаннан кейін үш алтын медальмен үшінші орында келе жатқан Корея Республикасының осы алтын медальдар санын бірден 11-ге жеткізіп, өз жағдайын күрт нығайтуы деп айтар едік.
Ал, Қазақстан құрамасы 11 алтын, 7 күміс, 17 қоламен бұрынғысынша екінші орнын нық сақтап келеді. Соның ішінде 1 қола Универсиаданың соңғы күні,
8 ақпанда   шаңғышы Сергей Малышевтің 30 шақырымдық сайыста жеңіп алған жүлдесі. Бет қатталып жатқанда, жанкүйерлерді әлі шайбалы хоккейден Қазақстан – Ресей құрамалары арасындағы финалдық ойын күтіп тұрды. Демек,  қоржынымыз тағы да бір алтын не бір күміспен толыға түсері анық.
Осы күндері әлемнің 50-ге жуық елінен екі мыңға тарта спортшыны жинаған қысқы Универсиада ойындары еліміз үшін табысты өткеніне бәріміз де куә болдық. Екі аптаға жуық қарт Алатау баурайын дүбірге бөлеп, ұмытылмас қуанышын сыйлаған байрақты жарыстың кеше кешке  «Алматы Арена» мұз кешенінде салтанатты түрде жабылу рәсімі өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар